БАҚ

Қазақ Ресейдің үздік бизнесмені атанды


15.12.2012
0

Қазақ Ресейдің үздік бизнесмені атанды

Жақын күндерде «Арман» холдингінің президенті Серікбай Бисекеев «Жыл кәсіпкері -2012» халықаралық байқауының (оны бизнес саласында «Оскар» деп атайды) ресейлік кезеңінің финалистері қатарына кіріп, «В2В» номинациясында марапатқа ие болды. 

123

Серікбай Бисекеев.

Ernst & Young компаниясы өткізетін байқау 27 жыл бойы 50-ден астам елдерді қамтып келеді. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, Жапония, Малайзия. Бисекеев шетелде мұндай атаққа ие болған алғашқы қазақ болып отыр. Оған қалай қол жеткізгенін кәсіпкер Forbes Kazakhstan басылымына айтып берді.

F: Сіздің табысқа жетуіңіздің құпиясы неде?

- Біз әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім жасауға қатысқан үздік бағдарламалаушыларды, инженерлерді, сатушыларды жинаған компания құра білдік. В2В (Business to business)  саласындағы жоғарытехнологиялы шешімдерде біз – әлемдік көшбасшымыз.«Ресейде немесе Қазақстанда өндірілген өнімді біреу біле ме?» деген сұрақ тастасақ. Мысалы, теледидарларда, компьютерлерде «made in Kazakhstan» деген жазу кездесетіндей... Жоқ, мұндай жоқ, біз тек мұнай және газды сатумен айналысамыз. Бізде әскери-өнеркәсіптік кешеннен қалған заттар бар: бұл Калашников автоматы, танктер, ұшақтар. Посткеңестік кезеңде құрылған өнім жоқ деуге болады. Бұл жоққа шығарылмайтын жайт. Ал біз өнім жасап шығардық.

F: Сіз Қостанай облысында дүниеге келдіңіз, ал өзіңіз көптен бері Санкт-Петерборда тұрасыз. Бұл қалай болды?

- Менің туған жерім – Қамысты ауылы. Мектепті сол жақтан бітірдім. Кеңес заманында спорттық разрядың болса, кез келген институтқа қиналмай түсетін еді. Мен спорт сыныбында оқыдым, бізге тамаша бапкерлер мен оқытушылар сабақ берді. Барлық сыныптастарымыз оларға бас иеміз. Біз спорттан да Қазақстанда үздіктердің қатарында болдық. Мектепті де жақсы оқыдық: мектепті алтын және күміс медальдармен тәмамдадық. Барлығы Мәскеудің, Санкт-Петербор мен Екатеринбург қалаларындағы жоғары оқу орындарына түсті. Барлығы қазір табысты адамдар, көпшілігі танымал компанияларда қызмет атқарады, кейбіреуі өз бизнесін құрды.

F: Қай оқу орнында білім алдыңыз?

- Санкт-Петербордағы политехникалық институтта оқыдым. Бітіргеннен кейін қиын 90-шы жылдары сонда қалдым. Маған қазаққа барлығымен келісіп, ер азамат ретінде мені құрметтейтіндей қатаң саясат құруға тура келді, мұның барлығы – мен жүріп өткен жол.

F: Бизнесті неден бастадыңыз?

- Студенттік жылдардан бастадым: өзімді асырап, ата-анама да көмектесуім керек болды. Құрылыс жасақтарының құрамында болдым, саудагер болып, Балтық жағалауына қондырғылар, электр аралар, бұрғылар апардық. Ал ол жақтан басқа заттар алып келдік. Содан кейін біз жігіттермен бірге биржада жұмыс істедік, валюта бағамымен байланысты операцияларда жақсы ақша тауып жүрдік. Одан кейін жаңа нарық - GSM-байланысы пайда болды. Ары қарай Стокгольм мектебінен бизнес саласындағы білімімді жетілдірдім.

F: Өз ісіңізді қалайдамыттыңыз?

- 90-шы жылдары посткеңестік кеңістіктегі алғашқы GSM-оператор көпшілік ойлайтындай, Мәскеуде емес, Санкт-Петерборда пайда болды – Солтүстік-Батыс GSM (қазір ол «Мегафон» деп аталады). Мен осы бизнестің басында тұрдым, алғашқы ұялы телефондарды ТМД-ға жеткіздім, оның ішінде KCell-ді де. Стокгольмдегі биизнес-мектепте «Қоғамдық орындарда ұялы телефондар желісін құру» деген тақырыпта диплом қорғадым. 1998 жылы ұялы телефонды тек дәулетті адамдар, бизнесмендер пайдаланатын. Олардың ішінде метрода жүріп, ұялы телефон пайдаланатын ешкім болмайтын.Сол желіні құра бастағанымда, мен 5-6 шаршы метрлік жерді жалға алып, тауарды өндірушілерден консигнацияға алып сататынмын. Барлығы қарапайым, алайда мұны сол кезде ешкім қолға алмаған еді.Одан кейін нарыққа «Евросеть» пен басқа да ұялы телефон өндірушілері келді. Ол кезде кімнің ақшасы көп деген сұрақ туатын. Милииард  бар болса, демек Nokia, Siemens-ті үлкен көлемде сатып алуға болады, жақсы дисконтқа қол жеткізіп, ең үздік ұялы телефондарды сатуға болатын. Олармен тартысу мүмкін болмады, сөйтіп, мен кімнің кімді «жоқ қылатынын» түсіндім де, желіні сатып жібердім.Мен ары қарай кімде ақша көп деген сұрақ туындамайтын жерге кету керектігін түсіндім. Барлығы тек өзіңе байланысты болатын бәсекелік артықшылықа ие болу қажет болды. Жаңа сән құрып, жаңа істі қолға алу керек.

Солардың бірі өнеркәсіптік байланыс болды. Және бұл әлі ешкім қолға алмаған кәсіп еді. Сол кезеңде барлық өнеркәсіптік кәсіпорындар күштерін станоктарға, өндірістік қуаттарға салды да, зауыттағы инфрақұрылымды ешкім ойлаған жоқ.Алдымен мен неміс қондырғысының дистрибьюторы болдым, кейін оны өндірудің еш қиын емес екенін түсіндім. Біздің тапсырыс берушілеріміз әртүрлі, кейде ерекше дүниелерді сұрайтын. Біз олардың барлық тілектерін орындадық, оларға арнап бағдарламалар жазып, өз өнімімізді жасадық.Біз жаңа технологиялардың, жаңа процессорлардың, жаңа чиптердің нарыққа жарты жылда бір шығып тұруы керек екенін түсіндік, ал бәсекелестеріміз мұны өте баяу жасайтын. Оның Батыстағы ойыншылары әрбір жыл сайын жаңа өнімді өндіруді ойламастан, қаннен-қаперсіз бірқалыпты өмірді сүріп жатты. Ал біз жаңа қызметтерді жылдамырақ енгізіп, өнімнің жаңа мүмкіндіктерін жетілдіре түстік, нәтижесінде, көп ұзамай нарықтың көшбасшысына айналдық. Біздің клиенттеріміз – мұнай-газ саласындағы, металлургия, энергетика, метро, әуежай, порттар мен т.б. салалардағы өнеркәсіптік кәсіпорындар болды.

F: Сіздің компанияңыз қай елдерге таныстырылған?

- Біздің штаб-пәтеріміз Санкт-Петерборда, ал өкілдіктер Қазақстанда, Германияда, Үндістанда, Сингапурда бар. Тағы Бразилия мен араб елдеріне енуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, 600 млн адам тұратын Оңтүстік-Шығыс Азия да жоспарда бар. Ресей мен Қазақстанда көбінесе жазда құрылыс жүргізеді, ал ол жақта климат жыл бойы жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді, салынған нысандардың көптігі де сондықтан. Менің мақсатым – біртіндеп осы аймақта нөмірі біріншіге айналу. Үндістан менОңтүстік-Шығыс Азияны қамтуды алдыма мақсат етіп қойдым, жақын уақытта осы нарықтарға күш салуды жоспарлаймын.

F: Сіздің бизнесіңізде барлығы қанша адам жұмыс істейді?

- Барлығы 180 адам. Біздің артықшылығымыз неде? Біз бүкіл өнімді өзіміз өндіруге тырыспаймыз. Біз платаларды, пресс-қалыптарды жасап беретін жақсы мердігерлерді жалдаймыз, құюмен біреу айналысады. Біздің құзыреттілігіміз – софтта. Біз өз өнімізді көшіргенін қаламаймыз, Қытайға бармайтынымз да сондықтан. Бұл ел басқа ел жинақтаған тәжірибені пайдаланумен айналысатын ел. Оны беріп қажеті қанша? Қазір көптеген батысеуропалық елдер мұны түсінді де, көп заттарын Еуропада өндіре бастады.

Үндістан басқа жолды таңдады: олар БК құрады, өркениетті жолмен дамиды, оларға көп назар аударатынымыз да сондықтан.

F: Сіздің өніміңізді қандай қазақстандық кәсіпорындар пайдаланады?

- Қазір біздің клиенттеріміз: «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», Астана әуежайы, Алматы метросы,кейбір электр стансалары. ҚР Қорғаныс министрлігімен серіктеспіз. Айтпақшы, Ресей мен Қазақстанның әскери ұйымдары әлі де кеңестік технологиялармен жұмыс істейді, ал осы мемлекет басшылары инновация мен жоғары технологиялардың қажеттілігі жөнінде сөз қозғайды. Біз оларға ұсынуға дайынбыз, алайда олар әскери қабылдаумен байланысты кедергілер қояды. Онда барлығы құпия, жасырын, бізге оған қатысу мүмкін емес дейді. Алайда, бұл күлкілі. АҚШ әскери технология саласында көшбасшы болып табылады, бірақ барлық жеткізілімдердің 90% жекеменшік компаниялар жасайды. Оларға қандай да бір әскери қабылдау жасаудың қажеті жоқ. Ресей қазір бұл туралы ойлана бастады: себебі барлық микрочиптер Ресей мен Қазақстанда емес, Азияда жасалады ғой. Жекеменшік компанияларға бұл нарықта жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздер, ал жасыру керек нәрсені жасырамыз, еш қиындық жоқ.

Біз қазір Ресейдің Қорғаныс министрлігінде не болып жатқанын, бюджеттен қандай ақша кетіп жатқанын білеміз, сондықтан менталитетті өзгерту керек. Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, оны табысты компаниялар әлдеқайда жасап қойған. Осы әлемдік тәжірибені мен Қазақстанға енгізгім келеді, ешкімнен ақша да сұрамаймын. Мен сапалы түрде жүзеге асырылған шешімдерім үшін жауапкершілік таныта аламын.Мұндай адам саны, мұндай нәтижелер кез келген компанияда жоқ. Біздің қызметкерлер бір жыл ішінде 200 тренинг өткізді, біз олардың құзыреттілігін арттыруға күш саламыз.

Қазақстанда жиі «Тренинг жүргізудің қажеті қанша? Олар ертең басқа компанияға кетіп қалады ғой» дейді. Алайда, бұлай қарайтын болсақ, барлығы орнынан жылжымай, сол деңгейде қалады. Ал біз қызметкерлеріміз үшін ұзақмерзімді  перспектива құрамыз: олар аттестация тапсыруға, белгілі бір бағытты басқаруға мүмкіндік алады, әркімнің өзінің өсу бағыты бар. Біз құзыреттілік арқылы қызметкерлердің әл-ауқатын арттыруды, сәйкесінше, компанияның бәсекеге қабілеттілігін көтеруді көздейміз. Сапалы жұмыс орнын құрып, жақсы жалақы төлеу арқылы біз қоршаған ортаны жақсарта түсеміз.Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы бағытта, атап айтқанда, қазақстандық құрамды арттыру бойынша қадамдар жасауда. Ресейде отандық өндірушілерді қолдау деген жоқ, нақты іс жоқ, тек бос әңгімелер. Қазір енді олар жұмыс орындарын құру керектігін түсіне бастады. Мысалы, неліктен Volkswagen, Renault-ты жинағанда жұмыс орындары құрылады да, «Газпром», «Роснефть» жеткізілімдері үшін жұмыс орындары ашылмайды?Мәселен, сорғы, арматура және т.б. жасауға болады ғой? Мұны неге жасамасқа?Қазақстанда бұл тұрғыдан Президент үлкен жұмыс жасады, әрбір компанияда қатаң түрде қазақстандық құрам 50% болуы тиіс. Маған бұл ұнайды. Біз қазір өндірісті осында көшіруді ойлап оытрмыз.

F: Қай қалаға екені шешілді ме?

- Әзірге таңдап, қарап жатырмыз. Алматыда «Алатау» АҚП «Ақпараттық технологиялар паркі» бар, түрлі алаңдар бар, алайда бұл жерде бәсекелік артықшылықтарды табу керек. Әйтпесе, Санкт-Петерборда немесе «Алатау» АҚП-да өндірудің қандай айырмашылығы бар?

F: Сіздің пікіріңізше, Қазақстанда кәсіпкерлік дамытуға қаншалықты жағдай жасалған? Бизнесмендер түрлі кедергілерді, жоғары салықты, жемқорлықты айтып, шағымданады...

- Келісем, кедергілер көп, алайда олар біртіндеп алынып тасталуда. Жемқорлық барлық елде бар, тек тәсілі әртүрлі. Алайда Қазақстан Ресеймен салыстырғанда, жылдамырақ өзгеруде. Ресей үлкен, әрі қозғалуы қиын.Мәскеу мен Питердің бізге жақсы білім бергенін пайдалануымыз керек. Бірігу керек, бірлескен жобалар жасап, жақсы спикерлерді шақыру керек. Біздің компаниямыз жобаларды басқарудың халықаралық стандарттары бойынша үйретілген, ондай мамандар Қазақстанда саусақпен санарлық. Мен өз басым елдің барлық ірі жоғары оқу орындарында тегін дәріс оқуға, өзімнің табысқа жету жолым туралы айтып беруге дайынмын.Кәсіпкер болып туылу керек: қанда басқалар көрмейтін дүниелерді көретін, қауіп-қатер үшін жуапкершілік арқалайтын ген бар. Қазақстанда бизнес-орта қолайлы деп санаймын. Мен қоршаған ортаны жылдам әрі оңай қалай өзгертуге болатыны, жаңа жұмыс орындарын құрып, кәсіпкерлерге отандық өндірушілерге арналған өнімді жеткізуге дайынмын.Жаңа буын – әлдеқайда батыл, оларды тәуекелге бел бууға үйретуге болады.

Фото Андрей Луниндікі.

Автор туралы

Лариса Черненко, Forbes.kz порталының тілшісі.

Дереккөз: Forbes.kz

Добавить комментарий