СМИ

Ресейдің ең үздік кәсіпкері атанған қазақ жігіті дәріс оқыды


04.04.2013
0

Ресейдің ең үздік кәсіпкері атанған қазақ жігіті дәріс оқыды

Бейсенбі, 4 сәуір 2013 2:24

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ресейдің үздік кәсіпкері» отандасымыз Серікбай Бисекеев қазақстандық студенттер мен бизнесті жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге лекция оқыды.

Әлемдік бизнес кеңістігіндегі аса ірі де абыройлы «Эрнст энд Янг» консалтингтік компаниясы тағайындаған сапалық «В2В» номинациясы бойынша бас жүлдені иемденіп, орыс жеріндегі «Ресейдің ең үздік кәсіпкері» атағына ие болған Серікбай Бисекеевті Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы «Бизнеске жол көрсет» әлеуметтік жобасының аясында шақыртып отыр. Қазақстанның «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы қолдау көрсетіп отырған бұл жоба еліміздегі жас кәсіпкерлердің білігін арттырып, тәуекел жолында ақпараттық және басқа да заңдық қолдау көрсету ниетінен туындаған.Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің ме­ха­ника-математика факультеті ғи­маратындағы «қызыл залда» өткен кездесуге қаладағы өзге де жоғары оқу орындарының студенттері, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жас буын өкілдері мен ілкімді кәсіпкердің кеңесін тыңдағысы келетін түрлі жастағы қатысушылар көптеп келді.Үзіліссіз 3 сағатқа созылған «бизнес кеңесте» кәсіпкер Серік­бай Бисекеев өзінің өмір жолын, өзі туған Қостанай өлкесі мен кешегі кеңестік дәуір кезіндегі Қазақстанның жағдайын, одан кейін оқу-білім іздеп Ресей жері­не жасаған сапары мен Санкт-Петербург қаласында бас­талған бизнес қадамы, әлемдік эко­номикалық дағдарыс, қаржылық операциялар мен әріптестік байланыс орнату сырлары секілді қызықты тақырыптарда тұшымды әңгіме айтты.– Жеке кәсібін бастағысы келетін адамда ішкі сенімділік мықты болуы керек. Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасқан Қазақстандай елде, қазба байлығы мен шикізат көлемі жан басына шаққанда әлем бойынша екінші орын алатын мемлекетте тұрып кәсіпкерлікпен айналыспау, өз бизнесіңді жолға қоймау, шынында да, санаға сыймайтын селқостық деген болар едім, – дейді С.Бисекеев. – Қазақстандағы бизнесті қолдау бағдарламалары мен жастарға жасалған жеңілдіктерді тиімді пайдалана білу керек. Мен сыртта жүрсем де туған жерімде болып жатқан әрбір оқиғаны қалт жібермеймін. Әлемдегі ең озық мемлекеттер қатарынан көрінуді көздеген Қазақ елі үшін қолымнан келген бар көмегімді елдің алды болып ұсынуға даярмын. Бұйыртса, алда ЭКСПО-2017 келе жатыр, егер ұсыныс болып жатса, әрине, өзім басқаратын «Арман» холдингі өндіретін өнімдер мен бизнес жобаларды алға тартар едім.Энергетика, ақпараттық технология, заманауи құрылғылар саласын қамтитын «Арман» холдингі әлемде аты әйгілі ірі компаниялармен терезесі тең әріптес. Өндірістің барлық саласына қажетті сандық техникамен жабдықталған құралдарды сапалы орнату арқылы дүние жүзінде өзіндік абыройға ие болып, брендке айналып келе жатқан компания. Көшедегі кішкене сауда нүктесінен әлемдік ірі техникалық тауар өндіруші фирмаға айналған «Арман» холдингінің негізін қалаушы Серік Бейсекеев ҚазҰУ-де өткен кездесуде қазақ жастарына тағылым аларлық бағалы кеңес пен пайдалы іске жетелейтін соны пікірді жеткізе білді.Қанат ЕСКЕНДІР,«Егемен Қазақстан»

Добавить комментарий