Өмірбаян

Мен 1971 жылдың 3 шілдесінде Қостанай облысының Қамысты кентінде дүниеге келдім. Мектепке Қостанайдан бардым. Онда спортпен, атап айтқанда, баскетболмен айналыстым. Менің бойым аса ұзын болмаған, сондықтан қарсыластарымды жеңудің жолдарын ойлайтынмын. Спорт шеберіне кандидаттық санатым болғандықтан, менде Қазақ ССР-нің кез келген жоғары оқу орнына емтихансыз түсу мүмкіндігі болды. Инженер-конструктор атанып, ең үздік деген кеңестік білімді алып, кеңестік «Мерседестерді» жасап шығаруды армандайтынмын. Осылай арман қуып, Ленинградқа кеттім...

1988 жылы Калинин атындағы Ленинград политехникалық институтына оқуға түстім. Ата-анама салмақ салғым келмеді, сөйтіп, оқумен қатар жұмыс істей бастадым. Бастапқыда коммерциямен айналыстым, кейін құрылыс жасағында жұмыс істедім, спортпен айналысуымды тоқтатпадым, тіпті екінші курста бокстан чемпион атандым. Ал 1994 жылы GSM стандартты ұялы телефондарды сату бойынша алғашқы бизнесімді құрдым. 1998 жылы бәсекелестеріммен салыстырғанда, дағдарыстан аман қалдым. Бұл кәсіп ары қарай дами берді. Уақыт өте келе маған бизнес саласында білім керек екенін түсіндім. Сөйтіп, 1999 жылы Стокгольм бизнес мектебіндегі кәсіпкерлерге арналған курстарға қатыстым. Онда мен метро жанынан ұялы телефондарды сататын дүкендер желісін салу деген тақырыпта диплом қорғадым.Сол бағытта бизнесімді құрдым, ал ол кезде Ресейде бұл қолға алынбаған іс болатын. Алайда бизнестегі серіктесім екеуміздің арамызда келіспеушіліктер туындап, бұл жобаны басқа компанияға саттық.

2000 жылдан бастап, менде «Арман» ЖШҚ компаниясын құру туралы идея пайда болды. Бизнес мектебіндегі курстасыммен бірге қаржы құйып, өнеркәсіптік кәсіпорындарға импорттық диспетчерлік байланыс қондырғысын сату туралы жобаны қолға алдық. Бұл өте қауіпті іс болды, алайда алған бетіміз дұрыс еді: ол кезде барлығы кеңестік қондырғыны пайдалануды жалғастырып, өндіріс технологиясына бар күштерін салды, ал бұл іспен ешкім айналыспады.

Өнімді жұмыс жасалған бес жыл ішінде «Арман» ЖШҚ ЛУКОЙЛ, «Сургутнефтегаз», «НОВАТЭК», «Газпром нефть», СИБУР және басқа да ірі ресейлік кәсіпорындарға жеткізуші болды. 2005 жылдан бастап, «Armtel» деген маркалы сандық диспетчерлік байланыс қондырғыларының өндірісі қолға алынды. 2010 жылы халықаралық жобалар бойынша бөлім өз жұмысын бастайды (Германия, Үндістан, БАӘ, Сингапурда кеңсесі бар).

Бүгінде «Арман» компаниялар тобы – құрамында біліктілігі аса жоғары 200-ден астам маман еңбек етіп жатқан компания. Оның қоржынында – өнеркәсіп және көлік кәсіпорындарының ақпарат алмасу жүйелерін біріктіру саласындағы жобалар бойынша тәжірибе мен тұтынушылар білдірген сенім. Компания клиенттерінің қатарына ірі халықаралық кәсіпорындар енсе, компанияға өз саласын мойындатқан көшбасшылар серіктестік етеді... Алайда, біз мұнымен тоқтап қалмақ емеспіз, үш жылдан кейін «Арман» ЖШҚ өнеркәсіпге арналған жүйелік интеграция саласында көшбасшы атанып, 2020 жылға қарай кешенді инжиниринг нарығындағы (EPC) жетекші орындарды иеленуді мақсат етеді.

2012 жылы мен B2B E&Y санатында «үздік кәсіпкері» атағын иелендім.

2013 жылы маған «Еуразиялық экономикалық ғалымдар клубы» қауымдастығының Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен серіктестік мәселелері бойынша вице-президенті мәртебесін берді.

2014 жылы Алматы қаласында Қазақстандық-Сингапурлық бизнес-форумды ұйымдастырдым.

2014 жылдың шілдесінен бастап, «ДАМУ» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ тәуелсіз директоры болып табыламын.

2015 жылдың шілдесінен бастап,«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ тәуелсіз директоры болып табыламын.

«Singapore Business Federation» федерациясының мүшесімін.

Ашық дәрістер мен вебинарлар арқылы Қазақстанның жас кәсіпкерлеріне қолдау көрсетуге тырысамын.