БАҚ

Қазақстан Сингапур үшін Орталық Азияға шығатын қақпаға айналуы мүмкін


08.04.2014
0

Қазақстан Сингапур үшін Орталық Азияға шығатын қақпаға айналуы мүмкін

Arman Holding президенті, бизнесмен Серікбай Бисекеевтің айтуынша, Сингапур мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы өте төмен. Осы жағдайды реттеу үшін Алматыда өткен аптада Қазақстан-Сингапур бизнес-форумы өткізілді. «Тауар айналымы өте төмен. Иә, бірлескен кәсіпорындар құрылды, алайда  онда бюрократшылдық мен қиындықтар жеткілікті. Ал аталған нақты іс-шара арнайы шағын және орта бизнесті дамыту үшін ұйымдастырылды», – деп атап өтті  форумның ұйымдастырушысы Серікбай Бисекеев. Сингапурде шағын және орта бизнес жалпы кәсіпорындар санының кемінде 60%-ын  құрайтынын есепке алсақ, форумды ұйымдастырушылардың бизнестің нақты осы түріне неліктен ерекше көңіл бөлгеніне таңғалуға болмайды.

Бизнесмен әрі сингапурлік бизнес-делегацияның өкілі Перси Чанның пікірінше, Қазақстан қазір сингапурліктерге аса танымал емес. Дегенмен болашақта біздің еліміз Сингапурдің Орталық Азиядағы басты экономикалық серіктестігіне айналуы әбден мүмкін.  «Бәлкім, бұл тығыз ынтымақтастықтың бастауы болар. Біз Қазақстанды Орталық Азияға шығатын қақпа ретінде бағалаймыз. Дәл осылайша Сингапур Қазақстан үшін Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына жол ашып беруі ықтимал», – деп атап көрсетті сингапурлік бизнесмен.

Сингапурдің табыстары мен артықшылықтары бүкіл әлемге әйгілі. Бұл – бюрократшылдықты жеңу, бизнес жүргізудің оңайлығы, коррупциялық кедергілердің жоқтығы. Сингапурде тұрып, жұмыс істеп жатқан Серікбай Бисекеев  Сингапурде IT-саласындағы әлеуеттің мықтылығын, мемлекет тарапынан қаржылық және мамандар жұмылдыру жағынан қолдау көрсетіліп отырған жақсы технопарк бар екенін айтты. «Сондай-ақ логистикамен байланысты саланы айта кету керек. Сингапур  логистика бойынша ең бірінші орында,  ал біз велосипед ойлап шығарудамыз. Сондықтан Сингапурге келіп,  осы тәжірибені пайдалану керек», – деп есептейді бизнесмен.Перси Чан Қазақстанның Сингапурге қарағанда үлкен территорияны алып жатқанын, мұнда табиғи және бағалы ресурстардың үлкен қоры бар екенін есте ұстау қажет екендігін айтты. «Біз түрлі саладағы экономикалық ынтымақтастықты ұлғайту үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз.  Географияға келетін болсақ, бізді Орталық Азия аймағы қызықтырады. Біз өз кезегімізде IT, логистика, қоймалық ғимараттар құрылысы сияқты салаларда өз шешімдерімізді ұсынатын боламыз», – деп атап өтті Чан мырза.

Қазір сингапурлік «Джуронг Консалтингс» компаниясы ҚР-дің барлық еркін экономикалық аймақтарын ары қарай дамытудағы кеңесші ретінде белгіленді.   Сондай-ақ олар Атырау облысындағы «Қарабатан» стансасы базасындағы мұнай-химиялық кешеннің бас жоспары мен техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауда.  Сонымен қатар Ақтаудағы теңіз портында    бірлескен қазақстандық-сингапурлік Keppel Kazakhstan компаниясы құрылған. БҚО-дағы мұнай-химиялық кешенінің жобасынан басқа, «Джуронг Консалтингс» компаниясы «Тараз» химиялық паркі» жобасына да қатысуда. Компания қатысатын  жобалардың жалпы сомасы $8 млрд-ты құрайды.

Атап өту керек, бизнес-форум екі елдің шағын кәсіпорындарының өкілдерін бір-бірімен таныстыру  мақсатында ұйымдастырылды. Ынтымақтастықты осы деңгейде жандандыра түсу үшін B2B форматында кездесулер ұйымдастырылды.

Осындай кездесудің алдында «Капитал.kz» апталығы  Халықаралық бизнес академиясы (ХБА) кәсіпкерлік және инновациялар жөніндегі Орталықтың маманы, бизнес-форумға қатысушы Арслан Құдиярмен әңгіме жүргізді. ХБА өкілдері Қазақстандағы бизнес-білімді дамыту мақсатында Оңтүстік-Шығыс Азиядан келген әріптестерімен ынтымақтастық жасауға қызығушылық білдіреді.  «Қазақстандағы бірде-бір университетте шетелдегідей  бизнес-инкубатор жоқ. Осыны есепке ала отырып, біз де жаңа идеялар туғызатын, адамдар жұмыс істейтін инкубатор құрғымыз келеді. Біз ХБА-да идеялар байқауын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз – жеңімпаздарды Гонконг, Израиль және Сингапурге жібереміз. Біз бүгін мұнда Сингапур өкілдерімен жақынырақ танысу үшін келдік», – деді Құдияр мырза.

Форум қорытындысы бойынша қазақстандық университеттің өкілдері гонконгтік әріптестерімен келісімге келді.  Онда cтартап-инкубатор ашу жоспарланды, оны құруға Гонконг университеттері және басқа да әлемдік жоғары оқу орындары  қатысатын болады. Сондықтан Қазақстан мен Сингапур арасындағы қарым-қатынас жақын арада мұнай-химия саласы шегінен де асып, алысқа баруы мүмкін.

Алайда бұл үшін бірқатар мәселелерді шешу керек. ҚР мен Сингапур арасындағы екіжақты қатынастардың басты проблемасының бірі – екі елдің бір-бірінен алыс қашықтықта жатқандығы.

Дереккөз: http://kapital.kz.

Добавить комментарий