Блог
Дәстүрлі электр стансаларының банкротқаұшырауы
Дәстүрлі электр стансаларының (ЖЭС, СЭС немесе АЭС) 2018 жылға қарай банкротқа ұшырайтынын болжаған Renew Economy аналитиктерімен толықтай келісемін. Шын мәнісінде, бәрі соған жақындап келеді, себебі баламалы энергияның өзіндік құны күн санап төмендеуде. Bloomberg New Energy Finance-тің 2015 жылғы есебіне сай, күн энергетикасына жұмсалатын шығындар өткен жыл ішінде 20-25%-ға төмендепті. Нәтижесінде, жақын уақытта баламалы энергетиканың бағасы дәстүрлі қуат көздерінен алынатын энергиямен теңесуі немесе тіпті одан төмендеуі әбден мүмкін. Дубайда көмір ЖЭС электр қуатымен салыстырғанда 1 КВт/с 3 центке арзандапты. Экономистердің есептеуінше, баламалы энергетикаға құйылған инвестиция өзін 3-6 жыл ішінде ақтайды.
Бұл нені білдіреді? Дәстүрлі электр энергетикасы жүйесі құлдырай бастайды немесе өзгереді деген сөз. Әрбір мемлекеттің қандай шара қабылдайтынына байланысты. Егер қарқынды түрде технологияландырып, баламалы энергетикаға жүйелі түрде өтсе, бұл табысты ауысу болмақ. Ал егер құр қарап отыра берсе, құлдырау мен банкротқа ұшырайды. Барлығы өзімізге және өзіміздің жаңашыл беталыстарға ілесуге деген құлшынысымызға байланысты болады. Себебі ОПЕК-тің негізін қалаушысы және басшысы Ахмед Заки Ямани айтқандай «Тас дәуірі тас таппай қалғаннан аяқталған жоқ, сол сияқты мұнай дәуірі де мұнайдың жоқтығынан аяқталмайды».