БАҚ

Табысты бизнес деген – үнемі ізденісте жүру


22.05.2014
0

Табысты бизнес деген – үнемі ізденісте жүру

Материал «Лица» журналынан алынды, авторы – Нұрдана Кульбаева.

Серікбай Бисекеев – Ресейде жылдың үздік кәсіпкері деп танылған алғашқы...  қазақ. Және біздің отандасымыз мұндай жоғары марапатты  әлемнің ең беделді аудиторлық-консалтингті Ernst & Young компаниясынан алды. Серікбайдың өзі мойындағандай, бұл жеңістен кейін оның алдынан көптеген сырлы есіктер айқара ашылды, кәсіпкер Қазақстанда да өз ісін кеңейтті. Өзінің инновациялық ұсыныстары арқылы ол  мемлекеттік бюджеттің ондаған миллион долларын үнемдеуге себепкер болды, дегенмен Серікбайдың өзі айтқандай, бизнестің дамуы – ол бар болғаны өмірдегі басты мақсатыңа жетудің бір сатысы ғана. Ал оның мақсаты шынында да ғаламдық сипатты көздейді, ол – кедейлікті жеңу… Бір қарағанда утопия сияқты естілгенмен, кәсіпкер оған жету үшін жеті мильдік адыммен, бар күш-қуатын сала отырып қозғалуда, бұл жолда өзінің басты құралы – тәжірибесі мен білімін алға тартып келеді. Серікбай Бисекеевтің феноменін зерттеуді талдаушыларға қалдырайық, ал бізге тек осы бір  бірегей адаммен болған әңгімені назарларыңызға ұсыну ғана қалды.

Осы саладағы өз жолыңызды енді ғана бастаған кезде қандай табыстарға жететініңізді болжай алмаған да шығарсыз?

Бала кезден бастап менің өз ұстанымым болды – ол қашанда ең бірінші болу. Бұл ұғымды қалыптастыруға спорт көп көмектесті. Мен ақшаны институтта оқып жүргенде-ақ таба бастадым: достарыммен бірге Ресейден Балтық жағалауы елдеріне электр құрал-жабдықтарын  тасыдық. Менің ауқатты туыстарым жоқ, мен банктен несие алған жоқпын, алғашқы капиталымды өз еңбегіммен таптым. Отбасында үш бала болдық, үлкені – мен, өзімнен кейін екі қарындасым бар. Отбасына көмектесу керек болды, сондықтан мойныма жауапкершілікті ерте жастан алуға тура келді. Әрине, ол кезде  қандай да бір миссия жайлы ойлаған емеспін. Ұзақ уақыт бойы қор жинадым, содан соң өзімнің алғашқы бизнесімді аштым — Ресейде GSM үлгісіндегі ұялы телефондарды саттым. Сол кезде бірінші рет әлемді өзгерту,  бір қажетті де пайдалы нәрсе енгізу жайлы шындап ойлана бастадым. Менің арманым – адамдарды біріктіріп, нәтижеге бірге жету болды.

Сіз Қазақстанда туып-өстіңіз, ал білім іздеп Ресейге кеттіңіз және сол жақта қалып қойдыңыз, себебі неде?  

Ресейге мен үздік білім алу үшін бардым, Ленинградтағы Калинин атындағы политехникалық институтта оқыдым. ЖОО бітірген соң, көбісі кері оралды, ал мен  дәл сол сәтте Қазақстанға ештеңе бере алмайтынымды ұқтым. Солардың бірі болып, әйтеуір бір механикалық сипаттағы қара жұмысты істеп жүргім келмеді. Мен білімге шөлдедім. Қазақстанға тек нақты бір  білім қорымен, практикалық тәжірибемен келу керек болды. Елді өркендетуге үлес қоса алмасаң, өз кеудеңді ұрғылап, патриот екеніңді айта берудің қажеті қанша?  Менің өмірдегі ұраным: біліктіліктің болмауы және білімсіздік — бұл кедейлік, керісінше, біліктілік пен білімділіктің адам бойынан табылуы – ол ауқаттылық.

Қазақстандағы өз бизнесіңізді қаншалықты белсенді түрде дамытып жатырсыз?

Біз өз тәуекелімізді әртараптандырудамыз, барлық жұмыртқаны бір себетке салуға болмайды. Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс нарығына шығамыз. Қазақстанға қатысты айтар болсам, газ құбырының құрылысына қатыстық, энергетикалық және телекоммуникациялық бөлімдерді іске асырдық. Көптеген адамдар ірі тендерді тамыр-таныссыз алу мүмкін емес дейді. Біз пайдалылығы бірнеше рет дәлелденген екі технологияны енгіздік: майды қажет етпейтін генераторлар ұсындық, калькуляциядан кейін мемлекет бес-алты жыл бойы  30 миллион долларға жуық үнемдейтіні айқын болды.

Ол қандай жоба?

Америкалық, бірақ софт – энергетикалық жүйені басқару – біздікі. Қиындықтар болды… Газ құбыры құрылысымен тікелей айналысатын қытай жағы біздің әзірлемені сатып алғысы келмеді, айтарлықтай шығынға ұшырататын өздерінің поршенді қозғалтқыштарын қоюды жоспарлады. Қазақстанның кез келген жобаға, арзанға жабысып қалмай, қызығушылық танытып, өз кезеңінде қарастыратын уақыты баяғыда туды. Құрал-жабдықтың өзі бәсекелестерден де қымбат болуы мүмкін, алайда он жыл ішінде ол  анағұрлым пайдалы болады.

Өз командаңызды құру оңай болмаған шығар, өйткені күрделі технологияны дамытатын мамандар жоқтың қасы.  Олардың арасында қазақстандықтар көп пе?

99 пайызы – қазақстандықтар, тек бірнеше топ-менеджерлер ғана ресейліктер, олар бизнес-процеске тәжірибелері мол болғандықтан қол қойды.  Бүкіл инженеринг ісін қазақстандықтар жүргізеді, олар үнемі тренингтерге барады, біліктіліктерін арттырып тұрады. Құзыретін көтеру де аса маңызды. Қазақстанда ешкім мұнымен айналысқысы келмейді, олар адамдарды басқа  компаниялар қызықтырып, өз жағына тартып әкетеді деп есептейді. Менің пікірім: жағымсыз нәрсе орын алса, кінәлілерді іздеудің қажеті жоқ, алдымен әркім өзін жөндеп алу керек. Егер өтіп бара жатқан адам темекінің тұқылын жерге тастаса, ұрсудың қажеті жоқ, қоқымды көтеріңіз, қайта сол адам ұялсын. Қашанда өзіңнен бастау керек, егер біреу  сізді жарға итерсе, себебін өзіңізден іздеңіз, демек, сіз  жұмыскерге қажетті жағдайды тудыра алмағандықтан, ол бәсекелестерге кетіп қалды.

Сізден адамдар сырт айналып кеткен кездері сіз өзіңізді кінәлі санайсыз ба, ренжіткен адамға қалай да ықпал етуге тырыспайсыз ба?

Егер адам байқаусызда қателік жіберсе — бұған көз жұма қараймын, егер мұндай жағдай тұрақты түрде қайталанып отырса – бұл клиника, ондай адамдармен жұмыс істемеймін. Егер мені сатып кетсе – ол адаммен қарым-қатынасымды доғарамын. Уақытымды онымен тартысуға жұмсамаймын, одан анағұрлым артық қызықты істерім бар. Көп уақытымды команда құруға, оларға дұрыс мотивация беруге арнаймын. Біз жобаны бірге іске асырып жатырмыз, сондықтан бір-біріміз үшін жауаптымыз. Адамдарға ешқашан арсыздық танытпаймын, тіпті олар маған бағынышты болса да. Шығармашылық пен креатив сыйластық бар жерде ғана туындайды. Қызметкерлермен тең адамша сөйлесемін. Менің кабинетімнің есігі қашанда ашық, әр адам кіріп, менімен әңгімелесе алады, сондықтан компаниядағы көптеген бастамалар төменнен басталады, адамдар өз кеңестерінің іске асқанын және табысты түрде іске асып жатқанын көре алады.

Сіздің компанияңызда қанша қызметкер жұмыс істейді?

Екі жүздей. Біз адамдарды үнемі өзімізге тартып отырамыз. Біреудің көшірмесіне айналған адамдарды outsourcing-ке жібереміз, біздің құзыретімізге айналып үлгергендер бар – ондай адамдарды штатта ұстаймыз.

Сіз несиеге деген теріс көзқарасты ұстанасыз, шынымен оны ешқашан алып көрген жоқсыз ба?

Өткен жылға дейін алмадым, алайда ірі мемлекеттік тапсырыстарға қатыса бастадық, ал оның өзіндік шарттары бар — яғни банктік кепілдеменің болуы. Несиені өз жолыңды бастар алдында, болашағың әлі бұлыңғыр, жоспарың нақтыланбаған кезде алуға болмайды, ал бизнесің жолға қойылған, қаржылық тәуекелдер әртараптандырылған кезде – қандай да бір мемлекеттік келісім аясында  несие алуға болады, бұл біздің бірге екеніміздің, бір қайықта екеніміздің өзіндік көрсеткіші іспеттес.

Өз бизнесіңізді Ресейде емес, Қазақстанда бастағанда, мұндай нәтижеге жете алар ма едіңіз?

Кәсіпкер болатын адамда бұл қасиет туғанда-ақ пайда болады. Бірінші болуға деген тілек менде үнемі болды.  Осы жерде ме, Ресейде ме, Сингапурде ме…маңызды емес — мен бәрібір табысқа жетер едім. Ал мәселеге басқаша келер болсақ, Қазақстанда халықаралық емес компаниялардың көпшілігі сияқты құзырет азырақ болар еді. Мен мұнда ағалармен ішіп, жасырын түрде келісім жүргізер едім – ойын ережесі сондай. Ресейде дегенмен заманауи технология көбірек, өз білімдерімен бөлісетін шетелдіктер көп келеді – сондықтан да қоғам тез алға басуда.

Қазақстанда сізге сақтықпен қарау жоқ па? Сіз мұнда бөтенсіз, алайда  сіздің ережеңізбен жүруге тура келеді…

Шынымды айтсам, маған қалай қарайтындарын ойлап, соншалықты уайымдамаймын. Менің міндетім — өз біліміммен бөлісу. Таныстарым: «Мұны неге айтып отырсың?» дейді. Біз бәсекелестік артықшылықтар және инновациялармен айналысамыз. Айту бір басқа, ал соны іске асырып көріңіз!

Көшбасшылық қасиет табиғатыңызда бар ма, әлде бұл ерекшелік тәрбиемен берілген бе?

Бұл қанымда бар! Менің жағдайымда тәрбиенің еш қатысы жоқ. Мен спорт мектебіне таңғы сағат 6-да кетіп, кешкі 6-да оралатынмын — келем, тамағымды ішемін, сабақ қараймын, ұзақ жыл бойы осылай болды… Мені ауладағы төбелес, сауық-сайран, ішімдік ішу еш қызықтырған жоқ. Үнемі сабағымды оқып, спортпен айналысумен болдым. Көшбасшылық қасиет – ата-бабамнан қалған, менің арғы аталарым басқарушылық қызметтер атқарған. Анамның әкесі Романовтар Әулетінің 300 жылдығын тойлауға шақырылған жалғыз қазақ болған.

Отбасыңызда жиі боласыз ба, олар Сингапурде тұра ма?

Менің әйелден жолым болды,  ол зиялы ортадан, профессорлар отбасынан шыққан.  Мен 35 жасымда үйлендім, ол 22-де болатын.  Өз бойына бірнеше қасиеттерді жинаған адамды табу мен үшін аса маңызды болды, мен өзіммен пікірлес,  серіктес, сүйікті жар әрі болашақ балаларымның анасы бола алатын адамды іздедім. Алла тағала маған сондай адамды кезіктірді. Біздің екі баламыз бар, 7 және 4 жаста. Мен қай жерде жүрсем де, қандай жағдай болмасын оның қолдауына сүйене аламын. Ол менің тәртіпке бағынбайтын жұмыс кестеме түсіністікпен қарайды, әрқашан мені қолдайды және барлық отбасылық шаруаларды өз мойнына алған. Сондықтан мен баратын жеріме алаңсыз барып, өз бизнесімді дамытып жүремін. Дегенмен өз жұмыс кестемді әрқашан мектептегі каникулдар мен маңызды отбасылық оқиғалар кезінде отбасымда болуға қарай құрамын. Бақытымызға орай, қазір қандай қашықтықта жүрсең де ғаламтордың көмегі көп.  Біз үнемі Скайп, Вайбер және басқа да техника ғажайыптары  арқылы байланысқа шығып тұрамыз.

Балаларыңыздың ақшаға деген көзқарасына қаншалықты ықпал етесіз?

Біз – олар үшін басты үлгі тұтатын адамдармыз, олар біз бағалайтын құндылықтардың қандай екенін көріп отыр. Қазіргі уақытта біз  Сингапурдегі пәтерімізді жалға алып, өзіміз таксимен жүреміз. Бірақ біз балаларымыздың болашағын ойламай тұрмаймыз. Біз Сингапурге біздің балаларымыз сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейтін елде өссін деп көшіп келдік. Сондықтан олар үшін қоғамда және жұмыс барысында ерекшеленудің және өзін көрсетудің жалғыз тәсілі – бұл білім мен құзырлылық болмақ. Бала кезінен бастап олар саламатты, тең және интернационалдық қоғамда өседі,  бұл олардың күштірек болуына және ақшаға құнығып кетпеуіне  әсер етеді. Әлемге не пайда әкелетінің одан гөрі бағалырақ.

Қымбат аяқ киім, сағат, аксессуарлар – көп адам мұны табыстылықтың көрсеткіші деп санайды, бұған сіз қалай қарайсыз?

Адамдардың көбінде өзін-өзі кемсіту бар – көп жерде сөз сөйлеген кезде мен мұны жиі айтамын. Олар егер арзан көлікке мініп,  арзан сағат тағып жүрсең,  сені орта қабылдамайды деп санайды. Біраз жас жігіттер  кездесулерде маған олардың неғұрлым толықтау келген көмекшілерін басшы деп қабылдайтынын айтады. Өзіме келетін болсам, мен адамдарды қызықты және қызықсыз деп бөлемін.  Дін, мәртебе, ақшасының бар болуы – маңызды емес.

Ал сіздің сағатыңыз қандай?

Бұл - Nardin, оны досым сыйлады. Керемет сағат, менде сағат болмады деп айта алмаймын, бірақ олар да сыйға тартылған болатын. Жеке тұлға және кәсіби тұрғыда неғұрлым өскен сайын, даңғазалықты көрсететін сән-салтанатты бұйымдар мен үшін соншалықты маңызды емес. Одан гөрі жақын адамдарымның сыйлықтары бағалырақ. Адамдар шынайы көңілмен сыйлайды, жағымпазданбайды, бұл үшін өз шарттарын айтып, өтініш жасамайды. Мен өзім қымбат, сәнді заттарды сатып алмаймын. Бұл мен үшін шығын, олар пайда әкелмейді, тек ақшаны жұтады. Біреу ғажап яхтаға қол жеткізеді де,  жылына бес күн ғана пайдаланады, қалған 360 күн бойы ұстап отырады, ал оған өлшеусіз ақша кетті. Одан гөрі әдемірек яхтаны жалға алып, уақытыңды керемет өткізуге болады және сол арқылы жүздеген мың долларыңды сақтап қаласың,  ал оны жаңа кәсіпорын құруға салуға болады.  Адамдар Парижден үй сатып алады, бірақ онда тұру үшін емес, өйткені ұрлаған ақшаларын бұл жерде алып қояды деп қорқады, ал шетелден үй сатып алса, өзіне-өзі сенімдірек болады. Мен ештеңе ұрламаймын, сондықтан  шамадан тыс шығын келтіретін заттарды сатып алмаймын.

Қымбат көліктер сатып алмайсыз, шетелде үйіңіз жоқ, сіздің мақсатыңыздың материалдық тұрғыны көздемейтіні белгілі болды, сонда сіз не нәрсеге ұмтыласыз?

Менің міндетім – әлемде біліктілікті, құзыретті,  білімді арттырудың жүйелі тәсілін ұйымдастыру деп білемін. Мен үшін білімділік, әл-ауқаттылық пен еркіндік арасында теңдік белгісі тұр. Адамдардың көпшілігі осыны сезінбестен диванда жата бергенді жақсы көреді. Егер маған Қазақстанның үлгісінде білім беру деңгейі мен ұлттың әл-ауқатын өзгертуге мүмкіндік беретін механизм құрудың сәті түссе, оны кез келген басқа елге барып та жүзеге асыра аламын.

Сіздің мақсаттарыңыз биік те өктем сипаттарға ие, саясатқа кету жөнінде ойланбадыңыз ба?

Ондай ұсыныстар болды. Саясатта жүру деген – өз еркің болмау деген сөз, мен еркіндікті қалаймын, қайда ауысқым келсе, сонда барам, ешкімнен сұранып жүрмеймін. Саясаттағы адамдардың көпшілігі нәтижеге жету үшін  қалағанын емес, нені керек етеді – соны айтуға мәжбүр. Мен өз-өзіммен үйлесімділікте өмір сүремін, не істегім келсе соны істеймін, бұл мен үшін үлкен ғанибет.

Сіздің көз алдыңызда және сіздің көмегіңізбен жаңа деңгейге көтерілген   компаниялар көп пе?

Менің кеңес берумен айналысқаныма шамамен бір жыл болды. Көптеген  компаниялар  менің ұсыныстарымды қолдануда, нәтижесі бар.

Сіздің кеңесіңіз қымбат тұра ма?

Тегін.

…Сізбен ақылдасқысы келетіндердің тізімінде есеп жоқ шығар?

Мен өзімнің сөздерімде сын айтып қана қоймаймын, өз пікірімді білдіремін, ұсыныстар айтамын, мүмкін менің мұндай ақылды ойларым біреуге жақпас,  алайда бұл – менің миссиям. Біреумен кездеспес бұрын мен одан Ғаламтордағы базалық ұсыныстармен танысуды өтінемін, менің сайтымда көп сауалдарға жауаптар бар. Мен бүкіл сұрақтарды қарап, оларды топтастырамын да, әртүрлі аспектілерді қамтитын жүйелі жауап қайтарамын. Мен танымал кеңесшілермен, бизнесмендермен бейнесұхбат жасап, оны Ғаламторға саламын,  олардың қызығушылық танытқан адамдар үшін танымдық маңызы зор.

Сіз жинақы адам сияқтысыз,  барлық істі минутына дейін бөліп қоясыз  ба?

Мен бәріне айтамын: күнделіксіз, жоспарсыз сіз ештеңеге де жете алмайсыз. Табыстың 50 пайызы – күнделіктің, үш-бес жылға белгіленген мақсаттың және оған жету қадамдарының бар болуы.

Ernst & Young нұсқасы бойынша, сіз Ресейдегі жыл бизнесмені атандыңыз, сізді жұрт кеңірек тани бастады, осыдан соң алдыңыздан көп есіктер айқара ашылған болар?

Мен ешқашан ешбір байқауларға қатысқан емеспін, өйткені мұндай сайыстардың көбі сатып алынады. Мұндай байқаулардың әділқазылар алқасында адамның қандай пайдалы іс жасағанын өз тәжірибелерінің базасы тұрғысынан ғана анықтайтын миллиардерлер, табысты кәсіпкерлер отырады. Егер ол шикізат сатқан болса – демек, керемет бірнәрсе ойлап тапқан жоқ, егер табысты түрдегі аяқталған бәсекеге қабілетті өнім жасаса — бір мәні бар деген сөз. Адамдар сұрақ қояды: ал Ресейде аяқталған өнімге кім ие және әлемде онымен кім бәсекелесе алады? Ондай адамдар көп емес боп шығады. Мен экономикалық форумда сөз сөйлегеннен кейін көптеген шенеуніктердің маған келіп, алғыстарын білдіргеніне сүйсіндім. Жоғары дәрежелі адамдардың табысыңды мойындағаны бір ғанибет, демек, бізде іштарлық жоқ, қайта құрметтеп, тіпті ынтымақтастық жасауға қабілеттіміз.

Бизнестің қандай саласына қызығушылық танытып, алдағы болашақта  дамытуды жоспарлап отырсыз?  

Телекоммуникациядан бөлек, жаңартылған энергетикаға қызығушылық танытамын, оның болашағы зор. Адам айтқысыз мол қаржыны талап ететін коммуналдық қызмет төлемдерін ешкім төлегісі келмейді, әлем өзгеретін болады, электр станциялары жабылады, бүкіл елдің үстімен өтетін жылу трассалары мен жоғарывольтті  желілер болмайды – ол ескінің жұғындысы. Әр адам электрлендіруді, жарықты, ыстық суды қаншалықты пайдалану және қандай технологияны қолдануды өз бетімен шешуге тиіс.

Біз бұл тақырыпты мұқият зерттеудеміз, бізде ресейліктерден, қазақстандықтардан, немістерден, ағылшындардан құралған керемет команда бар. Біз мұнда Президент айтқан жел паркін салуға тырысудамыз, алайда заң шығарылмағандықтан, мұны әзірше іске асыру мүмкін болмай тұр. Инвесторлар қандай да бір кепілдік жоқ болғандықтан, мұнда келіп, ақша сала алмайды, өйткені өздерінің салған қаржыларын қалай қайтарып алатыны белгісіз.

Дамыған елдерде мұндай заңдар бұрыннан бар, біздің шенеуніктерге ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Жасыл энергетикаға маманданған халықаралық банктер, біздің құжаттарда барлық ойын ережелері жазылмайынша, мұнда келмейді.

Балаларыңыздың болашағын қалай елестетесіз, өз бизнесіңізді оларға  тапсырасыз ба?

Сіз Америкада мұрагерлікке төленетін салық 90 пайызды құрайтынын білесіз бе? Қоғам жалқаулар мен жатыпішерлерді өсіргісі келмейді. Егер Билл Гейтс бәрін мұрагерлеріне берсе не болатынын елестетіңізші? Олар ештеңе істемес еді, өйткені  мотивация жоқ. Жастар өзіндік ізденісте болғаны жөн. Біз тек олардың жақсы білім алып, өздігінен шешім қабылдауына мүмкіндік беруге тиіспіз, сонда барлығы да жақсы болады. Менің ата-аналарыма бірде туыстар келіп,   «Табысқа жететін баланы қалай тәрбиелеуге болады?» деп сұрапты. Олардың жауабы: «Баланы өз қасыңыздан алысқа жіберіңіз!». Мен ата-анамның үйінен 16 жасымда кеттім және менде бәрі де ойдағыдай болды.

Спорт пен табысты қатар алып келесіз, дәл осы спорт адамды жеңімпаздық рухта тәрбиелейді деп санайсыз ба?

Мен спорт мектебінде оқыдым, шамамен жеті жыл  баскетболмен айналыстым, бұл қызықты ойын — қозғалыстағы шахмат деуге болады, қажетті нәтижеге жетудің әдістерін үнемі іздеумен боласың, команданы басқару дағдыларын дамытуға көмектеседі. Спорт бәсекеге қабілетті болуға дайындайды.

Спортшылардың интеллекті төмен деген стереотип бар ғой…

Бұл – адамдар санасына бұрыс уәждемені сіңірген жүйенің нәтижесі. Біз жақсы оқыған азғана сыныптардың бірі болдық. Бізге былай дейтін: жарысқа барғың келсе – оқудан қалма. Мен өзімнің сынып жетекшім мен жаттықтырушыма  спорттағы жетістікті басты нәтиже ретінде қоятын жүйеге бағынбағандары үшін алғыс айтамын. Көбіне спортшылардың оқуына мән берілмеді,  бұл ұстаным өмірде көп адамдардың сағын сындырды. Олар не жақсы спортшы, не жақсы жұмыскер бола алмады.

Сіз қайырымдылықпен айналысасыз ба?

Бізде бұған сай бағдарлама бар, бірақ ол жайында таратпауға тырысамыз. Әлемдегі ең қымбат нәрселердің бірі – еркіндік пен уақыт. Уақыттың ақшадағы өз баламасы бар. Менен бір қайырымдылық жобаны қаржыландыруды өтінгенде, мен одан бас тартамын. Менің өзіме тән артықшылықтарым бар, маған ешкім көмектескен жоқ, алайда сіздің уақытыңызды үнемдейтін бағалы кеңес болуы керек. Осыны адамдарға жеткізуге тырысамын, бірақ көп адам түсіне бермейді. Мен проблемаларды жүйелі түрде шешемін, бұл неғұрлым тиімдірек.

Табысты бизнес – үнемі ізденісте жүру деген сөз. Белгілі бір деңгейде, бұл да - жарыс. Бұл жарыстан шаршайтын кезіңіз болатын шығар, сондайда не істейсіз?

Менің уақыт тәртібім біртүрлі. Аптасына екі-үш рет халықаралық ұшу күтіп тұрады. Көп адамның бұған шамасы жетпейді, бірақ мен бұдан ләззат аламын.  Іскерлік сапарлардан жаңа идеялармен қанаттанып қайтамын.

Сіз ақыл-кеңес беріп үйренген адамсыз, ал сіз үшін ақыл-кеңесіне сүйенетін беделді тұлға бар ма?

Мен үнемі ізденіп жүремін. Америкадағы «Жыл кәсіпкері» іс-шарасында болған кезімде ұлы ақыл иелерінің, әлемді басқарушылардың, ірі  корпорациялардың қожайындарының аузына қарадым да отырдым. Мен өзімді дәп бір Меккеге барып қайтқандай сезіндім.

Мекке туралы сөз қозғаған екенсіз, қазаққа тән қасиеттер бизнес жүргізу стиліңізде де, көзқарасыңызда да, бала тәрбиесінде де өте аз. Өз тамырыңызға қаншалықты жақынсыз, сіз ұстанатын қазақтың салт-дәстүрлері бар ма?

Ақылды адамдардың өзгешелігі сол, жақсы дәстүрлерді қалдырады да, жаманынан арылып отырады. Мен ең үздік нәрселерді бойыма сіңіріп, оны балаларыма  дарытуға тырысамын. Үлкендерге, ағаларына, әпкелеріне деген құрмет Шығыста өте жақсы дамыған. Мұның бәрі балаларды тәрбиелеуде өз жемісін береді.

Болашаққа бір сәт үңілейікші. Өзіңіздің қартайған кезіңізді қалай елестетесіз?

Мен өзімнің зейнеткер болғанымды елестете алмаймын, соңғы күніме шейін жұмыс істейтініме сенімдімін. Біз жасуша өзегін қолдануға жақындап  қалдық, сондықтан жоғары деңгейді бағындырып, жүзге дейін өмір сүріп, жұмысқа қабілеттілігімізді жоғалтпау қолымыздан келеді.  Әлемді өзгертудің сәті түседі деп үміттенемін, мен байлар мен кедейлердің арасындағы айырманы азайтатын механизмдерді табамын. Менің бизнесім – бар болғаны білім мен ақшаға қол жеткізудің құралы ғана, ал менің мақсатым ғаламдық сипатты көздейді, ол – білімсіздікті жою арқылы кедейлікті болдырмау!

Добавить комментарий