БАҚ

«Мұхит» елден қыр ассаң тиіп тұр»


30.11.2016
0

«Мұхит» елден қыр ассаң тиіп тұр»

«Көпшілігі бізде теңізге шығатын жол жоқ деп жылайды. Жоқ, достар, қателесіздер. «Мұхит» елден қыр ассаң тиіп тұр». Қандай мұхит туралы айтылып тұр? Еліміздің экономикасын қалай көтеруге болады? Қазақстандық тауарларды қайда экспорттауға мүмкіндік бар? Осы және басқа да көптеген мәліметті менің Forbes-ке берген сұхбатымнан оқыңыздар.

 

***

Бисекеев: Экономиканы өзгерткіңіз келе ме? Бизнеске кедергі келтірмеңіз!

 

Forbes.kz сауалдарына танымал бизнесмен, халықаралық Arman Holding компаниясының негізін қалаушы әрі президенті, «Даму» қорының тәуелсіз директоры Серікбай Бисекеев жауап берді. «Мұхит» тиіп тұр

 

F:Серікбай Жолдыбайұлы, қыркүйекте Алматыда өткен К16 форумында Ораз Жандосов тәуелсіздік алғалы бергі жылдарда Қазақстандағы ең үлкен ЖІӨ көрсеткіші 13% – 2001 жылы тіркелгенін айтты. Бұдан туындайтын заңды сұрақ: бәлкім біздің қиындықтарымыздың барлығы мұнайға байланысты емес шығар?

 

- Барлық түйткілдерге себеп – бизнесмендерге жұмыс жасауға кедергі келтіреді. Мен биыл Минскідегі Жоғары технологиялар паркіне барғанымда, бұған тағы да көз жеткіздім. Президенттері Лукашенко «тексерістермен парк резиденттерінің мазасын алмасын, салық айналымнан 1% мөлшерінде белгіленсін» деп жарлық шығарыпты. Бар болғаны осы. Бұл жүйе онда 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл не берді? Паркте жұмыс жасайтын компаниялардың орташа жылдық өсімі – 28%. Олардың жылдық айналымы – $1 млрд. және бұл ештеңе өндірмейтін, тек зияткерлік еңбекпен, софтпен айналысатын фирмалар. Ал біздің олардан қай жеріміз кем?

 

Меніңше: Қазақстанның экономикасын көтеру үшін ШОБ аяққа тұрғызу қажет. Мұны қалай жасауға болады? Түк қиындығы жоқ: кәсіпкерлерге кедергі келтірмей, салықтық заңнаманы жеңілдетсе жетіп жатыр. Бизнесмендердің басын бітпейтін тексерулермен және есеп-қисаппен қатыруды қойса, кәсіпкерлерге ойын ережелері тайға таңба басқандай түсінікті болса, оларды күрделі бухгалтериядан құтқарса, Қазақстанның экономикасы өрге шығады. Бизнесмендерге пайдалы ешнәрсе өндірмейтін бухгалтерлер керек болмай қалады; мемлекет салық тексерушілердің санын азайта алады (тек ірі жер қойнауын пайдаланушыларды тексеру үшін), сайып келгенде, олар да пайдалы ешнәрсе өндірмейді. Сол кезде бизнестің операциялық шығындары төмендейді, бұл әлемдік бәсекеге түсуге көмектеседі. Мен мұны алдымен ҚР-ға, кейін әлемде де енгізуге ұсыныс беремін. ШОБ үшін бухгалтерияны ойлап тапқандар мұны басқалардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, бұдан ақша істеу үшін жасаған. Бәлкім, біреудің ерттеуімен жүргенді қою керек шығар?

 

F: Алайда бұл бей-берекетсіздікке әкелмей ме, бизнесмендерді тым еркінсітіп жібермей ме?

 

- Әзірге бұл саны көп тексерушілердің бей-берекетсіздігіне әкеліп отыр. Бақылау жүйесінде шенеуніктердің қарасы қалың. Кәсіпкер есеп-қисапта үтірді дұрыс қоймады ма – тексерушілер жетіп келеді де, жан алқымынан алады. Не үшін? Бизнесмендерді үнемі сан-саққа жүгіртпей, ережелерді оңайлатса қайтеді? Бүкіл шағын және орта бизнеске жеңілдетілген салық – айналымнан бар болғаны 1-2% салу керек деп санаймын. Ал ірі компаниялар бұрын қалай төлесе, солай төлей берсін. Шағын фирмаларға осы кедергілерді еңсеруге көмектесіңіз, сол кезде елде өз өнімдеріміз қаптайды. Басқа салаларда да экспорттаушылар пайда болады.

Ал егер бизнесмендердің біреуіне біліктілік жетіспесе – оларды оқыту қажет. Қазір де кейбір ұйымдар оқытумен айналысады, алайда олар әрнеменің басын бір шалып өте шығады. Ал шын мәнісінде, бизнесмен жұмыс жасайтын саланың ерекшелігін ескере отырып, түбегейлі білім беру қажет.

Қазақстанда мемлекет ТМД-ның барлық елдерімен салыстырғанда ШОБ-қа қаржылық тұрғыдан жақсырақ көмектеседі. Алайда ең маңыздысы – қаржылық қолдау емес. Әлемдік статистика бар: білім мен кәсіби машықтарды көтеруге жұмсалған доллар капиталдық шығындарға жұмсалатын салымдарға қарағанда бірнеше есе көбірек әсер береді. Мен қазір Қазақстанда сұраныс туғызбайтын, бәсекеге қабілетті емес өнім шығаратын зауыттарды көріп жүрмін. Олар қайдан пайда болады? Олардың басшыларына стратегия құруды, нарықтарды зерттеуді, бәсекелік артықшылыққа ие болуды кім үйретеді, кім көмектеседі? Үйрететін адам бар ма?

 

F: Бизнесіміз қаншалықты жақсы жұмыс жасаса да, өз өнімімізді экспортқа шығармайынша экономикамыздың өсуі екіталай.

 

- Әрине. Көпшілігі бізде теңізге шығатын жол жоқ деп жылайды. Жоқ, достар, қателесіздер. «Мұхит» елден қыр ассаң тиіп тұр. Мұхитымыз – Қытай. Біздің бизнес Қытай экономикасының қажеттіліктерін зерттеп, өз тауарымызды көршілеріміздің қажеттіліктеріне бейімдесе болмас па еді? Ал мемлекеттік органдар біздің ол жаққа экспортымызды қолдау үшін жағдай жасаса. Қазір бұл салада сәл-пәл қозғалыс бар. Мысалы, біз бұл туралы үш жылдан астам уақыт бойы жазып келеміз. Бұл бағытта мемлекет нақты әрі стратегиялық іс-қимылдар жасайды деп үміттенемін.

 

F: Соңғы жылдары Қазақстанда ауылшаруашылық саласында дүмпу бар: көптеген бизнесмендер жылыжайлар тұрғызып, бақ өсіріп, балық өсіруге қауыздар сала бастады. Ал қазақстандық шенеуніктер біздің ауылшаруашылық өнімдерімізді Аспан асты еліне кіргізу жөнінде Қытаймен келіссөздер жүргізуде. Asia Waters компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Шалқан Нұртілеуов жақында өзінің көрші елге жасаған сапарынан кейін Forbes.kz-ке Қытайда біздің табиғи бөтелкедегі суымызға үлкен қызығушылық танытқанын, онда біздің суымызды экологиялық тұрғыдан таза деп санайтынын айтып берді. Мүмкін көршілерімізді табиғи өнімнің астында қалдыру қажет шығар?

 

- Әрине! Қазір әлемде тапшы болып тұрған біздің органикалық өнімімізге онда үлкен сұраныс болары анық. Қазақстан билігі біздің ауал шарушылығымыздың имиджін әлемдегі ең таза азық-түлік өнімдерінің өндірушісі ретінде қалыптастыру жөнінде ойланса жөн болар еді. Фермерлерге ондай өнімді өсіруді үйрету қажет; аграршылармен тренингтер өткізіп, әр елге қатысты стратегия құратын мамандарды шетелден шақыру қажет; ал шетелде біздің бизнесмендерге өнімдеріміздің көрмесін өткізуге көмектесу керек. Сондай-ақ дамыған елдердің көптеген туристері кептелістен, бетон мен «бәрі қосылған» қонақүйден алысырақ – табиғат аясында демалғанды қалайды. Оларды біздің ауылдарға апарып, табиғи тағамдардан дәм таттыруға болар еді. Тіпті оларға өз қолдарымен жерге әлдене егуді, өсіруді ұсынуға болады. Көп адамдар ол үшін ақы төлеуге дайын. Тәуекелдерді «супербасқару»

 

F: 2015 жылда екі рет қайталанған девальвациядан кейін Қазақстанның Ұлттық банкі жаппай дедолларизацияны жариялады. Сөйте тұра, банктер доллармен несие беруін тоқтатар емес. Өз валютамыз бола тұра, несиені басқа елдің ақшасымен беру қаншалықты ақылға қонымды?

 

- Еліміздің экономикасын адамдарға арнап қажетті өнім өндіретіндер емес, ақшаны алып-сатарлар басқарып отырғаны жасырын емес. Тіпті өз ақшаларын емес, мемлекеттікін пайдаланады. Бұдан не шығады? Мемлекет долларды, еуроны қарызға алады, Ұлттық банк своп жасайды. Одан соң ол ақша мемлекеттік қорларға, мемлекеттік компанияларға және банктерге теңгелей беріледі, бұлардың жағдайы жақсы. Ал банкирлердің мұртын балта шаппайды: олар өз ақшаларын долларда ұстайды. Нәтижесінде шығынға бататын мемлекет. Своп өткізеді: $10 млрд несиеге долларлай алады, ал девальвациядан кейін $20 млрд қайтаруы тиіс (теңгеге шаққанда– F). Содан соң келіп, бюджетте әлеуметтік салаға ақша жоқ дейміз. Егер банктерге, мемлекеттік компанияларға қаражаттарының қалдығын долларда немесе еурода ұстауға тыйым салса, олар теңге жоқ деп жыламас еді. Қазақстанда жұмыс істегілерің келе ме – ақшаларыңды ұлттық валютада ұстаңдар деу қажет.

Неліктен жекеменшік банктерге ақша 2-3% беріледі, олар үстінен ондаған пайыз көреді? Ал кәсіпкерлерге несие 15%-дан жоғары мөлшерлемемен беріледі. Ол аздай несие сомасына теңдей кепілзат ұсын деп ауыртпалық салады. Сол себепті қысқа жіп күрмеуге келмейді. Банктердің өндірушілерден несі артық? Неліктен қолдау бірдей емес? Бұл мәселені шешудің жолдарын іздеу қажет.

 

Сабақтастық және демотивация

 

F: Серікбай Жолдыбайұлы, сіз «Даму» қорының тәуелсіз директоры болып табыласыз. Оның қызметкерлері биыл қордан көптеген бөлім басшылары кеткенін; өңірлерде де ауыс-түйістер болғанын айтып берді. Ондай өзгерістерге не себеп?

 

- Сонымен қатар, мен тағайындаулар жөніндегі қор комитетінің төрағасымын. Бұл жағдайда мен тәуелсіз болуға тырысамын, ешкімнің ықпалына ермеймін. Мен әрдайым сабақтастық болу керек дейтінмін. Қордың қатардағы қызметкерлері басқарма төрағасына дейін өсуге мүмкіндіктері бар екенін білулері тиіс. Қазір оларда ондай сенімділік жоқ және бұл жағдайда көптеген қызметкерлердің меселін қайтарады. Сіздің сұрағыңызға оралсам: топ-басқарушылар деңгейінде елеулі өзгерістер бола қойған жоқ. Ал өңірлердегі болып жатқан жайттарға байланысты мен егжей-тегжейіне қанық болып, жекелей сөйлесуге аттанамын. Алайда бір нәрсені айтпағым: басшылардың Қазақстанның аймағынан екінші аймағына ауысуы – қалыпты жағдай. Ал сырттағы адамды тағайындаған кезде қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасы болмайды.

 

F: Қорға 2016 жылдың ақпанында келген «Дамудың» жаңа басшысы Қаныш Төлеушиннің жұмысына қандай баға бересіз?

 

- Оны бір рет – директорлар кеңесінде көремін. Оның басшылығымен жаңа бағдарламалар әзірленіп, енгізіліп жатқанын білемін. Мысалы, несие өтінімін қысқа мерзімде – бес күн ішінде қарау. Естеріңізде болса, мұндай бағдарламаның қажеттілігі жайында мен осыдан екі жыл бұрын айтқанмын. Бағдарламаның пилоттық нұсқасы іске қосылды, қазір оны дамытуда, бағдарламаға бөлінген қаражат мөлшері ондаған есеге артып, миллиардтаған теңгеге жетті. Жобаға қатысушы-банктердің де саны артуда. Бір сөзбен айтқанда оң өзгерістер бар, жаңа бағдарламалар іске қосылуда. Мысалы, ашықтыққа қол жеткізуге мүмкіндік беретін үдерістерді автоматтандыру жобасы. Және бұл – қордың жаңа басшысының бастамасы. Сондықтан, жаңа басшының жұмысына қорытындыны жыл аяқталғанда жасайық. Бизнес-жебеушінің рөлінде

 

F: Серікбай Жолдыбайұлы, 2016 жылдың сәуірінде сіз «Бәрі де өз қолыңда» деп аталатын кітабыңыздың тұсауын кестіңіз. Өзіңізді жазушы ретінде қалай сезінесіз?

 

- Маған қаншалықты жақсы жазушы екенімді пайымдау, бағалау қиын. Көпшілігі қазақ және орыс тілдерінде 5 мың кітаптан шығарғанымды естіп, таң қалып жатты. Оларды сата алмайсың деді, алайда жарты жыл ішінде біз орыс тілдегі нұсқаны түгелдей дерлік өткіздік. Көпшілігі даму мен бақытқа жетудің басты құралы – «Жетістікке жету күнделігімен» танысты. Қазір қазақ тілінде білім беретін әдебиет аз. Егер оқытатын ешнәрсе болмаса, өскелең ұрпақты қалай тәрбиелейміз? Көпшілігі тіпті оқығысы келмейді. Ресейдегі статистикаға жүгінсек: онда ұдайы оқитын халықтың 1% ғана. Ал елдің басты әлеуеті мен ресурсы адам екенін ескерсек, біз адамға инвестиция құюымыз керек. F: Осыдан кейін сізге кеңес пен көмек сұрап келетіндер саны артқан шығар? - Иә, көбейді. Алайда, өкінішке орай менің уақытым шектеулі. Мен барлығына құрметпен қараймын, студенттермен тегін семинарлар өткіземін. Алайда көптеген бизнесмендер олармен жеке-дара жұмыс жасағанымды қалайды. Сондықтан маған дербес ақылы коучингтер топтамасын жүргізуді ұсынды. F: Сізге қаржылық көмек сұрап та жүгінетіндер бар шығар? Өзіңізді бизнес-жебеуші ретінде байқап көргіңіз келмей ме? - Мені тәуелсіз кәсіпкер ретінде кезекті рет «Стартап-Болашақ» бағдарламасының қазылар алқасына шақырды. Мен байқаудың тұжырымдамасын өзгертуді ұсындым, және биыл бағдарламаның жаңа идеясына сай, төселген кәсіпкерлер стартаптардың капиталына қатысады. F: Сізге ісін жаңадан бастағандардың қандай жобалары қызық? - Өзім көбірек білетін энергетика, ІТ саласы. Алайда мен өзім үшін жаңа ауыл шаруашылығы және органика салаларын да қарастыруға дайынмын. «Жел қозғалтқышқа» жел қайдан соғып тұр

 

F: Сіздің Arman Holding компанияңыз энергетика саласында интеграциялық шешімдер өндірумен және жабдықтаумен айналысады. Сондықтан EXPO-2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы сізге жақын шығар. Қалай ойлайсыз: көрме елімізге тартылатын инвестицияларға жаңа қарқын бере ме?

 

- Қай салаға? F: Дәл сол жаңартылатын энергия көздеріне. - Салаға құйылатын шетелдік инвестициялардың қорғалатынына кепілдік беретін заң қабылданбайынша, ЖЭК бойынша жұмыс жасаудың айқын шарттары жазылмайынша, Қазақстанда күн немесе жел генераторларымен жұмыс жасайтын бірде бір инвестор болмайды. Көмір өндірушілер мен мұнайшылар билікке қарай салған сүрлеумен жүрулерін қоймаса, шенеуніктерге ЖЭК бізге керек емес деп сыбырлауын қоймаса, ондай инвестор келмейді де. Сөйтіп, Алматыны әбден ыстап бітеді. Ал АҚШ пен Қытай сияқты ірі мұнай өндіруші елдер болса, ЖЭК қарқынды түрде дамытуда. Себебі болашақ сонда екенін түсінеді. Себебі бұл – болашақта жейтін нандары. Ал бұдан сырт қалған басқа елдер болса, барлығын көшбасшылардан сатып алып, толықтай соларға тәуелді болып отырады. Бүйте берсек, экспорттаудан қандай түсім түседі? ҚР ЖЭК қауымдастығы 4 жылдан бері Премьер-министр мен Президентке ойын ережесін өзгерту керектігі жайлы жазып келеміз. Алайда, нәтиже жоқ.

 

F: Көрмеге шетелдік келеді де, бізге «жел қозғалтқыштарыңызды» көрейін дейді. Сонда көрсететін дүние таба аламыз ба?

 

- Мүмкін, Ерментауға апаратын шығар. Онда «Самұрық Энерго» мемлекеттің ақшасына желпаркін салды. Жел қозғалтқыштарды әлемде атын ешкім естімеген укриандық өндіруші өндіріпті. Егер мемлекеттік компания оны таңдап тұрса, сенімді жабдық шығар. F: Қытайлық машиналарды сатып алу керек десеңізші тағы... - Әлбетте! Бұл – дұрыс шешім. Себебі Қытай бұл салада әлемдік көшті бастап тұр. Олар технологияларды сатып алады, ең үздік әлемдік инженерлерді тартады. Еуропаның тұтастай ғылыми институттары қазір Қытайда жұмыс істейді.

 

F: Егер бізде сіз айтқандай ыңғайлы заңнама болса, Қазақстанда ЖЭК дамытуды қолға алар ма едіңіз?

 

- Әрине, мен мұнымен айналысып, саланы дамытқым келер еді. Алайда біздің көптеген шенеуніктер – ешқашан әлемдік нарықта бәсекеге түспеген, тек орынтағы үшін бәсекеге түскен шенеуніктер аппаратының өкілдері. Олар бизнесте жетістікке жетпеген, алайда бізде пайдалы әрі тиімді мемлекеттік компаниялар болғанын қалайды. Бұған қалай қол жеткізгілері келетінін түсінбеймін... Нәтижесі – бүгінгі экономика. Мен әрдайым өзімді тек сынап-мінеп қоймай, түйткілдерді шешу жолдарын ұсынатын адам ретінде санаймын. Алайда әзірге естір құлақ жоқ.

Добавить комментарий