Блог

Серікбай Бисекеев: «Ақшалы туыстардың болуы – табысқа жетудің басты шарты емес»


21.10.2013
0

Серікбай Бисекеев: «Ақшалы туыстардың болуы – табысқа жетудің басты шарты емес»

Серікбай Бисекеев, табысты кәсіпкер, тартымды тұлға, self-made man (қазір осылай деу сәнге айналып жүр ғой), «Капитал.kz» іскери апталық басылымына берген сұхбатында өзінің жетістікке жету құпиясын айтып берді. «Арман» холдингі оның басқаруымен өнеркәсіп және көлік кәсіпорындарының ақпарат алмасу жүйесін интеграциялау саласында ірі ресейлік ойыншыға айналды. Компанияның Қазақстанда, Германияда, Үндістан мен Сингапурда өкілдіктері бар. Холдинг өзінің он жылдан астам уақытқа созылған даму жолында қондырғы жеткізушісінен өнеркәсіптік нысандарға арналған энергетикалық және телекоммуникациялық жүйелердің интеграторы әрі өндірушісіне дейін өсіп, өнеркәсіптік байланыс және энергетика нарықтарымен бірге дамып келе жатыр. Бұл жетістіктің ұраны – «Жоспарла! Іске көш! Жетіле түс!».

- БАҚ-та сіз туралы Нева жағалауларынан өз ісін бастаған қазақстандық Стив Джобс деп атайды. Сіз бұған қалай қарайсыз?

- Бұл салыстыру әрине менімен келісілмеген. Мен тіпті бұған байланысты өзімнің ренішімді білдіру үшін басылым редакциясына хабарластым. Бұқаралық ақпарат құралдарына табысты қазақ туралы айту бәлкім ұнайтын шығар. Алайда мені бүкіл әлемді өзгерткен адаммен салыстыру дұрыс емес. Алайда мен жетістіктерім туралы айтылғанына қарсы емеспін. Себебі бұл адамдардың өздерінің жетістікке жететіндеріне сенім білдіріп, өз ойларын жүзеге асыруына көмектеседі. Әркім өзі қалаған адамға айнала алады. Ақшалы туыстар – табысқа жетудің басты шарты емес.

- Сіз өз жетістігіңіздің басты құпиясы ретінде қызметкерлерді барынша ынталандыруды атайсыз. Сіз қалай ынталандырасыз? Бизнесті дамытуға сізге тағы не көмектеседі?

- Барлық жұмыс қызметкерлерден басталады. Егер оларды ынталандырмаса, компания еш дамымайды. Мен ынталандыру құралдарын пайдаланамын және олар туралы жастарға оқитын дәрістерімде жиі айтамын. Өз тәжірибемнен шығарған аксиомаларым істі дамытуға ықпал етеді. Қызметкерлердің сізде жұмыс істеудегі шынайы мотивтерін түсіну үшін барлық қызметкерлермен ынталандыру сессияларын жүргізу қажет.

Қызметкерді дамыту үшін ортақ мүддені табыңыз да, өз командаңызға тағы бір мықты ойыншы қосыңыз. Немесе ішкі тренингтерден басқа, сырттан тренер шақырыңыз, рөлдік ойындар өткізіңіз, нәтижелері бойынша сатылым кітабын жасап, оны бейнеге жазыңыз. Бұл әрбір жаңа қызметкер басшының уақытын жұмсамастан, аттестацияға дайындалу үшін танысып шығу үшін қажет. Шын мәнісінде бұл аксиомалар маған табысқа жетіп, оны дамытуға көмектесті. Оларды өз бизнесінде әрбір адам пайдалана алады.

Менің кеңестерім өз ісін жүргізуде сондай-ақ мемлекеттік басқаруда да қолданыла алады. Себебі мемлекет те трансұлттық, ауқымды, дәл сол бизнес заңдылықтарымен реттелетін компания. Әйтсе де, бұл бизнес заңдылықтары тәжірибеде қолданылмай келеді.

Сондай-ақ, сын негізді болуы тиіс. Үкіметтің қандай да бір шешімдеріне көңілі толмайтын адамдар оны жамандайды. Ал негізінде тиімді балама шешімдер ұсынған абзал. Мен қалыптасқан жағдаяттан шығатын жолды тауып, мемлекеттік қызметкерлерге көмектесуге тырысамын.

- Жұмысыңызда іркілетін кездер бола ма? Тығырыққа тірелгенде не істейсіз?

- Негізгі қозғаушы күш – мақсаттар мен армандар. Мен өзімнің және қызметкерлерімнің алдына жаңа мақсаттар қоямын. Үдерісті көрнекілендіріп, біртіндеп мақсатыма қарай жылжып келемін. Елестетуге болмайтын нәрсенің жүзеге аса алатынын көрген адамдар көңілдеріне сенім ұялатып, одан да көп күш салады. Шын мәнісінде тек арманшылдар ғана әлемді өзгерте алады!

- Өз сұхбаттарыңызда сіз несиелендіруге қарсы пікір білдірдіңіз. Несиеге қазіргі көзқарасыңыз қалай? Сіздіңше, қандай жағдайларда несие өзін ақтайды?

- Мен істі бастаудың алғашқы кезеңдерінде несие алуға қарсымын. Себебі бизнесмен әлсіз бола түседі. Нарықтағы тұрақсыздықты ескерсек, несие арам ниетті қолдардағы рейдерлік құралына айналады. Егер кезінде несиесіз бизнес бастау мүмкін болмаса, қазір оған мүмкіндік мол.

- «Мен әлі күнге дейін баспананы жалға алып, ескі көлік мінемін», - дейсіз сіз. Көлігіңіздің маркасы қандай? Мұндай қағиданы неліктен ұстанасыз?

- Қазір менің көлігім жоқ. Мен қоғамдық көлікпен жүріп, өзімнің барлық істеріме үлгеріп жүрмін. Сингапурда көлік бажын 300%-ға көтеріп, ауаның газдалуы мен көлік кептелісі мәселесін шешті. Сингапур адамдардың А нүктесінен Б нүктесіне жетуін былай шешті: олар таза такси, метро, автобус арқылы 3-10 долларға, сақтандырусыз, көлікті тұраққа қоятын уақытсыз, жанармай, жөндеу және т.б. қиындықтарсыз экологиялық таза жағдайда жетеді. Адамдарға керегі де осы.

- Сіз Германия, Үндістан, Сингапурдан өкілдіктер аштыңыз. Тағы қандай нарықтарды игермекшісіз?

- Мен Сингапурға көштім, себебі бұл аймақ маған аса қызықты болып отыр. Оңтүстік-Шығыс Азияда 600 млн адам тұрады. Аса бәсекелі ортада дамыған әрине қиындау, алайда компания үшін болашағы зор. Біз тендерлер ұтып алып, өз ісімізді бастап кеттік. Елдегі қандай да бір саяси ерекшеліктерге қарамастан, әлемнің кез келген нүктесінен жұмыс істеп, өз жобаларымды жүзеге асыра алатынымнан ләззат аламын. Мұндай жағдайда өзің жоқ кезде де жұмыс жасай беретін жүйе жасау маңызды.

- Жақсы басқарушылар қайдан шығады?

- Меніңше, Қазақстанда құзыретті адамдар жеткілікті. Алайда бұл адамдардың мемлекеттік компанияларда жұмыс жасауға мүмкіндігі жоқ. Басқарушы қызметтерге адамдар кәсібилік тұрғысынан емес, адалдық тұрғысынан тағайындалады. Елде рушылдық орнап тұра берсе, қалталы жастардың артынан көрінбей жүрген жақсы басқарушыларға мұқтаж болып жүре береміз.

- Сіз Қазақстанда оқыдыңыз, өмір сүрдіңіз, және кәсіби еңбек жолыңызды Ресейде бастадыңыз. Өз бизнесіңізді Германия мен Үндістанда дамыттыңыз, қазір Сингапурда тұрасыз. Сіз – дүниежүзінің азаматысыз. Отаныңызбен сізді не байланыстырады? Мұнда қандай жобаларды жүзеге асырғыңыз келеді?

- Қазақстанда менің ата-анам, әпке-қарындастарым, маған жақын адамдар тұрады. Бұл – менің Отаным. Мен халықаралық тәжірибеммен бөлісіп, республиканың дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Мен ата-бабамыз жаудан қорғап қалған жер қойнауларын жекешелендірумен айналыспадым, сондықтан миллиардтарды жинағаным жоқ. Егер уақыт өте келе менен өтінсе, мен өз тәжірибеммен және біліміммен қуана бөлісемін. «Арман» холдингінің қазақстандық кәсіпорындарына қатысты айтарым: олар Алматы және Астанада жұмыс жасап жатыр.

Оның үстіне, мен балама отынды дамытумен үш жыл бойы айналысып келемін. Адамдар қарапайым телефоннан суретке түсіп, бейнеконференция өткізіп, телевизияны онлайн қарауға мүмкін екеніне сенбеген сияқты, болашақта АЭС, ЖЭО, СЭС, ірі мұнай өндіруші компаниялардың болмайтынына сенбейді. Алайда оның барлығы жүзеге асты. Мұнай аса қымбат қуат көзіне айналады. Болжайтын болашақта күндізгі жарықтан жұмыс жасайтын арзан үлдірдің көмегімен электр мен жылу қолжетімді, арзан қуат көзі болмақ.

ҚР Президентінің айтуынша, қайта жаңартылатын қуат көздерінің үлесі 2050 жылға қарай 50% жетуі тиіс. Қазіргі жағдай бойынша мен Елбасының тапсырмасы дұрыс орындалмай жатқанын, белгіленген қарқыннан қалыс келе жатқанымызды айта аламын. Әлі күнге дейін нақты бағам жоқ, қуат өндірушілеріне арналған есептеу орталығы мен дүниежүзілік ЕХРО-2017 көрмесінің қарсаңында инвесторларға көрсететін сатып алу шарты жоқ. Тұтастай алғанда, қазіргі заңнамалық база салаға толыққанды дамуға мүмкіндік бермей отыр.

Сондай-ақ қазіргі таңда мен жергілікті биліктің қолдауымен Сингапурда халықаралық дүниежүзілік экономикалық форум өткізумен айналысудамын. Қазақстанның мұндай іс-шараға қатысуы оның әлемге танылуын арттырар еді. Қазір тіпті білімді әрі табысты деген сингапурлық және халықаралық бизнесмендер біздің еліміз туралы ештеңе білмейді. Мен Астана экономикалық форумының ұйымдастырушылары мен ҚР Үкіметіне ең бай компаниялар шоғырланған әлемдік қаржы орталықтарына барып, сессиялар өткізуді ұсындым. Бұл Қазақстанды қысқа мерзімде танымал етер еді.

Айтарлықтай нәтижесі жоқ біржақты жарнаманы ұйымдастыруға қаражат жұмсау – бұл көрегенділік емес. Түрлі инвесторларды қамту үшін жаңа амалдар керек, көпшілігінің ҚР-ға келуге мүмкіндігі жоқ. Бастысы – инвесторларға арналған заңдар жетілмейінше, күні бойы BBC, CNN арқылы жарнама көрсеткенмен, елге бұл еш оң нәтиже бермейді. Министрлер бұл түйткілдерді біледі, алайда әзірге нәтиже жоқ.

- Сұхбаттарыңыздың бірінде сіз компанияның әлеуметтік жобалармен айналысатынын айттыңыз. Бұл қандай жобалар? Сіз оларды қалай іріктейсіз?

- Меніңше, қайырымдылық жарияланбауы тиіс. Әлеуметтік бастамаларға қолдау көрсету үшін сайт жасадым, ол арқылы кез келген тілек білдіруші маған тікелей жүгініп, өз жобасы туралы айтып бере алады. Біздің бұл салада жобаларымыз жеткілікті, алайда біз барлығына көмектесе алмаймыз, біз мұнайшылар емеспіз. Мен мемлекет қазақстандық салық төлеушілердің көмектерін бөлгенде тиімді жұмыс жасайды деп сенемін.

- Елдегі жұртшылық омбудсмен институтына сенім білдіреді. Егер сізге кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша бойынша өкілетті тұлға лауазымын ұсынса, келісер ме едіңіз?

- Әзірге ондай ұсыныстар түскен емес. Егер түсіп жатса, тақырыптың қаншалықты қызықты екеніне байланысты оны қарап көрер едім. Алайда лауазымға тағайындалу серіктестікті немесе ұлттық кәсіпкерлер палатасында жұмыс жасау дегенді білдіреді. Мен бұл құрылымнан өзімді көрмеймін, себебі меніңше басшылық барлық аймақ кәсіпкерлерімен бірлесіп жұмыс жасамайды. Мәселенің оңтайлы шешімі үшін әрдайым барлығынан хабардар болу керек: алаңға шығып, адамдармен сөйлесу керек, сол кезде ғана қоластыңдағыларға итере салмай, дағдарыстық жағдайлар мен толқуларға жол бермеуге болады.

Мен Сингапурда тұрамын және барлық заңдардың жетілгендігіне таң қаламын. Алгоритм мен мысалдар жеткілікті. Бізге жақсырақ өмір сүруге ештеңе кедергі емес. Мен Қазақстанның гүлденген болашағына сенемін. Алдымен өзімізден бастайық!

Дереккөз мұнда.

Добавить комментарий