БАҚ

ҚР кәсіпкерлеріне несие алу талаптары жеңілдетіледі


19.02.2015
0

ҚР кәсіпкерлеріне несие алу талаптары жеңілдетіледі

Еліміздің 28 банкінің және «Даму» қорының басшылары Алматыда сәрсенбі күні 18 ақпанда өткен кездесуде қарыз алушыларға қойылатын талаптарды біріздендіру, банк өнімдерін жеңілдету және бизнестің жариялылығы туралы сөз қозғады.

«Даму» қорында бірегей несие өтінімі, электронды нысандардың шаблоны жасалып, «Даму» өнімдері бойынша банктердің бірегей несие саясаты әзірленуі тиіс деген қорытындыға келді. Осының барлығы алматылық кездесуде талқылауға арқау болды.

Банктік сұрауларды қалай біріздендіру керек

«Даму» басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова жиналғандарға қорда құжаттарын бір банк 86 күн қараған, кейін басқасы өтінімді 20 күнде мақұлдаған клиент болғанын айтып берді. Ал Қызылорда облысындағы кәсіпкерлер банк филиалдарының несиеге өтінімді жүгінген күні емес, тек кәсіпкер барлық қажетті құжаттарды жинаған күні тіркейтінін айтып, шағымданды.

«Даму» директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры Серікбай Бисекеевтің айтуынша, көптеген бизнесмендер әр банкте несиеге түрлі өтінім нысандарының болуына байланысты мемлекеттік бағдарламалар бойынша несиелер ала алмай отырғандарын айтып, шағым білдірді. Оның үстіне, әрбір қаржылық ұйымда микро, шағын және орта бизнесті анықтаудың өзіндік түсініктері мен талаптары бар, бұл мемлекет бағдарламалары бойынша қарыз беруді қиындатады.

- Біздің мәліметтеріміз бойынша жақында тағы $800 миллионға жуық қосымша халықаралық несиелер бөлінетін болады, біз оларды банктер арқылы бағдарламаларға арнап беруге дайынбыз, сондықтан бірыңғай ережелер әзірленгенін қалаймыз, - деді Бисекеев. – Әр банктің нысандарды толытыруда өз талаптары бар. Олардың 80% шамамен ұқсас. Сондай-ақ әр банктің өзінің сұраулары бар. Біз оларды бірге жинап, бір құжат жасап шығара аламыз. Дамыған елдердегідей болуы үшін.

Азырақ білсе – мазасы қашады

Банкирлер әріптестерімен кездесуді пайдаланып, өздерінің көкейкесті мәселелерін талқылады. Осылайша, Халық банкінің басқарма төрағасының орынбасары Станислав Кособоков айтқандай, кәсіпкерлер мен банкирлердің өзара ықпалдастығындағы негізгі түйткіл – бұл бизнестің өзінің және қаржылық есептердің жария еместігі. Ал клиент туралы қосымша мәліметтің жоқтығы банктің несие беру бойынша шешім қабылдау үдерісін баяулатып, несие беру тәуекелдерін ұлғайтады. Әлеуетті клиент неғұрлым ірі, оның жобасы мен кепілдік базасы неғұрлым күрделі болса, ондай кәсіпорынды қаржыландыру туралы мәселе де соғұрлым ұзақ қаралады.

- Ресейге қарайықшы, - деп ұсынды Кособоков мырза. – Онда заңды және жеке тұлғалардың бірегей мемлекеттік тізілімдері бар. Олар арқылы банк клиентке қатысты ақпарат алады. Бізде несие тарихын тек несие бюросы арқылы алуға болады. Ресейде несие тарихынан басқа, базада кәсіпкердің қаржылық есеп-қисаптары да сақталады. Сонымен қатар банктер салықтар туралы мәліметтерді ала алады.

Залда көпшілігі несие беру бойынша шешім қабылдау тектен текке созылмайтынын айтты.

- Несие тәуекелдерінің банктерге жүктелетіні мәлім. Алайда бізге бірыңғай қорландыру стандарттарын жасау керек, - деді «Даму» директорлар кеңесінің мүшесі-тәуелсіз директоры Ораз Жандосов. – Дегенмен ақшаны мемлекет бөліп отыр, және ол осы қаражат арқылы бірінші кезекте банкке емес, кәсіпкерге көмектескісі келеді.

- Сіз дұрыс айтасыз, тәуекелдер банкке жүктеледі, себебі мемлекет қаржысын бөлетін ол, - Тағы да Ресей Федерациясының тәжірибесіне көз тігейікші...

- Мен Ұлттық банктен кетіп бара жатқанда, біз Ресей Федерациясының алдында болатынбыз (банк саласында. - F). Біз оларға сүйенетін күн туды ма?! – деп әзіл-қалжыңы аралас Ораз Әлиұлы сөз қосты.

- Онда да «Даму» секілді қор бар.

- Алайда экономикадағы мәні әлдеқайда төмен.

- Онда былай: бизнеске көмектесу үшін жай ғана мемлекеттік кепілдік береді. Бірыңғай сауалнама-шаблон бойынша шұғыл тексереді. Талаптар бойынша өтсең – ақша аласың. Уақытында жаппасаң – кепілдік тоқтайды.

- Онда сіздердің [банктердің] керектеріңіз қанша? Біз ақшаны өзіміз таратамыз, - деп нүкте қойды Серікбай Бисекеев.

Мемлекеттік қолдауды тек жария компаниялар алуы тиіс

«Даму» қорында банкирлерге жақсы да жаңалықтар жеткізді: 2014 жылдың тамызында қарыз алушының банк үшін құжаттар пакетін жинауын автоматтандыру бойынша жұмыс басталды. Қазірдің өзінде 25 құжатты алтындай уақытыңызды жоғалтып, инстанциялар бойынша алудың қажеті жоқ. Оларды еgov.kz электронды үкімет порталынан алуға болады. Жылдың соңына дейін түгелдей барлық құжаттардың берілуін автоматтандыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 2015 жылдың ақпан айының басында кепілдік беруді автоматтандырылған мемлекеттік қызметтердің қатарына қосқанын айтып берді. Қазір «Даму» осы мәселе бойынша белсене жұмыс жасауда.

- Біз несиелік скоринг жүйесін (несие қабілеттілікті бағалау – F.) таңдаймыз, - деді банкирлерге Ләззат Ибрагимова. – Болашақта қарыз алушыға белгілі бір сомаға кепілдік береміз, оның негізінде сіздер несие бере аласыздар. Бұл қызмет Түркияда жақсы дамыған.

Сонымен қатар Ләззат Еркенқызы қайта субсидиялау үдерісін оңтайландыру туралы айтып берді.

- Барлық қарыз алушылардан олардың салықтық декларациясының көшірмесін алуға келісім береміз. Одан кәсіпкердің қанша салық төлейтіні көрінеді. Осылайша, қайта субсидиялау немесе несиелендіруді создыру туралы шешім қабылдау үшін бизнестің қалай дамып жатқаны белгілі болады. Меніңше, үлкен мемлекеттік қолдауды жария компаниялар алулары тиіс, - деп түйіндеді Ләззат Ибрагимова.

«Даму» басқармасының төрайымы тағы бір жаңалықпен бөлісті: қазір нарықты талдау жүріп жатыр, одан кейін қордың қаржылық құралдарын жетілдіру күтілуде.

- Бізді онсыз да мақтайды, алайда біз бұдан да жақсы болғымыз келеді, - деп мәлімдеді Ләззат Ибрагимова. Ол Банк төрағаларының орынбасарларына сыртқы сарапшылар ретінде жұмыс тобына кіруді ұсынды. Банкирлерден басқа да ұсыныстар түсті. Мысалы, қарыз алушыларға бірыңғай талаптар тек нысан бойынша емес, мазмұны бойынша да қойылса. Атап айтқанда, кепілді бағалауға бірыңғай амал жасау. Сонымен қатар барлық өзгерістер бойынша алдымен пилоттық жобаны іске қосу керек деген пікір де айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша микробизнестегі несие берудің бірыңғай стандарттарын енгізіп бастау туралы шешім қабылданды.

Өзгерістің керектігіне ешкім дау айтпады.

Дереккөз:Forbes

Добавить комментарий