БАҚ

Сингапурдегідей өмір сүру үшін не істеу керек


31.03.2014
0

Сингапурдегідей өмір сүру үшін не істеу керек

Forbes.kz бұған дейін 27 наурызда  Алматыда  Қазақстан-Сингапур бизнес-форумы өткенін хабарлаған болатын.  Arman Holding басшысы Серікбай Бисекеев өзінің тұратын жері ретінде неге дәл осы қала-мемлекетті таңдап алғаны және холдингтің штаб-пәтерінің неліктен осында тіркелгені жөнінде түсіндіріп берді.

b12ed07450b3777ee3d0a0ada5d776b0-small

F: Серікбай, форумда сіз өзіңізді Қазақстанның патриотымын деп атадыңыз. Алайда Сингапурде тұрып, бизнесіңізді сол жақта жүргізіп жатырсыз. Неліктен?

– Мен білімге, қаржыға, технологияға жақын болу үшін үлкен дамыған нарығы бар қай елде тұрсам екен деп ұзақ таңдау жасадым. БРИКС елдері даму жағынан артта қалып келеді, ал тез дамып келе жатқан елдер 600 млн адам тұратын Оңтүстік-Азияда орналасқан. Бұл – 20 Қазақстан мен 4 Ресей халқы деген сөз. Әрине, біздің компания мұндай нарыққа қызығушылық танытады.

Барлық бизнесмендер салық салынатын негізді төмендетуге тырысады. Біздің өкілдіктеріміз әр елде бар, біз жабдықтарды жібереміз де, қаржы ағынын аламыз, сондықтан екі жақты салық салу деген қиындығы жоқ елді іздедік. Біз Дубай, Гонконг, Еуропа елдері арасында таңдау жасап, ақыры офшорға емес, салықтық ахуалы өте қолайлы аймақ – Сингапурге тоқтадық: мұнда екі жақты салық салу деген жоқ, кіріс салығы 17%-дан аспайды.

827c960df06306a0b523247d8bfba7e5-small

«Мен қосарланған стандарты жоқ елге қошемет көрсеттім»

F: Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, аталған республика бизнес жүргізудің жеңілдігі жағынан әлемде бірінші орын алады. Сіз осыны сезіне алдыңыз ба?

– Мұнда, шынында да, бизнес ашу өте оңай, оны ғаламтор арқылы бірнеше күн ішінде жасауға болады. Менің ресейлік бизнесмен танысым Сингапурдегі мәселелерін шеше отырып, әдет бойынша: «Істі қалай тездетуге болады? Мүмкін біреулерге телефон соғып, кездесу керек шығар?» — деп сұрай бастады. Бұған жауап ретінде Сингапур министрлігінің қызметкері: «Біздегі жүйе сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін құрылған. Сіз біздің сайтқа жазасыз, ал біз сізге уақыт тәртібіне сай 3-4 күннен кейін жауап береміз. Сізге ешкіммен жеке келісімге келудің қажеті жоқ», — деді. Сингапурдің артықшылығы да осында.

F: Бізде де e-government енгізілген, бірақ неге ол коррупционерлерге тосқауыл қоймайды?

– Мұны қатардағы азамат шенеунікпен жеке қарым-қатынас жасауды доғарып, тек істі ашық түрде жүргізуге мүмкіндік беретін компьютер, ғаламтор арқылы қатынас жасайтындай деңгейге жеткізу керек. Бізде құжаттың шенеуніктің алдында ұзақ жатып қалатын жағдайлары жиі кездеседі, ол да: «Уақыты келгенде бұл қағазды алуға біреу жүгіріп келер» деген оймен самарқау қарайды. Ал ол жақта мұндай жоқ. Ашықтық мемлекеттік қызметкерлердің жеке қызығушылықтарын есепке алмастан жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Біз мемлекеттік қызметкерлерге ашық түрде байқау жариялауымыз керек, сонда үміткерлерді тәуелсіз аттестациялық комиссия бағалайтын болады, жоғары дәрежелі шенеуніктердің жалақысы трансұлттық компаниялардағы топ-менеджерлердің деңгейінде болуы тиіс. Мұның бәрі Қазақстанда болмайынша, ештеңе өзгермейді.

F: Алайда пара берушілердің мүмкіндігі қашанда қазына мүмкіндігінен жоғары. Мұндай жағдайда шенеуніктердің «ашылған аранын» қалай жабуға болады?

– Мемлекеттік қызметкерлер мен олардың туыстарының кірістері мен шығыстарын қатаң түрде бақылау керек. Егер ақшаның қайдан келгенін дәлелдей алмаса – түрмеге отырғызылсын.

F: Жемқор шенеуніктерді түрмеге отырғызу үшін тәуелсіз сот керек, бізде ол жоқ қой.

–Жоқ. Дегенмен халықаралық заңнамалық орта құрайық. Бірыңғай стандартты енгізу қажет және қайталап айтамын, шенеуніктер мен оның туыстарының кірістері мен шығыстарын бақылау керек. Инвесторлар бізге оларға арналған халықаралық заңдар белгіленіп, жүзеге асқанда ғана келетін болады.

Мен жақында Сингапурде әлемнің үздік джаз топтары жиналған джаз фестивалінде мынадай жағдайдың куәсі болдым. Соңғы күні ең үздік джазмендердің бірі өнер көрсетті, бірнеше мыңдаған сингапурліктер мен қала қонақтары фестивальға солар үшін келген еді. Музыканттарға өнер көрсетуді түн ортасына дейін аяқтау керектігі ескертілді. Ал олардың хитінің дәл ортасында түн ішінде дыбысты өшіріп тастады. Сіз қаншама адамның наразы болғанын көрсеңіз ғой! Жалғыз мен ғана қол шапалақтаған шығармын. Өйткені мен қосарланған стандарты жоқ, заңдар мен қағидалар барлық адамдар үшін бірдей жұмыс істейтін елге қошемет көрсеттім.

6de1471e1c07dd79fa76c18fe43f4ac0-small

«Олар инвесторлардан: «Сізге не керек?» деп сұрады және өтініштерін орындады»

F: Шетелдік компаниялар Қазақстанға өз мамандарын жиі әкеледі. Сингапурде сіз кадр мәселесін қалай шешесіз?

– Сингапурдің бізден айырмашылығы да сонда: ол жерде инвесторлардың өз өнімдерін өндіруі үшін барлық жағдай жасалған. Оларды шектен шыққан салықтар қинамайды, өз саласындағы үздік мамандарды елге тартады. Біз өз инженерлерімізді әкелуге тырыспаймыз: мұнда біздің сенімді серіктестеріміз болып табылатын компаниялар саны жеткілікті, біз көптеген заттарды Азияда аутсорсингте атқарамыз. Ол жердегі қызметкерлер өте білімді, мықты, білікті. Мен Назарбаев Университетінің Сингапурмен бірлескен жоба жасағанына қуаныштымын. Алайда тек бір ғана астаналық университетпен тоқтап қалуға болмайды, әр облыста әлемнің үздік оқытушылары сабақ беретін бейінді салалық университет құру керек. Тағы да Сингапур тәжірибесін алға тартамын. Ол жерде ең танымал мамандарды шақыратын мұндай университеттер өте көп.

F: Бұл қала-мемлекет инвесторларды тарту үшін тағы не істеді?

–Олар инвесторлардан: «Сізге не керек?» деп сұрады және өтініштерін орындады. Ал бізде инвесторлар айтады-айтады, бірақ оларды ешкім тыңдамайды. Кәсіпкерлер көші-қон карточкаларымен келеді, кезекте тұрады, ал егер уақытында тіркелмесе, оларды қамап тастауы немесе жер аударып жіберуі мүмкін. Немесе виза мәселесі туындауы ықтимал. Сингапурге визаны ғаламтор арқылы ашуға болады. Қазақстанға виза алу үшін елшілікке барып, кезекте тұру керек. Мен осы Қазақстан-Сингапур форумын дайындаған кезде маған делегация мүшелерінің әрбірін қолынан ұстап сонда апаруға тура келді, жұмыс жайына қалды, ал бұл адамдар миллиондық айналымы бар компанияларға иелік етеді, олардың визаның соңынан жүгіретін уақыты қайдан болсын?

Тағы бір мысал. Мен, міне, 10-15 жыл бойы Жоңғар қақпасы ауданында соғатын аса күшті жел туралы әңгімелерді естіп келемін, соның есебінен электр қуатын өндіріп, Алматыға қоюға болатын көрінеді. Алайда ешкім жел энергиясын пайдаланбайды, өйткені онда жоғары вольтті желі жоқ. Неге жоқ? Өйткені инвесторлар үшін инвестицияны қайтару жөніндегі заң енгізілмеген. Ал егер біз мұндай заңды қабылдасақ, инвесторлар баяғыда келіп салып берер еді.

Бұдан бөлек, ағылшын тілін екінші мемлекеттік тіл қылуымыз керек. Халықаралық қатынас тіліндегі құжаттар қажет. Инвесторлар бізбен қалай қарым-қатынас жасауды түсінбейді. Бұл бізге басқа мемлекеттермен, соның ішінде барлық тұрғындары ағылшын тілінде сөйлейтін Сингапурмен тең дәрежеде болуымызға мүмкіндік береді.

6504f91865ff7e6e768bfcf0e5cb1e03-small

«Экологиялық таза ет өндіріп, экологиялық таза көкөністер өсіруге ештеңе кедергі бола алмайды»

F: Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азия нарығында өзін қалай көрсетуі мүмкін?

–Біз өзіміздің артықшылықтарымызды пайдалана аламыз – табиғи өнімдерді өсіріп, өндіруге болатын мұндай үлкен аумақ әрбір елде кездеспейді. Қазір Сингапурдегі дүкен сөрелерінде табиғи және табиғи емес өнімдердің саны бірдей – екеуінің де 20-30 түрлері бар. Олар Австралиядан, Жаңа Зеландиядан әкелінеді және экологиялық таза ет өндіріп, экологиялық таза көкөністер өсіріп, оларды осы нарыққа қоюға ештеңе де кедергі келтірмейді. Біз мұны аз түрде ғана дамытып жатырмыз: дегенмен мұнай-газ бизнесі бізді аздап жұбандырады, кәсіпкерлік заттар барған сайын азаюда. Біреу айтып еді: «Әзірше бізде мұнай бар, оны шұжыққа айырбастау мүмкін болып тұрған кезде, ештеңе өзгере қоймайды». Дегенмен мен мұндай форумдар осы бір жағдайға қозғау салып, алға жылжытады және біздің кірісіміз шикізат сатуға көп тәуелді болмайды деп сенемін.

F: Бизнес-байланысты жолға қою үшін үнемі ол жаққа қарай және кері бағытта ұшып, тауарларды тасу керек. Логистика мәселесі қалай шешілуде?

– Логистика бірыңғайланбаған, Көлік министрлігі біраз жұмысты қолға алуы керек. Қазір мен Куала-Лумпур немесе Бангкок арқылы ұшамын. Бұл қолайсыз, өйткені бір жерлерге қонып, ауысып отыруға, күтуге тура келеді, Бангкокта кейде саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты бөгелетін кездер болады. Бұған байланып қалмас үшін бағасы қолжетімді тікелей рейстер ашу керек. Сондықтан «Эйр Астана» басқа компаниялардың нарыққа енуіне мүмкіндік беруі қажет, тек бәсекелестік қана бағаны төмендетуге ықпал етеді. Былайша айтқанда, біз істі қарапайым мәселелерді шешуден бастауға тиіспіз. Біз оларды шешкен бойда, инвесторлар да бізге қарай тартылады.

3f2d04e94f85405d996bf272e23ac75e-small

«Бәрі бірдей бизнесмен бола алмайды»

F: Форумда өз холдингіңіздің табыстары туралы әңгімелей келе, сіз: «Жоспарлаңыз, өзіңізге сеніңіз, мақсатқа қарай жүріңіз» деген тіркесті айттыңыз. Біреулер мұндай қағидаларға сүйене отырып, табысқа жетеді, ал біреуге сәті түспейді. Неге?

–Өйткені елдің бәрі бірдей ақыл-ойы мен мінез-құлқы үйлескен бизнесмен бола алмайды. Мен мынаны әрқашан айтып жүремін: адамдардың 90%-ы – жақсы орындаушылар, 5%-ы – психиатрлық емханаларда, қалған 5%-ы — бизнесмендер. Олар «мұнда және қазір» деген мәселелерді шешуді ғана мақсат ететін жай басқарушыларға қарағанда мықты әлеуетті көре алады, әр нәрсеге кең, ғаламдық тұрғыдан қарайды.

09523a554bb091e9572be6bf22757e04-small

Дереккөз: forbes.kz.

Добавить комментарий