БАҚ

Өзімізге мойындауымыз керек: бізде қазақстандық халықаралық басқарушылар көп емес!


05.05.2015
0

Өзімізге мойындауымыз керек: бізде қазақстандық халықаралық басқарушылар көп емес!

«Арман Холдинг» компаниялар тобының негіздеушісі Серікбай Бисекеевпен бизнес-ланч

по Серікбай Бисекеев, 43 жаста, «Арман Холдинг» компаниялар тобының (өнеркәсіптік интеграция және энергетика саласында танымал) негіздеушісі Қазір Сингапурда тұратын, Ресей азаматы болып табылатын қазақ. Өмірінде ешқашан мемлекетке, «бөтен біреуге» жұмыс істемегенін мақтан етеді. Қостанай облысындағы ауылда дүниеге келген, Ленинградта оқып, тұрған, онда өз қаражатымен инжинирингтік компания құрады. Мамандануы – ІТ-технологиялар және энергетика саласындағы зияткерлігі жоғары өнім. Тапсырыс берушілерінің арасында ЛУКОЙЛ, «Сургутнефтегаз», «НОВАТЭК», «Газпром нефть», СИБУР сияқты алыптар бар. Үш жыл бұрын Қазақстанның гүлденуіне өз үлесін қосу үшін жеткілікті дәрежеде тәжірибе мен білім жинақтадым деп шешті. Тарихи Отанға прогрессивті технологиялар әкелу қаншалықты қиын, «ҚазМұнайГазда» тендерде адал жолмен жеңу мүмкін бе, бюджеттік қаражаттар қандай кәсіпорындарға бөлінуі тиіс – «Арман Холдинг» компаниялар тобының негізін қалаушы Серікбай Бисекеевпен сұхбат осы жайында болмақ. - Сіз өткен жылы «Даму» қорының директорлар кеңесіне кірдіңіз және ағымдағы жағдайды талдауға, атап айтқанда несие берумен байланысты мәселені зерттеуге кірісетініңізді айттыңыз. Белгілі болғандай, «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында «Даму» қоры арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға 50 млрд теңге бөлінетін болады. Бұл қаражаттың қайда бағытталатынымен байланысты жағдай өзгере ме? Жылдық 6%-бен арзан несие алудан үмітті бизнесмендердің кезегі бар ма? - Әрине, айырмашылық жер мен көктей. 2008 жылға дейін «Даму» қорына мемлекет 2 млрд долларға жуық қаражат бөлді, біз несие қайтармау жөнінен әлемде алдымызға жан салмаймыз. Әйтеуір, осы ретте біріншіміз. Бүгінгі таңда жағдай әлдеқайда жақсарды: мерзімі өткен несиелер жоқтың қасы. Бұрын «Даму» несиелерді барлық тілек білдірушілерге өз бетімен таратып келді. Алайда жаңа команда келісімен (олармен жұмыс жасау маған ұнайды) оңтайлы қадамдар байқалуда: командада банктерде, жетекші қаржылық институттарда жұмыс тәжірибесі бар кәсіпқойлар көбірек. Тәуекелдер жүйесі құрылды. Бірқатар шаралар тікелей қор арқылы несие беруден алыстауға мүмкіндік берді, қазір бұл бүкіл әлемдегідей банктерге тапсырылды. Алайда қазір бюрократияшыл жүйе қалыптасты. Алайда мен кәсіпкерліктен хабарым бар тәуелсіз директорлардың бірі болғандықтан, әріптестеріме «Жігіттер, біз сонда не үшін жүрміз? Біз банк емеспіз, біз шағын бизнесті дамыту үшін кедергілерді алып тастауға міндетті органбыз» деймін. Сондықтан біз қазір несиелерге, кепілдіктерге қол жеткізудегі кедергілерді алып тастау үшін бар күшімізді салудамыз. - Ал қандай кедергілер бар? - Ең қарапайымы – несие алатын өтінім. Түрлі банктерде олардың әртүрлі екені анықталды, ал ақша бір мемлекеттікі. Менің айтпағым: барлық банктерге бірдей өтінім үлгісін жасауға болады емес пе. Себебі кейін үтір дұрыс қойылмады немесе сызықша артық деп, оны өтінімімен қоса келесі айларға қалдырмауы үшін несие алушы өтінімді «Дамуда» толтырса. Осындай болмауы үшін біз бірыңғай электронды шаблон жасап, шалғай жерлердегі бизнеске құжат рәсімдеуде көмектесулері үшін «Дамудың» барлық 16 филиалын онымен таныстыруды ұсынып отырмыз. Кәсіпкер бұл жағдайда алақан жаймайды. Оған әр банкке жүгіріп жүру қажет болмай, керісінше өзіне жақсы жағдай іздеп, банктер арасында тендерді ұйымдастыратын ол болады. Мұндай болып көрмеген ғой. Бұл қазір банкирлердің төбе шашын тік тұрғызуда. - Әрине. Олар ақша беріп отыр ғой. Келіп, иіліңіздер дейді... - Иә, олар өздеріне келіп, алақан жайғанға үйренген. «Біз бұрынғыша қалғанын қалаймыз!» дейтіні түсінікті. Ал біз мұны өзгертейік дейміз. Президент ашықтық, жемқорлықпен күрес туралы айтып отырады емес пе... Бұл біздің қолымыздан келеді деп ойлаймын. - Алайда, шынтуайтына келгенде ақша олардікі емес, мемлекеттікі ғой... - Мен де осыны айтам: «Ақша сіздердікі емес! Қордың ережелерін басшылыққа алу керек». Біз тәуелсіз ұйым боламыз деп сенемін. - Банктердің кәсіпкерлерге несие беруден бас тартулары туралы статистика бар ма? - Ондай статистика жоқ, алайда ақ-қараны ажырату үшін оны жасап, бас тарту негізді екен-еместігін тексеру үшін банктерден есеп алу керек. - Ал «Дамудың» тиімділігін қалай өлшеуге болады? - Меніңше, біздің тиімділігіміз «Дамудың» қанша қаражат тапқанымен емес, біз несие берген кәсіпорындардың салық төлемдері қаншаға өскенімен өлшенуі керек сияқты. Бұл болашақта барлық кәсіпорындардан бюджетке түсетін салықтардың түсімін қалай жақсарту керектігі туралы шешім шығару үшін қажет. - Бұл олар үшін ұзақ әңгіме сияқты ғой... - Иә, бұл олар үшін ұзақ әңгіме. Алайда, осы жолмен жүруіміз керек шығар. Осы үшін біз салық қызметінің басшысымен кездестік, Сенесіз бе, бұған дейін «Даму» кәсіпкерлері туралы мәліметтерді салықтық ақпаратпен ешкім біріктірмепті. Нәтижесінде банкте кәсіпкерді ТЕКСЕРУ өте ұзақ жүрді. Себебі онда жылдам шешім қабылдау үшін жеткілікті ақпарат болмады. - Ал сіз біздің қоғам үшін мұндай ілгерішіл көзқарастарыңызбен «Даму» директорлары кеңесінің құрамына қалай келдіңіз? Сізді шақырды ма? - Мен таңғалдым. Алайда мені алдымен Астана экономикалық форумында Ғалымдар клубы спикер ретінде шақырды. Мен сөз сөйлеп болғаннан кейін «Даму» басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова келіп, оларға мен сияқты адамдар керек екенін айтты. Қорда көбінесе бұрын мемлекеттік шенеунік болғандар жұмыс жасайды екен. Оған мен: «Сіздерге кері байланыс арқылы барлық шындықты айтып беретін кәсіпкерлер керек», - дедім. Ол: «Жұмыс жасап көрейік», - деді. - Алайда сіз соңғы кездерді санамағанда, бұрын Қазақстанда жұмыс жасап көрген жоқсыз ғой? - Менің көмектескім келді. Мен қарап, бизнес-үдерістерге баға беріп отырамын. Және қазір қор басшылыққа алып отырған стратегия жетілдіруді қажет етеді деп санаймын. Сондықтан бизнес-үдерістердің трансформациясын, компания қызметкерлерінің аттестатталуын және т.б. ұсынамын. Мұның реттелген нұсқасы бәрінде бар деп айтуға келмейді. Алайда егер біз әлдеқайда тиімді болғымыз келсе, біз барлық үдерістерді бизнестегідей реттеп, адамдарды ынталандыруымыз керек. - Сіз бұл өзгерістерді дәл қазір жасау мүмкін деп санайсыз ба? - Мүмкін деп санаймын. Егер менде мұны қалай жасауға байланысты шешімді ұсыну мүмкіндігі туса, мен оны пайдаланамын. Бізде депутаттардың, саясаткерлердің, сарапшылардың көпшілігі тек сынауды біледі, ал әлдене ұсынуға келгенде үндері шықпайды. Себебі олардың бірде біреуі бәсекеге қабілетті бірде бір кәсіпорын құрған жоқ. Сондықтан олар ең бастысы – өлшенуі тиіс мақсаттарды анықтап, оларға сай құзыреттіліктер жеткіліктілігін анықтай алмайды. Және министрлер белгілі бір мақсаттарға қол жеткізбей жатып, соларға неге қол жеткізбегеніне қатысты қырық бес сылтау айтады, алайда ары қарай жұмыс жасауын жалғастырады. - Сіз соңғы кезде Сингапурда тұрасыз, сингапурлық бизнесмендерді Қазақстанға инвестиция құюға шақырасыз. Ал қай салаға қорықпай шақыруға болады? - Мәселе басқада. Біз үнемі инвестициялық жоспарларымыз және біздегі тартымды инвестициялық ахуал туралы жар саламыз. Әрине ол үшін көп нәрсе жасалуда. Алайда тартымдылық барлығына таралуы үшін ашықтықты көбейту керек. Ал қандай да бір шорт-парақтар, квоталар болмады ма, ол тізімге кім кіре алады, кім кіре алмайды. Егер олар ашықтықты қосса әсері болады. Алайда бұл осыған дейін жұмыс істемей келді. Неліктен? Себебі бұл инвесторлар үкіметке сөзін өткізе алса жұмыс жасайды. Мысалы, премьер-министр Қытайға келгенде, олар мәмілелер жасасады. Себебі премьер-министрдің өзі оған кепіл болады. Егер әлемдік рейтингте біздің жемқорлығымыз жоғары болса, біз қалай өзімізге сенгенін және инвестиция салуға қорықпағанын тілей аламыз? Ал Сингапурға барлық экспаттар неге барады? Себебі онда инфрақұрылым Америка немесе Германиядағыдан жақсырақ... Балалар әлемнің ең жақсы мектептеріне барады, әлемнің ең үздік университеттерінде жоғары білім алады. Қандай қиындық бар? Бар мәселенің шешуі – бізде жағдай жасау керек. Сол кезде адамдар бізге ағыла бастайды. Ал біз болсақ, мұнай мен газдан қыруар қаржы тапсақ та, Сингапурдағыдай қылмысты азайту үшін барлық қалаларда бейнекамералар мен серверлер орнатып, адамдардың қауіпсіздігін ұйымдастыра алмай отырмыз. - Иә, бізде тек капитал салатын салалар мұнай мен газ... - Дәл солай! Алайда Kaznex Invest-те, және инвестициялар мен даму министрлігінде дамудың басқа салалары ұсыныла бастады. Басқа салалармен: машина жасаумен, ІТ, туризммен, логистикамен дәне т.б. айналысу туралы айтылуда. Тек мұнай емес. Ал соңғы жағдайларға байланысты мұнай да барлық қиындықтың емі болмай отыр. Және Қазақстан мұнайшылары да өздерін бұрынғыша сенімді сезінбейді. Осы уақытқа дейін олар тіпті есірткі бизнесіндегілерден де жоғары пайыздарды алып келді. Себебі тапқан ақшаларын адал жұмсамады, мысалы «көз қысты, бармақ басты» тендерлер арқылы. Құбырларды кім салатынын қараңыздар. Әлемде олардан басқа табысты компаниялар жоқ секілді тек бір компаниялар салады. - Сіз олардың қатарына қалай түстіңіз? Сіздің «Қазмұнайгазбен» келісімшартыңыз бар ғой? - Иә, энергетикалық шешімдерді жеткізу бойынша бар. Маған сендіруге көмектескен жалғыз тәсіл – мұның іс жүзінде жұмыс жасайтыны туралы жазылған премьерге ресми хат. Оның жайы мынадай. Президент кезінде өнеркәсіптік кәсіпорындар құрыңдар, жаңа технологиялар әкеліңдер, жұмыс орындарын ашыңдар деді. Мен оны тыңдадым да, келдім. Бұл үш жыл бұрынғы оқиға. Қазақстанда жоқ технологияны: беткейі үйкелмейтін генераторды әкелдім. Бұл майды кез келген қозғалтқыштағыдай ай сайын ауыстыру керек емес деген сөз. Демек, май ауыстыруда ұрлық жасауға болмайды. Бұл 10 жыл бойы ақшаны 300-400%-ға үнемдеуге мүмкіндік береді. Мен тендерге қатыстым, бірақ маған «біз сізді қарастыра алмаймыз, себебі бұрын-соңды көрмегенбіз» деді. Сөйтіп, үкіметке хат жазуға тура келді. Осыдан кейін маған технологияны күш түсіріп сынап, көрсетуге мүмкіндік берді. Сол кезде «Мынау расында тиімді екен!» деді. - Сонда премьерсіз болмайды ғой? - Қайтпау керек! Қанша қазақстандық үлеспен өндірсек те, мемлекет бізді қолдамайды. Біз өтінім береміз, ал ұтатын сатып алу бағасы төмен түрік, қытай компаниялары. Ал 2 жылдан кейін ол жабдықтың менікінен қымбатқа түсетіні ешкімді қызықтырмайды. Себебі ондай жабдықты ай сайын жөндеп, майын ауыстыру керек. Себебі олардың қарым-қатынасы шаруаны түсетін адамның қарым-қатынасы емес: себебі шаруаны түсінсе, ұзақмерзімді перспективада өзінің пайдалану, күрделі шығыстарын үнемдеуге тырысады. Ал бізде тендерлер «кім арзанырақ сатса» деген қағидамен өткізіледі. Мемлекеттік сатып алудағы қағидаларды өзгерту керек. Мысалы, егер автожолды салу және жөндеу тендерінің жеңімпазына Финляндиядағыдай өз жолына 20 жылға кепілдік беру керек делінсе, біз жолдарды жыл сайын жөндемес едік, есесіне тамаша жолдарымыз болар еді. Себебі ешкім асфальттің қоспаларын ұрламас еді, мемлекет қаражатын үнемдер еді. Қазақстанда тендерлер бойынша осы стандарттарды қабылдаңыздар, сол кезде өмір бірқалыпқа түседі. - Меніңше, бізде бұған қатысты басқа көзқарас қалыптасқан: мемлекеттікі – демек ортақ, егер ортақ болса – ешкімдікі емес, егер ешкімдікі болмаса – ендеше менікі. - Сондықтан да мен шешім қабылдайтындар үшін КРІ өзгертейік, сол кезде көзқарас өзгеріп, кейін мемлекеттік қаражатқа деген ықтиярлы қарым-қатынас пайда болар деймін. - Осыған байланысты Ұлттық қордан бөлінген әлгі 50 млрд ақшаның қайда жұмсалатынын нақтылағымыз келеді. Қаражат өңдеу саласындағы ШОБ кәсіпорындарын қолдауға бағытталады делінген. Осыншама өңдеуші кәсіпорын табыла қояр ма екен? Өткен дағдарыста қаражаттың қомақты бөлігін сауда саласының кәсіпорындары алған болатын. - Сіз дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Егер ол ақшаны автомобиль жинаумен немесе соған ұқсас іспен айналысатын компанияларға таратып берсе, ақша жоқ болады. Олар соншалықты не өндіріп жатыр? Екі бұранданы бекіткені ме? Ал маған олар жұмыс орындарын ашты деп жауап береді. Алайда бізге жұмыс орындарын бәсекелік артықшылықтарымыз бар басқа салаларда ашу керек. Мен оларды қолдаудың қаншалықты қажеті бар екенін түсінбеймін, алайда мемлекет қолдайды. Білмеймін, бәлкім бұл әлдекімнің бизнесі шығар. Алайда мені қынжылтатыны: олардың ақшаны құртып жатқаны. Өзіндік технологиясын жасап шығарып, оның қазақстандық нарықтағы өміршеңдігін дәлелдегендерді қолдау керек, ал олардың халықаралық нарыққа шығуына мемлекет көмектесуі керек. Бұл қалыпты жағдай. Алайда қазіргі таңда бізде әлемдік нарықта бәсекелік артықшылықтары жоқ кәсіпорындарды қолдайды. Сонда адамдар жұмыс орындарын ашқандарға қол соғады да, өздері мемлекеттің демеуқаржысының арқасында өмір сүреді. Ол кәсіпорындарға ұдайы қаражат құйылып отырады, алайда ол инвестициялардың қашан қайтарымы болатынын ешкім білмейді. Мұны біреу санап көріп пе? Бәлкім, нәтижесінде миллиард доллар құйып, жүздеген адамдарды асырап отырған болып шықсақ ше. Және ол ақшаны ешқашан қайтара алмайтын болсақ. Бәлкім көбірек жылыжай салып, Қытай немесе Ресейге өнім өткізу арзанырақ шығар? Біз бүгінгі таңда дербес табысты бизнесмендер көп емес екенін мойындауымыз керек! Алайда бұл қатып қалған дүние емес, жай осы жағдайда тиімдірек дүниемен айналысып, ақылды ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. - Демек, қазір басымдылықтар қайта қаралып, қай салалардың бәсекеге қабілетті екенін, қай салалардың қабілетсіз екенін түсіну керек қой? - Иә. Алайда бізде мұндай жоқ. Бізде кімді әлдекім қолдаса, сол алады. - Таңғалып отырмын, ендеше сіз мұнда жаңа генерацияға несіне қаражат салып жатсыз? Қателеспесем, Қостанай облысында ғой деймін. - Мен президентті тыңдадым, ол болашақтың энергиясын өндіруге шақырды. Мен инвестицияммен келдім, қаражат құйдым, сөйтіп үш жыл бойы халықаралық стандарттар бойынша заңдардың жазылуын күтіп отырмын. Себебі бұл бизнесті халықаралық банктер қаржыландырады. Мұны барлығы біледі. Үкімет те біледі, алайда осымен төртінші жыл болды, сол заңдарды жазып бола алмай жатыр. Осымен үшінші министр ауысты, заңдар әлі де жоқ. Алайда шаблондар, әлемдік үлгілер бар емес пе? Қайтадан әлдене ойлап табудың қажеті қанша? - Қазақстанда «жасыл» энергетиканы дамытуға байланысты материалдарды қарап шықтым: өндірістің үлкен бөлігі болашақта дәстүрлі түрлер – ТЭС пен ГЭС-ке тиесілі болады, кейін АЭС салынады. 2050 жылға қарай жаңартылатын қуат көздерінен 50% өндіріс – бұл алыстау сияқты. - Мұны үкімет реттейді. Одан да көбірек бола алар еді. Алайда мүмкіндік бермейді. Себебі тепе-теңдікті қалай ұстауды білмейді. Егер жел болса, электр энергиясы өндіріледі, ал жел болмаса – энергия болмайды деп ойлайды олар. Ал шын мәнісінде, үдерістерді басқара білу керек. Ол үшін орнын басатын дүниелер салу керек, Smart Greed сияқты ақылды желілер керек. Алайда бұл бағдарламаны ешкім жүзеге асырмайды. Ақылды желілердің құрылысына тағы да қиналмастан халықаралық қаражаттарды тартуға болар еді, алайда ол үшін тағы да заң керек. Ал 2050 жылға қарай электр қуатының 50% жаңартылатын қуат көздері есебінен өндірілетіні шындық. Халықаралық сарапшылар ақымақтар емес қой, олар өз сөздеріне жауап береді. Алайда бізде солай болуына жағдай жасалмай отыр. - Еуропада 5 жыл бұрын жаңартылатын қуат көздеріне деген қызығушылық жоғары болды. Себебі олар ресейлік газ бен мұнайға өте тәуелді. Олар мұны дамыту үшін оңды-солды арзан несиелер берді. Алайда дағдарыс келді де, арзан несиелер тоқтап, бүкіл «жасыл» экономика құрдымға кете бастады. Себебі мемлекеттің қолдауынсыз бұл іс тиімсіз болып қалды. - Әлемде ақша көп. Жаңартылатын қуат көздерін енгізу мен заманға сай қимылдауды ретімен жүзеге асыру керек. Егер Қазақстанда жылына электр энергиясының жоқ дегенде 1% өндіруге қабілетті бірнеше ЖҚК нысандарын жұмыс істетсе, 2050 жылға қарай үлкен жобалардан таза энергияның кем дегенде 35% алар едік. Теңелтуді қажет етпейтін желілерге қосылмай, қаншауын жекеменшіктер орнатар еді. Ал ол үшін тұтас ғылыми орта қалыптастырып, ЖҚК басқара алатын мамандарды оқыту керек. Бізде бұған ешкім жүйелі түрде қарамайды. АҚШ-та Обама келесі жылдан бастап тек ЖҚК-ге маманданатын 75 мың инженер шығарылатынын мәлімдеді. Екіншіден, әлемде ақшаның ең көп мөлшері дәрі-дәрмекке, мұнайға, газға да жұмсалмайды. Күн панельдеріне жұмсалады! Ең көп ақша мен патенттер осы салаға салынуда. Сіздер түсініңіздер, бұрын сіздер ұялы телефон арқылы сөйлестіңіздер, қызмет ақылы болатын. Қазір Viber, Skype, және Whatsapp бар, соған қосылып сіздер тегін сөйлесесіздер. Генерациямен де осылай болмақ. - Сіз мұның 10 жылдан кейін боларына шынымен сенесіз бе? - Әлемде болады! Мені мұны айтқанда, маған сенбейді. Бұдан әрі электр стансалары қажет болмайды. Және салынуы жоспарланған МӨЗ де керек болмайды. Ал біздің үкіметте кеңесші-сарапшылардың пікіріне құлақ аспайды, бюджетті игеріп, геосаяси заттарға немесе т.б. байланысты жаңа МӨЗ, жаңа атом электр стансасын салғысы келетін жекелеген адамдардың сөздеріне басымдылық береді. - Сіздің жел парктеріңіздің жайы қалай болып жатыр? Оларды салып бастадыңыз ба? - Бастамадық. Себебі заңдар жоқ, және мені бірде бір банк қаржыландырмайды. Министрліктің KEGOC-ке және т.б. қосыла мемлекеттік сараптамадан өтуі үшін сұраған ТЭН біз жасадық. Алайда бірде бір банк ақша бермейді, себебі: өндірілген қуатты мемлекет, ӨЭК немесе KEGOC сатып ала ма деп сұрайды. - Тарифтер бекітілді ме? - Тарифтер девальвациясыз бекітілді. Алайда олар сатып алына ма деген сұрақ бар. Себебі электр қуатын сатып алуға ешкіммен шарт жасалған жоқ. Ол жасалғанның өзінде құрылған жаңа ұйым – Есептесу-қаржылық орталығының («Жаңартылатын қуат көздерін қолдау бойынша есептесу-қаржылық орталығы» ЖШС – Ескерт. «Б-П») кассалық шотында қаражат жоқ. Олар барлық электр өндірушілерімен қалай есептеспекші? Балансында ешқандай өтімділігі жоқ ұйымды құрудың қажеті не? Басқалар қинала беруі үшін бе? Әлде осы істі тоқтату үшін бе? Түсініксіз. Осымен үш жыл өтті, ал бұл нарықта «Самұрық Энерго» мемлекеттік жел паркінің құрылысынан басқа, елеулі ештеңе орын алған жоқ. - Ерейментау маңында - Мәселе мұнда емес. Мемлекет өзі үшін салады да, соны өзінен өзі сатып алады. Ешкім тиімділік қандай екенін білмейді. Неге екенін білмеймін, күн панельдерінің зауыты өз батареяларын жаппай еш жерде орнатпайды. Себебі бұл бизнесте технологиялар әрбір жарты жыл сайын өзгереді. Автомобильдермен немесе планшетниктермен байланысты жағдайдағыдай. Мұнымен айналысудың қажеті жоқ! Біз технология жасаудан көшбасшы емеспіз, сабаға түсіп, сырттан сатып алыңыздар!!! - Алайда технологияларды экспорттау сіздің қолыңыздан келді ғой... - Иә, тек әзірге Қазақстанда ғана емес. Менің компаниям технологияны: софтты, конструкторлық құжаттаманы игерген, оны әлемнің кез келген жерінде жинауға болады. Менде ондай ой болған, алайда бұл Қазақстанға керек болмай шықты. Мен мемлекеттік корпорация басшысымен тілдесу мүмкіндігіне ие болдым, ол маған сондай ақылды сұрақтар қойды. - Сіз технологиялардың иесісіз бе? - Иә, әрине. - Ал зауытыңыз бар ма? - Иә, құрастырамыз. - Ал платалар мен пресс-формаларды өндіретін станоктарыңыз бар ма? - Ал бұл жоқ. Кешіріңіз, бірақ бүгінде өндірушіге құятын станоктарға ие болу, және жыл сайын жаңа платаларды өндіру бойынша жаңа станоктар сатып алу міндетті емес. Мұның барлығы аутсорсингке беріледі, ал білімдер, технологиялар мен қалған дүниелер бізде сақталады. Әлемде ешкім де, тіпті Аpple де платаны өзі жасамайды. Алайда шенеунік «Сіз – өндіруші емессіз!» деп шолақ қайырды. Тіпті «сенге» көшті. Мен тұрдым да, кетіп қалдым. Адамның кездесудің ортасында тұрып, кетіп қалғаны отырғандардың төбе шашын тік тұрғызды. Кейбіреулері өздеріне деген осындай қарым-қатынасқа үйренген сыңайлы. Сондықтан бізде мемлекеттік құпия нысандарға үшін ешбір БК жоқ, алайда біз әлемде жұмыс жасауымызды жалғастырудамыз. - Демек, сіз қазір Қазақстанда дайын өнімді сататын компания ретінде жұмыс істейсіз ғой. Осы ғана ма? - Иә, тек осы. - Ресейде, Азия елдерінде, Еуропа елдерінде бизнеспен айналысатыныңызды білемін. Өз активтеріңізді қай жерге көбірек шоғырландырасыз? - Телекоммуникациялар бойынша біз Ресейде бастадық және көбінесе сонда шоғырландық. Нарықтарды жаулап алу үшін уақыт керек. Әрбір елде сертификатталуға, ірі корпорациялардың тендерлеріне қатысуға қажетті лицензиялар, рұқсат құжаттарын алуға көп күш, ақша мен уақыт жұмсалады. Сондықтан біз дилерлермен және серіктестермен түрлі елдердегі өкілдіктер арқылы осы нарықты біртіндеп дамытамыз. Қазір өтімнің 20%-ға жуығы халықаралық нарықтардың үлесіне келеді. Қазір басқа елдердегі ЖҚК-ге қаражат салудамыз. - Қайда инвестиция құйып жатсыз? Тек дамушы нарықтарға деп айта аламын. Біз Қазақстанда ЖҚК бойынша халықаралық талаптарға сәйкес келетін заңдарды тағы 5 жыл күте алмайтынымызды түсінеміз. - Сіз демек инвестицияларды басқа бағытқа бұрдыңыз ғой? - Иә, қайта бағыттадық. Міне, осымен төртінші жыл күтіп отырмын, ары қарай күту мүмкін емес. Басқа елдерде қандай да бір шаблонды алады да оны енгізе салады. Инвестор келеді, ақша салады, бюджетке салық төлейді және осының арқасында әлеуметтік жобалар дамиды. Ал бізде қазір қаражаттың жетіспеуінен оларды қиып тастайды. - Ресейдің Қазақстаннан жемқорлық бойынша алысқа кете қоймағаны белгілі. Ал сізде «Газпромның», «Сургутнефтегаздың» және көптеген басқа да ірі компаниялардың ірі тапсырыстары бар. «Көлеңке» жолдар болған жоқ па? - Онда бәсекелестік үлкен, себебі неміс, америкалық ірі инжинирингтік компанияларымен тартысуға тура келеді... Алайда біз өз артықшылықтарымызды таптық. РФ-да ешбір ресейлік үлес жоқ, сондықтан әрбір жолы біз бағамен және дара функционалды шешімдермен аламыз. Кәсіпорын директорларының өзі импорттық софттың ресейлік өндірістік жағдайға сәйкес келмейтінін айтады. Егер байланыс туралы айтатын болсақ, біз жиі ескі зауыттарда сандық заманауи және аналогтық, тіпті кеңестік шешімдерді интеграциялаумен айналысамыз. Себебі көпшілігі үшін барлық цехтерді бірден жаңарту қымбатқа түседі. Және бұл біздің қолымыздан келеді, ал шетелдіктер тек сандық жүйемен жұмыс жасайды. Біз өндіруші ретінде осындай шешімдердің арқасында ұтамыз. - «Арман-холдинг» — нарықта 15 жыл жүрген бренд. Жұмысын Ресейде бастады. Арман – бұл сіз үшін белгілі бір мәнге ие есім, ал ресейлік тұтынушы үшін оның мәні жоқ. Сізді жалпы қалай қабылдады? - Алайда шетелдік брендтердің де олар үшін мәні жоқ. - Демек, сізді шетелдік брендтермен қатар қабылдай ма? - Мәселе атауда емес қой. Олар адамдардың софтты өздері жазатынын, ақшаларын зерттеуге, оларға арнап жайлы құрылғылар және жайлы функционал жасауға жұмсайтынын көреді. Біз осыған өз қаражатымызды құямыз. - Қазақстанда жүргеніңізге үш жыл болды, Сингапурда тұрасыз. Азаматтығыңыз ресейлік. Келіп алып, елге ақыл үйретесіз демей ме сізге? - Жақсы сұрақ. Егер сіз Қазақстаннан тыс жерде жүрсеңіз, бұл патриот емессіз деген сөз емес. Түсініңіз, бізде ештеңе істемей, диванда жататын, алайда патриот саналатын адамдар көп. Бәлкім патриоттық қайда жерде болмасын, білімдерді, озық технологияларды меңгеріп, оны Отанына әкеліп, жаңа өндірістер ашып, адамдарға жұмыс пен білім беру, салық төлеу шығар? Кейбір адамдар мұны түсінбейді. Шоқан Уәлиханов мырзаның өзі білімді Қазақстанда алған жоқ. Алайда білімін далаға емес, Отанына әкелді. Мен үшін өмірдің мәні осында. Негізгі материалға сілтеме: Partner.kz

Добавить комментарий