БАҚ

Үлгі аларлық тұлға


29.03.2013
0

Үлгі аларлық тұлға

ІТ саласындағы әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті бизнесті посткеңестік кеңістікте де құруға болады. «Арман» компания тобының тәжірибесі көрсетіп отырғандай, бұған керек ең минималды шарт – мықты, ынталы, ұдайы дамитын топ, сондай-ақ үздік бағыттарға инвестициялардың барынша шоғырлануы.

Серікбай Бисекеевтің оқиғасы – посткеңестік кеңістіктегі ең таптаурын емес жағдайлардың бірі шығар. Біріншіден, «Арман» компаниясының президенті Серікбай Бисекеев – Ресейде кәсіпкерлік мансапқа қол жеткзген қазақ. Екіншіден,оның бизнесін әлемдік деңгейге шығарған сала – ақпараттық технологиялар ресейлік чемпиондар үшін де, қосымша құны төмен посткеңестік табысты компаниялар үшін де тән емес сала.

Оның бизнестің дамуы мен бизнесмен тұлғасына қатысты өзіндік көзқарасы тіпті соны. Жоқ жерден жұмыс бастау (Бисекеев мырзаның өзіне «ойнау» етістігі көбірек ұнайды) және ТМД-да бұл нарықты құра отырып (әңгіме сандық қатты дыбыстағыш жүйе туралы болып отыр), ол пайда болған бәсекелестеріне компания өмірін күрделі әрі қызықты еткендері үшін шын жүректен алғыс айтады. Осы бизнесті ашқан сәттен бастап, жалдамалы пәтерде тұрып, бүкіл табысын осы іске толықтай салған ол қымбат жылжымайтын мүлік сатып алуды кәсіпкер үшін артық деп санайды. Жаңадан бастаған бизнесмендер үшін гранттардың берілуін де құп көрмейді. Оларды зиян әрі кәсіпкерді бұзады деп санайды.

Серікбай Бисекеев қатты дыбыстағыш байланыс нарығындағы маман еместер аудиториясына  Ресейдегі Ernst & Young ұйымдастырған «Жыл кәсіпкері-2012» конкурсынан кейін таныла бастады. Ол байқауда Серікбай финалист атанып, B2B номинациясында марапатқа ие болды. Бисекеев мырзаның өзі еңбегінің еленгеніне қуанышты.

Жоқтан бар жасау

— Серікбай, ең алдымен «Арман» ЖШҚ басты өнімі туралы әңгімелессек. Armtel-дің соны қондырғысы неге саяды? Ол қайда қолданылады? Сіздің басты бәсекелестеріңіз кім?

— Өніміміз – коммутатор-шкаф. Оған түрлі құрылғылар: пульт, қатты дыбыстағыштар, түрлі типтегі сөйлесу  құрылғылары (жарылыстан қорғалған, барлық ауа райында жұмыс істейтін, химиялық төзімді), сондай-ақ, өнеркәсіптік телефондар, транкингтік құрылғылар, бейнебақылау камералары, сигнал құрылғылары және т.б. қосылады. Бұл бірегей қондырғы экономиканың екі секторы: өнеркәсіптік кәсіпорындары мен көлікте шұғыл-технологиялық байланысты құру үшін қолданылады.Біздің өніміміз Armtel деген брендпен шығады – бұл «Арман» компаниясының атауынан шыққан. Алайда бұл Armani брендіне ұқсас болғандықтан, біз ешқайсысымен шатастырмайтындай етіп, Armtel деп атадық. ТМД нарығындағы Armtel үлесі – қырық пайызға жуық, ал дүниежүзінде – он пайызға жуық. Алайда біз әлемде жоқ шешім қабылдадық. Енді біз өнімімізді жүйелі түрде барлық аймақтарға шығаратын боламыз. Біздің тікелей бәсекелестеріміз – неміс, америкалық компаниялар. Анағұрлым танылатындары – Neumann Elektronik, Industronic.

Қандай технологиялар туралы әңгіме болуы мүмкін? Егер бұрын барлық компаниялар ұқсас құрылғылар шығарып, ISDN-стандартын пайдаланған болса, біз жаңа стандарт – IP-ға өттік. Ол бізге үлкен арақашықтықтарда коммутаторсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұндай техника сұранысқа ие, мұнай және газ құбырларында, темір және автожолдарда қажет.Біз тек мекенжайларды жазамыз, және клиентке қымбат коммутаторлар сатып алып, оларды әрбір шақырымға қоюдың қажеті жоқ. Біздің артықшылық – софтта. Оператор мыңдаған шақырымдық қашықтықта отырып, бір түймені басу арқылы бір топ әріптестерін байланыстырып, түрлі аймақтарға хабарландыру жасай алады.

Өнеркәсіптік нысандардан басқа, біз «Ақылды қала» бағдарламасына қатысамыз: адамдар көп жиналатын орындардағы (метро, вокзал, көрме, алаңдар) қауіпсіздікті арттыруға арналған қондырғыны жеткіземіз. Бір түймені бассаң болды – колл-орталыққа шығасың, онда саған қала бойынша қажетті барлық ақпаратты кез келген тілде айтып беріп, милиция мен ТЖ қызметкерлерімен байланысуға көмектеседі. Мұнда құрылғыларды бізге де қоюға болады. Әсіресе, олар Астанада Expo-2017 көрмесін өткізетін кезде қажет болуы мүмкін. Еуропада автожолдарда халықаралық стандарттар бойынша SOS шұғыл көмекке шақыру  бағандары тұрады. Егер біз оларға ұмтылып, ТЖ кезіндегі адамдардың жағдайын ойласақ, әсіресе қыста, біз оны қоя аламыз. Петербордағы айналма жолда, көпірлерде, РФ-дағы туннельдерде қою бойынша тәжірибе бар. Айтпақшы, ҚР-дағы жұмыс бойынша да тәжірибе бар: біз Алматы метросына, Астана әуежайына байланыс жүйесін қойдық, мұнай-газ саласының нысандарымен, Қорғаныс министрлігімен және бірнеше электр стансаларымен жұмыс істедік.

— Осы іске бекіну туралы идея қалай пайда болды?

— Идея Стокгольм бизнес-мектебін бітіргеннен кейін келді, онда басты қағидасы нақты іске бейімделу болатын. Сөйтіп, біз бәсекелестік төмен істі қолға алдық, нарықта тек кеңестік ұқсас диспетчерлік құрылғылар болатын. Нарықты зерттеп болып, біз мұнай-газ компанияларының станоктар мен технологияларға біршама инвестицияқұйып жатқанын, енді оларға инфрақұрылымға: автоматтандыру мен ішкі шұғыл-технологиялық байланысқа қомақты инвестиция құю қажеттігін түсіндік. Әлемдік нарықтағы үздік ойыншыны таңдадық та, онымен серіктестік келісім жасастық. Біз бұл шешімдерімізді Ресейдің ірі мұнай-газ компанияларына ұсына бастадық және олармен ары қарай серіктестік құрдық. Ары қарай мұнай саласынан кейін 2000 жылдардың басында пайда бола бастаған басқа да өнеркәсіп секторлары тартылды. Қайталап айтам, бәсекелестік өте төмен болды, біз нарықты құрып, онда басымдылыққа ие бола алатынымызды түсіндік. Нарықты құру – бұл өте қызық үдеріс. Мен өмірімде бірнеше рет нарық құрып көрдім.

Импорттық қондырғыны сата отырып, біз белгілі бір мерзім ішінде клиенттің шетелдік инженерлер жасаған дүниелердің қызметіне көңілі толмайтынын аңғардық. Отандық клиенттер ееркше заттарды сұрайтын, сондай-ақ біздің өзіндік менталитетіміз бар, біз көп заттарды шетелдіктер сияқты жасап үйренбегенбіз. Осылайша, біз өзіміздің технологиялық әзірлемелерімізді кеңестік жүйелермен біріктіре отырып, өз өнімізді жасайтын уақыт жеткенін түсіндік. Сондай-ақ, біз бағасы оңтайлырақ өнімді жасай алатын едік.

— Идеяның пайда болуынан бастап, клиенттер өнімдеріңізді белсенді түрде сатып алғанға дейін қанша уақыт өтті?

— Көп уақыт өткен жоқ. Клиенттер осы саладағы сарапшылар ретінде бізге сенім білдірді. Біз бүкіл өндірістік және инжинирингтік циклді өзімізге артып қоймай, сапалы өнім жасадық. Платаларды құюды, өндіруді, пресс-қалыптардың өнідірісі мен оған ұқсас жұмыстарды біз өзін мойындатқан әлемдік мамандарға тапсырдық. Біз өз құзыреттілігімізді анықтап алдық: бөлшектерді қытайлықтар да жасай алады, алайда, өніміміздің тұздығы бұл – софт. Сондықтан, Ресейден бағдарламалаушыларды жинап, біз өзіндік софтты жасадық.

— Сіз өз компанияңыз үшін қай аймақтарды әлеуетті нарық ретінде көресіз?

— Біз жылдам әрі ауқымды өсіп жатқан БРҮҚ елдерін назарда ұстаймыз. Үндістанда жұмыс істеп бастадық, БАӘ еліне қарай жылжи бастадық. Кезектегі келесі пункт – Бразилия. Мұхиттың ар жағынан бізбен бірлесіп жұмыс істеу үшін мексикалық дилер келгенде, біз қатты қуандық. Ол біздің өнімнің технологиялық тұрғыдан батыстық бәсекелестерден әлдеқайда мықты екенін айтты.Қытайға бармаймыз, өйткені олар тек көшіруге бейімделген. Ол жаққа сатудың қажеті жоқ, өйткені бір күні көшіріп алады да, оны өздері өндіретін болады. Біздің Германияда, Үндістанда, Сингапурда өкілдіктеріміз бар, алайда біз дилерлермен де жұмыс істейміз. Мысалы, қазір біздің халықаралық сатылымдарымызды басқаратын адам кезінде біздің бәсекелесіміз – Industronic компаниясында жұмыс істеген. Он жыл бұрын маған дилер болуды ұсынған болатын, ал қазір бізде жұмыс істейді. Ол біз чемпион болатын кездің ауылы алыс емес екенін түсінеді, сондықтан бізбен бірге чемпион атанғысы келеді.

— Сіз айналысатын салада нарық қаншалықты өседі деп болжауға болады?

— Мен жылына 20-30 пайызға өседі деп айтар едім. Алайда, мәселе мұнда емес. Барлық посткеңестік кеңістік ресурстарды сатумен айналысады. Ешкім де түпкілікті өнімді сатпайды. «Калашников» пен ӘӨК өнімдерінен басқа бізде экспортқа ештеңе шықпайды. Біз бизнесті басынан бастадық. Ешкімнен грант сұраған жоқпыз. Грант алу зиянды, олар жас кәсіпкерлерді жолдан тайдырады. Сіз алдымен табысқа қол жеткізіңіз, сосын өндірісті кеңейту қажет болса, инвесторлар өздері-ақ тартылады.

— Сіздікі сияқты бизнестің дамуында нарықтың сыйымдылығы қаншалықты маңызды рөлге ие? Дегенмен, әлеуетті тұтынушылар мен ақша көбірек Ресейде ірі компанияға айналу бізге қарағанда оңайлау ғой.

— Мәселе мынада: онда тек тұтынушылар мен нарықтағы ақша ғана емес, сондай-ақ барлық салада кәсіпқойлар да көбірек. ТМД-дағы жақсы мамандарды дайындайтын орын – Мәскеу мен Петербор екені барлығына белгілі. Онда бәсеке мықты. Біздің жылына екі жүзден астам тренинг өткізетініміз тегін емес. Алайда Қазақстан мен бүкіл посткеңестік кеңістік үшін маман даярлаудағы түйткіл мынаған саяды: біз оларды дайындаймыз, одан кейін олар бәсекелестерімізге кетіп қалады. Айтып отырмын ғой, ұзақмерзімді ынталандыру мен нақты мақсатсыз, олар кете береді. Біздің компанияның мақсаты –біздің адамдарымыздың біліктілігін көтеруге үлес қосу; осының арқасында олардың материалдық әл-ауқаты да артатын болады, ал компанияға ары қарай өсуді көздейтін кәсіпқойлар ғана жиналады.Ал Қазақстанда біліктілігі бар, яғни халықаралық стандарттарға сай үлкен жобаларды басқаруға үйретілген адамдар қаншама? Ірі ұлттық компаниялар дайындаған он немесе жиырма адам, ал ҚР-дағы жобалар саны – жүздеген. Егер де біз ірі құрылысты сыртқа бергіміз келмесе, бюджетті ұлғайтпастан уақытылы әрі сапалы етіп салғымыз келсе, тәжірибемен байланыстыра отырып, оқуымыз керек.

— ҚР-да мемлекет бизнеске жақсы қолдау көрсетеді. Және негізінен ресейлік бизнесмендер мемлекеттік қолдау шараларын қуана қабылдайды. Ал сіз қазір басқа тәсілді жария еттіңіз...

— Әдетте барлық елдің кәсіпкерлері мемлекеттен бір ғана нәрсе сұрайды: ол кедергі келтірмеу.Бастысы бизнесмендерді істерінен алаңдатпай, шаршатпаса болды. Ал көмек кәсіпкер өзінің табыстылығын дәлелдеген кезеңде қажет. Ал бізде кәсіпкер грантты алады да, сосын жоқ болып кетеді. Менің пікірім – барлығын бірінен соң бірін жасау керек. Пилоттық жобалар жасау керек, өз ақшаңды тәуекелге байлап, сосын ғана мемлекеттің көмегін пайдаланып, ары қарай даму керек.

 Тәуекелге бел бу – адамдар саған тартылады

— Сіз жаңа ғана сипаттаған үлгі сіздің табысқа жету жолыңызға қаншалықты жақын?

— Біз барлығын өз ақшамызға жасадық. Жиі адамдар посткеңестік кеңістікте жоқтан бар жасап, дүниежүзі бойынша өнім сататын деңгейдегі компанияға дейін көтерілуге болатынына сенбейді. Алғашқы пайдаға көлік пен пәтерлер сатып алмай, ақшаны жинап, іске құя білу керек. Көптеген бизнесмендер ғимарат сатып алады, кеңсе орталықтарын салады. Біз кеңсені жалдаймыз да, ақшаны өз дамуымыз бен құзыреттілігімізге жұмсаймыз. Біз үшін осы қызығырақ. Меніңше, ақша жұмыс істеуі керек, бизнестің дамуына тікелей әсер етпейтін мүлікті сатып алу арқылы, ақшаны құрсауда қалдыруға болмайды. Мен барлық пайдамды бизнеске саламын.

— Негізгі тұрақтаған орныңыз – Санкт-Петерборды таңдауға не себеп?

— Кеңес дәуірінің кезінде, нобельдік лауреат атанған Жорес Алферов еңбек еткен политехникалық институтты тәмамдадым. Жас кезімде мен спортпен белсенді түрде айналыстым, сол кезде маған еліміздің кез келген жоғары оқу орнына түсуді ұсынған болатын. Баскетболмен айналыстым. Маған бұл спорттың қызық болғаны, көріп тұрғаныңыздай, бойым екі метр емес, сондықтан қарсыластарымды тек баспен ойланып қана жеңуім керек болды. Мектепте оқу бірінші орында болатын, жарыстарға тек жақсы оқитындарды жіберетін. Демек, үш алсаң, барлығы жарысқа кеткенде, үйде қаласың. Бұл үлкен септүрткі болатын. Бапкерім Сергей Николаевич Куденко мен сынып жетекшім Людмила Петровна Сторожеваяның алдында басымды ием.

— Сіздің командаңыз қалай құрылды, айналыңызды қоршаған қандай адамдар?— Менің көзқарасымды бөліскен алғашқы адам – Стокгольм бизнес-мектебіндегі үзеңгілесім болды. Көпшілігі тәуекелге баруға қорқады. Алайда, кәсіпкерлікте бастысы – тәуекелге бел буып, бар күш-жігерді салып, жұмыс істеу. Мен пәтерімді сатып жібердім, ол ақшаны жобаға салдым. Сөйтіп, біз компаниямызды құра бастадық. Ізінше бізге сол бизнес-мектепте бірге білім алған, бұрын ірі ІТ-компанияларда жұмыс істеген басқа да таныстарымыз қосыла бастады. Тағы қосарым: біздің компанияда қызметкерді ынталандыруға үлкен мән беріледі. Әрбір қызметке арналған мамандар қоры бар. Және әрбір адам артында сол қызметке келе алатын біліктілігі жоғары дайын тұрған адамның бар екенін біледі. Біз жаңа бағытты аша аламыз, және ол адам сол бағытты басқаруына болады. Сондай-ақ, қызметкердің процестің қожайындарының бірі болуға мүмкіндігі бар. Корпоративтік басқару саласында біз қайтадан велосипед ойлап тапқандай болмайық деп, жаңа үлгіде жұмыс істеуді жөн көрдік. Холдинг елу адамға дейінгі ұжымы бар шағын компаниялардан тұрады. Егер қызметкер үш жыл бойы өзін жақсы жағынан көрсетсе, біз оған опциялық бағдарлама береміз. Нәтижесінде, ешкімді сүйрелеудің қажеті жоқ, еншілес компанияларымыз өте тиімді жұмыс атқаруда.

— Мұндай үлгіні құрғанға дейін қанша уақыт өтті?

— Холдингтік құрылымға біз үш жыл ішінде келдік. Мысалы, біз барлығына өзінің стандартын тарататын бір басқарушы компанияның керек екеніне көз жеткіздік. Ал еншілес компанияларымызды құрған кезде, біз бас компаниядағы мамандарымызды жұмыстың барысын қадағалау үшін жіберіп отырамыз. Яғни, базалық үлгі пайда болады. Алайда, әлденені білмей жатсақ, кеңес аламыз, жақсы үлгілерден үйренеміз.

— Сіздің компанияңызда мамандарды ауыстырудың оңтайлы нормасы қандай?

— Он пайызға жуық. Бізде бұған қатысты өз тактикамыз бар. Компания тиімді жұмыс істеуі үшін білімдері жоғары, корпоративтік құндылықтарға ие басшыларды анықтаймыз. Оларға біз нарықтағы деңгейден жоғары жалақы төлейміз. Ал компанияның көпшілігін құрайтын басқа қызметкерлерге нарықтағыдан төмен төлейміз. Неге? Себебі олар біздің есебімізден оқиды, өздеріне жақсы ат жинайды, біздікі сияқты компанияда жұмыс істеу арқылы имидж жасайды. Бұл біздің компанияға қызмет еткен адамдарды анықтап, оларға дамуға және компанияға да дамуға мүмкіндік беруге жағдай жасайды.

— Қызметкерлеріңіз бәсекелестеріңізге кетіп қалады деп қорықпайсыз ба?

— Жоқ. Мен қызметкерлерімнен «Сізде жұмыс істегендей еш жерде жұмыс қызық болмайды» деген сөздерді жиі естимін.  Бұл қуантады. Команда ұдайы оқып, тренингтерге барады. Барлық корпоративтерді біз таза ауада өткіземіз, бізде ұдайы департаменттер арасында жарыстар өтеді. Сондай-ақ, біз компания аясында балалар үйлеріне, лаңкестіктен зардап шеккендерге көмектесеміз. Балалар үйлеріне көмектесе бастағаннан кейін тіпті, қызметкерлер бірнеше баланы асырап алды. Басшылар жиі қызметкерлері кетіп жатса, ренжиді. Оларды түсінуге болады: олар сенің командаңнан білім алады, машықтанады. Егер сен барлық қызметкерлеріңе пайдалы әрі жұмыс істеу қызықты болатын орта жасай алмасаң, демек, сен адамдарды ынталандыра алмайсың, өз айналаңдағы кеңістікті игере алмайсың деген сөз. Менің ойым – кінәлілерді іздеудің қажеті жоқ, өзің өзгеруің керек.

— Сіз бір ерекшелікті атап өттіңіз: бірқатар шағын компанияларға және бір басқарушы компанияға бөлінген холдинг. Тағы қандай ерекшелікті атай аласыз?

— Тағы қайталап айтам: біз велосипед ойлап таппаймыз, басқалардың оң нәтижелі тәжірибесін аламыз. Ерекшелік ретінде мынаны атар едім: біздің компания – бір-бірін үйретуші құрылым. Жақсы кітапты оқып, қызықты тренингке қатысқан қызметкер кәсіби ақпаратты әріптестерімен бөлісуі тиіс. Мұны барлық жерде түсінетін секілді, алайда кез келген компанияда оқытудың мұндай процесі жолға қойылмаған. Одан кейін біз жаңа ақпаратты аттестаттау сұрақтарына қосамыз да, қызметкерлердің аталмыш материалды қалай игергенін тексереміз. Осылайша, қызметкерлердің құзыреттіліктері ұдайы жетіліп отырады.

Көп адамдар жұмысқа орналасардағы әңгімелесуді – жай сөйлесу деп санайды. Алайда бізде үй тапсырмасы да бар. Орындау сапасына қарай адам компанияға әлдебір жаңа дамытушы дүние әкелуге қабілеттілігін дәлелдейді.

— Сіз тренингтер туралы көп айтасыз. Тақырып бойынша тренингтердің жылдық көлемінің құрылымы қандай? Кәсіби білімді, қарым-қабілеттер мен машықтарды жақсартуға, тимбилдинг және т.б. қанша уақыт бөлінеді?

— Әрине, бизнесмендер ретінде бізді алдымен кәсіби машықтар қызықтырады, бізге әркімнің өз мамандығын дамытқаны керек. Мұндай тренингтер жалпы көлемнің 95пайызын құрайды. Тимбилдингпен байланысты дүниелерді біз әзірлейміз, алайда азырақ көлемде. Барлығы компанияда өз мамандығы бойынша нөмірі бірінші болуға талпынады, белгілі бір бағытты, белгілі бір саланы ары қарай басқаруға тырысады. Себебі біз жүйелік интегратор ретінде басқа да салаларға өтеміз. Бізді қуат үнемдейтін шешімдер қызықтыра бастады: бұл жарықдиодтар, үйкелмейтін беткейсіз жұмыс істейтін генераторлар.

— Тренингті өткізу жүйесі жалпы қалай көрініс табады? Қандай тренингті қай кезде өткізу керектігін қалай бағамдап отырасыз?

— Бізде желілік менеджерлерге арналған стандартты тренингтар бар, бұл міндетті блок. Оның үстіне, әрбір департаментте жұмыстың жылдық жоспары бар, және олар негізгі көрсеткіштер бойынша қалыс қала бастаса, біз осал тұстарды анықтаймыз. Егер мәселе басқарушыда болса, онымен жұмыс істейміз, оған қандай да бір машықтарды дамытуға мүмкіндік береміз. Егер ол бұдан кейін де нашар нәтиже көрсетке, оның орнына басқа адамды қоямыз. Ұжымдармен де солай: біз олардың қабілеттері мен машықтарын дамытуға тырысамыз. Бұл соғыста онсыз боламас, еш нәтижеге жете алмайтындай автомат секілді құралдар.

— Адамды менеджерлік қызметке қабылдар алдында ол бастапқыда қандай машықтарға ие болуы тиіс? Бұл процесс қалай көрініс табады?

— Әдетте басқарушылар біздің қызметкерлердің ішінен шығады. Сондықтан кіші қызметкерлерге де қойылатын стандарттар талап етіледі, оған қоса басқарушылық құзыреттерге ие болуы тиіс. Кейде біз үшін жаңа болып табылатын салаларға сырттан адамдарды тартатын кездер де болады. Процесс түрлі деңгейдегі әңгімелесу түрінде өтеді: үш-төрт әңгімелесу, одан кейін оған үй тапсырмасы беріледі, ол өзінің бизнес-жоспарын қорғауы тиіс. Көп адамдар жұмысқа орналасардағы әңгімелесуді – жай сөйлесу деп санайды. Алайда бізде үй тапсырмасы да бар. Орындау сапасына қарай адам компанияға әлдебір жаңа дамытушы дүние әкелуге қабілеттілігін дәлелдейді.

 Биліктегі бизнес 2.0

— Серікбай, сіз компанияның әлеуметтік жобаларға араласатынын айтып қалдыңыз. Сіз өзіңіз қоғам, бизнес пен биліктің арасындағы қарым-қатынасқа, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі сияқты элементке деген көзқарасыңыз қандай?

— Әркім өз ісімен айналысуы керек. Біз барлығымыз мемлекет әлеуметтік істермен және инфрақұрылыммен айналысуы үшін салық төлейміз. Бизнесмен стадиондар немесе жолдар салуға міндетті емес. Алайда, әркім өзінің кәсіби қызметімен айналысуы тиіс, бүкіл қоғамның дамуы осыған тәуелді. Бұл байланыста үлкен қиындықтар бар – мемлекеттік органдардың басқарушылық қызметі әлсіз. Себебі, ол жаққа жұмыс істеуге ең дарынды әрі еңбекқор адамдар бармайды. Жекеменшік секторда үлкен жалақы ала алатын адам, міндеті көп, алайда айлығы аз жұмысқа бармайды. Ал жоғары деңгейде басшылыққа қолайлылық ұстанымы бойынша адам жинауды тоқтату керек. Егер біз әлемдік экономиканың отыздығына кіреміз десек, жұмысқа біліктілік бойынша қабылдау керек. Ауылдан шыққан әрбір жігіт тәуелсіз компьютерлік тест тапсырып, шенеуніктік қызметке тұра алып, миллиардтаған қаржыны басқарғандықтан, жекеменшіктер секілді жоғары жалақы алуы тиіс. Сингапур осылай жасады – солай жемқорлықты азайтты.

— Біздің саяси жүйеде министрлік қызметтерге бизнесмендерді тағайындау үрдісі кездеседі. Мұндай процестерге қалай қарайсыз?

 - Меніңше, табысқа жеткен бизнесмендер өмірінде материалдық жағдайы түзелмеген адамға қарағанда, мемлекеттік табыс туралы көбірек ойлайтын сияқты. Сондықтан мен бизнесмендерді көбірек тартар едім. Бизнесмендер өздерін нақты мақсаттық көрсеткіштер бойынша бағалағанын қалайды, алдын ала шешім шығару болмау үшін, мұны барлық деңгейге ендіру керек.

— Ал атқарушылық билікте бизнесмендер өздеріне қызық нысан бойынша қандай лауазымдарға келе алар еді?

 — Егер ол іс жүзінде әлденені өзгерте алса, кез келген қызметке келе алады. Алайда, бюрократияшыл инстанциялар бойынша жүріп, аяқ-қолы жіпсіз байланса, мұндай жұмысты кәсіпкерлік тұрғысынан қызықты деп айта алмайсың. Қамшының сабындай өмірді табалдырық тоздырып, өз қалтасын ойлаған ағаларды көндірумен өткізгенше, өзіңе қызықты қызмет түрімен айналысып өткізген жөн.

— Егер сізге бүгінде ҚР Көлік және коммуникация министрі болу ұсынылса, келісер ме едіңіз?

— Жауап беру қиын. Бірақ, келіспейтін шығармын. Себебі, мен алдымен бизнесменмін. Меніңше, саясат – өте күрделі іс, онымен айналысу үшін саясаткер болып туылу керек. Ал мен бизнесмен болып туылғанмын. Политехте бірге оқыған, қазір Мәскеудегі Ақ үйде қызмет атқаратын сыныптастарым, маған ол жақтан бірнеше мәрте жұмыс ұсынған. Алайда мен сан мәрте бас тарттым. Мен барлығы маған байланысты болатын орта құрып, сонда жетілгім келеді. Егер біздің елдеріміздегі мемлекеттік басқару жүйесі жемқорлыққа толы болмай, барлық жерде кез келген бизнес-процестің негізгі ұғымдарын түсіндіруді қажет етпейтін, құзыретті адамдар отырса, бәлкім ол салада жұмыс істей алар ма едім.

— Дәл осы сұрақ, алайда басқаша қырынан: қазір сіздің командаңызға Ақордадан Астанаға көшу туралы ұсыныс түсті делік. Бұл жерде сіздің қызметкерлеріңізге пәтер, кеңсе береді, барлық жағдайды жасайды делік. Осыған келісер ме едіңіз?

— Білесіз бе, біз үшін географиялық аймақ маңызды емес. Команда түрлі ұсыныстарды қарастыруға дайын деп ойлаймын, тек қызықты ұсыныстар болса болды.

— Оның үстіне сіздің Қазақстанда қызықты бір жобаңыз бар...

— Иә, соңғы бір жарым жыл ішінде біз Қостанай облысындағы жел электр стансасына арналған ТЭО жасап шығардық. Жоба құны – жүз миллион доллар. Пилоттық жоба – 48 мегаватқа есептелген станса. Біз бірнеше рет келіссөз жүргіздік, алайда жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірнеше мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Энергетикаға қаржы құятын кез келген инвестор үшін маңызды үш фактор – жер, тариф пен электр қуаты көлемінің тұрақты сатып алынуы. Негізгі түйткіл: заңнама жетілмеген, энергетика нарығындағы инвестицияның қайтарымы бойынша ойын ережелері нақты жазылмаған. Өкінішке орай, сол себепті құрылыс кезеңіне өте алмай отырмыз. Сондай-ақ, менің ұсынатыным: балаларымыз бен немерелеріміз атомосфераға шығарылатын қауіпті заттардың үлкен көлеміне байланысты түрлі аллергияларға ұшырап, қатерлі ісік және басқа да ауру түрлерімен ауырмауы үшін Алматыдағы экологиялық ахуалды шұғыл түрде шешу керек. Көліктерді, ТЭО мен қазандықтарды газға ауыстырып, жекеменшік мекемелерді газдандыру керек. Зиялылардың көп бөлігі Алматыны мекендеп, фашистік газ камерасындағыдай күйді кешуде.

Балық пен оны аулау туралы

— Жұмыстағы отандастарға, туыстарға қалай қарайсыз?

— Біз компания жұмыс істеген уақыттан бастап, біз серіктестермен жұмысқа туыстарды алмаймыз деп келістік. Алайда, Қазақстаннан кеңсе ашқан кезде мен бұл жоспарды біршама өзгерттім. Со кезде мен туыстарыма «мен сендерге балықты сыйлағанша, оны қалай аулау керектігін үйреткенім жақсы» дедім. Менің қарындастарымның бірі канцеляриядағы жұмыс жасап бастап, адал еңбегімен ҚР Кеден қызметінің полковнигіне дейін өсті. Алайда бір жолы мен Астанаға барып, оның аптасына алты күн талмай еңбек етіп, бес жүз доллар алып, тұрмысына әрең жеткізіп отырғанын көргенде, мен оған өз компаниямда жұмыс істеуді ұсындым. Ол барлығымен теңдей аттестациядан өтті. Демек, міндеттері мен оған қойылатын талап барлығымен бірдей болады. Мен оған қорғап, қамқоршылық етпейтінімді бірден айттым.

— Біліміңіз бизнесмен ретінде қалыптасуыңызға қаншалықты көмектесті?

— Мен осыған дейін де айтқанымдай: кәсіпкерге айналмайды, кәсіпкер болып туылу керек. Статистика бойынша, мұндай адамдардың саны бес пайыз. Бұл адамдар сәл ауытқыған жандар. Қалған тоқсан бес пайыз орындаушылар. Ал инженерлік білім маған кәсіпкерлік қабілетімді дамытуға көмектесті. Инженер қаржыгер және гуманитарлық ғылым өкіліне айнала алады, алайда гуманитар инженер бола алмайды. Политехте біздің логикалық ойлау қабілетімізді дамытты, процестерді жүйелеу машықтарын меңгертті. Әрине, мұның барлығы компания құруға көмектесті.

— ҚР-дағы танымал бизнесмен Нұрлан Смағұлов әсіресе дағдарыс кезінде корпоративтік басқарудан гөрі, қолдан басқаруды дұрыс деп санайды. Бизнесті басқаруда жеке тұлғалық факторға қалай қарайсыз?

— Әркімнің өз тәсілі бар. Мен қызметтерді қоластымдағыларға тапсырамын, себебі мен алдағы бірнеше жылға бірнеше бағыт бойынша болжам жасап, білікті басқара алмаймын. Маған әр компанияның өзіндік мақсатты көрсеткіштері болғаны әлдеқайда жеңіл, әркімнің желкесінде тұрып, не істеу керектігін нұсқап отырудың қажеті жоқ. Мүдделердің қақтығысы орын алған жағдайда, біз жиналыс жасап, таласты сәттерді талқылаймыз.

— Компания жұмыс істеп жатқан сала бизнесті жүргізуде маңызды тәсілдер қалыптастыра ма?

— Әрине! Біз барымызды салып еңбек етудеміз, сондықтан тапқан әрбір тиынды бағалаймыз. Ал сен мұнай-газ саласында миллиардтаған үлкен табыстарға қол жеткізген кезіңде ақша мен қызметкерлерге деген қарым-қатынас мүлдем өзгереді. Бір жағынан ақпараттық технологиялар мен компьютерлік бизнестегідей бәсеке де мықты емес.

— Сіздің тәжірибеңіз жас бизнесмендер арасында қаншалықты сұранысқа ие?

— Мен ШЫҰ аясындағы іс-шаралардың бірінде жетістік жолы туралы сөз сөйледім, менің айтқан сөздерім аудиторияның қызығушылығын тудырды: көптеген практикалық сұрақтар қойылды. Менің тастаған ойларым оларға бизнес құруда көмектеседі деген үміттемін. Егер қазақстандық аймақ әкімдері мені қолдаса, мен ҚР барлық облыстық университеттерінде дәріс оқығым келеді. Маған ол оқитын дәрістерім үшін ақша керек жоқ, алайда мен адамдарға қазақстандық ауылдан шығып, әлемдік деңгейдегі үздік бизнесменге айналу мүмкін екенін көрсетіп, олардың көңілдеріне сенім ұялатқым келеді.

Дереккөз мұнда

Добавить комментарий