БАҚ

Өмірде бәрі ақшамен өлшенбейді


17.04.2014
0

Өмірде бәрі ақшамен өлшенбейді

Серікбай Бисекеев Қазақстанға шетелдік азамат ретінде келеді десек қателесеміз, әрине, ол көп уақыт бойы әр елде тұрып, жұмыс істеді, алдымен – Ресейде, ал қазір – Сингапурде.

Алайда ол туған елінің әрбір-тыныс-тіршілігінен құлағдар болып, әр сәтін сезініп  отырады. Бисекеев – «Арман» корпорациясының президенті, бұл корпорация ресейлік IT-инжиниринг нарығындағы көшбасшылардың бірі болып танылған,  2012 жылы кәсіпкерлік саласындағы халықаралық  Entrepreneur Of The Year Award сыйлығымен марапатталған. Мұның бәрі оған өз уақытын жақында өткен қазақстандық-сингапурлік  бизнес-форумын ұйымдастыруға немесе КИМЕП-те студенттер үшін дәрістер оқуға жұмсауға кедергі келтірген емес.

– Серікбай, студенттер сізді көпке дейін жібермеді, олармен қарым-қатынас жасау сізге қызықты болар, ал оларға ше?

– Маған, шынында да, қызық. Мен өз тәжірибеммен бөлісуді, жастардың аяққа тұрып кетуіне көмектесуді маңызды санаймын, олардың өз жолын табуына көмектесуге тырысамын, олар еліміздің болашағы ғой. Оның үстіне, мен мұны істеуге міндетті екенімді сезінемін.

– Сіз – табысты бизнесмен, барлығына жеткілікті түрде қол жеткізген адамсыз. Өз компанияңызды дамытуға аз күш-жігер жұмсамайды деп ойлаймын. Ал сіз қазақстандық-синга­пурлік бизнес-форумды өткізген бастамашылардың бірі ретінде өз уақытыңызды оны ұйымдастыруға жұмсадыңыз. Мұның сізге не қажеті болды?

– Өмірде бәрі ақшамен өлшенбейді. Шетелде тұрып жатсам да, атамекенім туралы, оған қалай көмектесе аламын деп жиі ойлаймын. Мен патриот деген туған үйінің ескі диванында шалқалап жатқан адам емес, жұмыс орындарын құрып, жаңа технологияларды енгізіп, өз тәжірибесін жастарға үйрететін адам деп санаймын. Әлем Қазақстан туралы, оның байлығы, инвесторларға қажетті мүмкіндіктері туралы барынша көбірек білгенін қалаймын. Мүмкін болашақта біздің елімізді де әйтеуір бір жағынан үлгі тұтып, оған ұқсағысы келетіндер табылар.

– Мұндай іс-шараны ұйымдастыру қиын ба? Оның нәтижелері қандай болғанын қалар едіңіз?

– Оңай емес. Және тек маған ғана емес: Қазақстанға әзірше тек мұнай-газ секторының компаниялары емес, ең бір әртүрлі компаниялардың келуі заңдардың белгілі бір мүдделер үшін қабылданғанын көрсетеді. Мен мұнда шын көңілмен басқа да компания өкілдерін  әкелер едім, бірақ ол үшін жағдай жасап, тек сөз жүзінде қалуды тоқтату керек. Президент инвесторлар үшін қолайлы ахуал жасау туралы көп айтады, тапсырма береді, ал орындалу жағы ақсап жатыр.

– Кез келген ортақ қарым-қатынас, тіпті бизнесте де, екіжақты қозғалыстағы көше сияқты екені түсінікті. Ал егер біздікілер  Сингапурге барғысы келсе, оларды басқаша қарсы ала ма?

– Егер сіздің бәсекеге қабілетті ұсынысыңыз болса,  келіңіз де жұмыс істеңіз – бүкіл әлемде солай. Егер сіз бәсекеге төтеп бере алсаңыз – ешқандай проблема жоқ. Сингапурдегі сияқты дамыған нарықта барлығы тең.

– Осы қиындықтарды сезіне отырып, сіз не нәрсеге жетуді қалайсыз? Қандай мақсатты көздейсіз?

– Біздің Қазақстанда идеялар мен бәсекелестік басымдылықтарға ие ақылды да талантты  жігіттер бар екеніне сенімдімін. Олар өз саласында бірлескен жобаларға қызығушылық танытатын серіктестер табады деп үміттенемін, бұл  қазақстандық кәсіпкерлерді әлемдік нарыққа шығарады. Біздің форум осы үшін ойластырылған, яғни идеялар мен қарым-қатынас жасау шекараларын ашу. Жалпы, атап өтейін, бұл форум шағын және орта бизнесті нысанаға ала отырып жасалды.

– Неге?

– Біз бастапқыда сингапурлік үкіметке ауқымды жобалар мен үлкен корпорацияларды көздемейтінімізді айттық. Шағын және орта кәсіпкерліктің өкілдері аз саясиландырылған, неғұрлым алғыр, шешімді тез қабылдайды. Бұдан мен жағдайды жақсарту мүмкіндігін көремін. Қазіргі мен көріп жүрген басты мәселе – әзірше Қазақстанның әлемге аса танымал еместігі.  Мұндай форумды  көшпелі түрде өткізу өте пайдалы болар еді – әртүрлі елдердегі іскери топтар  біздің мүмкіндіктерімізді, байлығымызды, бизнес жүргізу ережелерін, әртүрлі нюанстарды көрсін.

– Ал Сингапур үкіметі сіздің идеяңызға қызығушылық танытты ма?

– Иә, олар мені қолдады. Қазақстанда қолдау табу маған қиынырақ болды. Менің мақсатым – ең болмағанда, ақпарат алмасу процесін бастау, адамдарды бір-бірімен таныстыру. Неге мен осы Сингапур бизнес-федерациясын шақырдым? Оған осы елдегі әртүрлі ең табысты салалардың 21 000 кәсіпорны кіреді. Ал қазір Сингапур бизнес-федерациясы  біз туралы әзірше білмейтін, бірақ білгісі келетін компанияларға  Қазақстан туралы кең түрде ақпарат бере алады. Олар елдің баяғыда-ақ өзгергенін, мұнда істі жүргізе  алатын білімді, сауатты, бастамашыл адамдар бар екенін айтады. Және біздің жаңа   «Уникальный Казахстан» сайтымыз федерация үшін таныстыру жұмысында жақсы құрал бола алады.

– Көпшілік сіздің істі қалай бастағаныңыздан хабардар болуы мүмкін, дегенмен сіздің бәріне төтеп беруіңізге не көмектесті?

– Бәрі де қарапайым ғана жолмен іске асты, мен әрқашанда ешкім істемеген істі қолға алуға тырыстым. Бәсекеге қабілетті басымдылықты табуға ұмтылдым, бәрі өзіңе байланысты екенін сезіне отырып, өз тауашамды табуға тырыстым. Осылайша, мен өзім үшін өндірістік байланыстарды дамыту қажеттілігін аштым. Немесе зауыт инфрақұрылымын дамыту сияқты тауашаны таптым. Алдымен мен неміс құрал-жабдықтарының дистрибьюторы болдым, сосын  оның өндірісінде ешқандай қиындық жоқ екенін түсіндім. Біз жеке өнімімізді жасай отырып,  бағдарламалар жаздық. Жаңа технологиялар, жаңа процессорлар, жаңа чиптер нарыққа әр жарты жылда шығып отыруы керек,  ал біздің басты бәсекелестеріміз оны өте баяу енгізді. Сондықтан біз тез арада  нарық көшбасшыларының біріне айналдық.

– Сіз компания табысы – көп жағдайда командаға байланысты екенін жиі айтасыз. Команда іріктеуде қандай басты нәрсеге көңіл бөлесіз?

– Ең бастысы – ойлай білу, бір жаңа нәрсе ойлап табу қабілеті. Сондай-ақ жұмыс істеуге деген құлшыныс,  идеялар мен компания миссиясына бар ынтасын салып, құлай берілу де маңызды фактор болып табылады.  Тек содан соң ғана біліктілігіне назар аудару керек,  өйткені білім мен дағдыларды оған біз бере аламыз: біздің компаниямызда кәсіби тренингтер жиі өткізіледі. Біз компания мүдделерін бөлісетін өз адамдарымызды іздейміз.

– «Арман» корпорациясының қазақстандық нарықтағы таныстырылымы қандай?

– Біз жұмыс істеп жатырмыз, жаңа технологиялар әкелеміз, салық төлейміз… Біздің екі кеңсеміз бар: Алматыда және Астанада. Айтпақшы, компания әкімшілік қолдауынсыз Қазақстанда ірі тапсырыстарға қол жеткізді, оның ішінде ұзындығы 1500 шақырымдық Бейнеу – Шымкент газ құбырының, Алматыдағы метроның құрылысы, Қорғаныс министрлігінің тапсырыстары бар.

– Сіз 20 жылдан астам уақыт бойы шетелде тұрып, сол жақта жұмыс істеп жатырсыз. Сізді қазақстандық деп атайтындай әдет-дағдылар мен мәнерлер бойыңызда сақталды ма?

– Әрине! Мен өз тамырымнан қол үзген жоқпын, қазақ тағамдарын жақсы көремін, салт-дәстүрлерді құрметтеймін. Мұнда менің ата-анам, әпкелерім, туыстарым тұрады. Мен мұнда жиі келемін және өзімді елдің тіршілігінен бөле-жара қарамаймын.

Дереккөз:  «Дорогой» журналы, сәуір, 2014 ж.

Добавить комментарий