БАҚ
Пионер ұраны
– Мен сияқтылар көп емес, бәлкім, бүкіл халықтың 5% шығар. Бір бөлігі психиатриялық емханада отырса, басқа бөлігі әлемді өзгертуге талпынуда, – деп күледі Серікбай Бисекеев.
Ол бизнесті – өз ішіңдегі және айналаңдағы әлемді өзгерту мүмкіндігі деп қабылдайды. Оның әдетте жетістікке жетелейтін ерекше шешімдерінің бастау көзі де осы түсінік.
КӘСІПКЕРЛІК ҚАНДА БОЛУЫ КЕРЕК
90-шы жылдары ол Санкт-Петерборда оқып, көптеген студенттер сияқты шамасына қарай тіршілік жасады, алып-сатарлықпен айналысты. Тіпті Ресейдегі GSM стандартты ұялы телефондарды сату бойынша өз бизнесін аша алды. Аппаратты әкелу үшін Финляндияға аттанған ол ұялы телефондарды тек қалталы азаматтар сатып алатын Ресеймен салыстырғанда, онда аппаратты қарапайым тұрғындар да пайдаланатынын өз көзімен көрді. Ол уақыт өте келе ресейлік нарыққа ірі операторлар келіп, оның кәсібін көзді ашып-жұмғанша шайнап, жоқ қылатынын түсінді.
– Мен компаниямды саттым да, немен айналысатынымды ойлана бастадым. Оның үстіне сол бандиттік Петербордағы бизнес сенен ешкім келіп, күштеп, тартып ала алмайтындай болуы тиіс еді. Және түсінгенім: ең жақсы инвестиция – ол ақыл-ойыңды өсіру үшін қаржы құю, ал ең үздік бизнес – әлі ешкім айналыспаған кәсіп, - дейді Серікбай.
Осының барлығын Серікбай туған жері Қазақстан бойынша өткізіп жүрген дәрістерінің барысында әңгімелеп берді. 10 қыркүйек күні ол Досмұхамедов атындағы АМУ студенттерімен кездесті. Егер оның қолында тұрса, ол «Кәсіпкерлік негіздері» деген пәнді барлық жоғары оқу орындарының оқу жоспарына енгізер еді. Себебі ол бизнесті тіс дәрігері де, агроном да құра алатынына сенімді. Алайда кәсіпкерлік оның қанында болуы тиіс. Бұл оның сөзінің арасында көп қолданылатын тіркес. Қанында кәсіпкерлік жоқ адам – жай орындаушы. Оған бизнеспен айналысудың керегі жоқ, бәрібір тақырға отырады деген пікірде Серікбай. Жетістікке жетудің кілті – бастапқы капиталдың мөлшеріне, табысты ата-ана немесе «ағаларда» емес. Ауылдан шыққан қарапайым жігіт те бөтен елде ешбір қолдаусыз-ақ өз саласының үздігі бола алады. Мәселе – еңбек қабілетінде, нәтижеге ұмтылыста, шыдамдылықта. Өз бизнесіңді тек өз күшіңе толықтай сенгенде бастау керек, алдымен басқаларға жұмыс жасап, тәжірибе жинау керек. Өз кәсібін ашуды армандайтын түлек жұмыс таңдағанда жалақының көлеміне қарай емес, ол ала алатын білім көлеміне қарай таңдау жасағаны дұрыс.
Мемлекетіміз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдау бойынша түрлі бағдарламалар жасап, барлығы мұны дұрыс деп санап жүргенде, Бисекеев мұндай амалдардың жас кәсіпкерлерге тек зиян әкелетінін айтады:
– Өз елінде жетістікке жетіп, халықаралық деңгейге шыққысы келетіндерге қолдау жасау керек. Бұл отандық өнімді әлемдік нарыққа шығару үшін керек. Әйтпесе, мемлекеттің ақшасы жас бизнесмендерді бұзады. Олар грантты жеп қойып, тағы жаңасын сұрауға болады деп ойлайды.
Оның айтқандары жиі парадоксқа саяды:
– Кәсіпорынның дамуына тікелей ықпал етпейтін кеңсе сатып алып, ақшаны қатырып қоюдың қажеті жоқ, ақша ұдайы жұмыс жасауы керек, сондықтан мен бүкіл табысты бизнеске қайта құямын. Ал кеңсені, отбасыма арналған баспананы да жалдаймын.
ӨЗ ІСІҢМЕН БӨЛІС
Шикізат өндіруге бағытталып, «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар ауыз толтырып айтарлықтай дайын өнімі жоқ елден шыққан кәсіпкерлерге әлемдік планшет өндірушілердің алдын орап кету деген мүмкін емес. Бизнесті нөлден бастаған дұрыс. Бірінші болып бастағандарға қиын болады, ал ізінен жүрушілерге тек ережелерді жетілдірсе болды, икемдірек шарттар мен төмен бағалар ұсынса болды, бірінші бастағандар көштің соңында қалады деген пікір бар...
– Есесіне, оның нарықты құрып, өз ережелерін орнатуға мүмкіндігі болады, - деген пікірде Серікбай. – Кейін келгендер ерікті-еріксіз ол белгілеген стандарттарға мойын бұрады. Бастысы алты жерден құдық қазбай, нақты жобаға зейін қою.
Серікбай БИСЕКЕЕВ– Қостанай облысының Қамысты кентінің тумасы, ресейлік бизнесмен, қазіргі таңда Сингапурде тұрады. «Арман» холдингінің президенті, «Жыл кәсіпкері – 2012» халықаралық байқауының ресейлік кезеңінің финалистерінің қатарына кіріп, «B2B» аталымы бойынша марапатқа ие болды. Ernst&Young компаниясы өткізетін байқаудың өткізіліп келе жатқанына 30 жылға жуық уақыт болды, 50-ден астам елді қамтиды. Олардың ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, Жапония бар. Бұл марапатты бизнестегі «Оскар» деп де атайды.
Қаржылық мүмкіндік емес, идеялар маңыздырақ болатын істі қалай табам деген ой оны өнеркәсіптік байланыс саласына әкелді. 90-шы жылдардың соңында кәсіпорындардың алдында ең негізгі міндеттер – қондырғыны жаңарту, өндірістік қуатты арттыру, мамандар табу және т.б. тұрды. Алайда осы мәселелерді шешу үшін кәсіпорындағы инфрақұрылымды дұрыстау керек болды. Аса кең таңдау болған жоқ: нарықта кеңестік ұқсас диспетчерлік құрылғылар болды. Алдымен оның компаниясы дистрибьютор ретінде өз клиенттеріне (оның ішінде мұнай-газ саласының компанияларынан басқа, біртіндеп өнеркәсіптің басқа да салаларындағы кәсіпорындар да пайда бола бастады) неміс қондырғысын ұсынды. Алайда клиенттерде функционалды ерекшеліктерге байланысты өзіндік тілектер болды. Осылайша өз өнімін, өз бағдарламаларын жасау идеясы пайда болады.
– Бүкіл өндірісті өз мойныңызға алуға тырыспаңыз. Мердігерлерді, өз саласындағы шеберлерді жалдаңыз, аутсорсинг ережелеріне сәйкес өз жұмысыңыздың бір бөлігін оларға бөліп беріңіз. Қытайлықтар платаларды, құраушы бөліктерді жасай ала ма? Беріңіз оларға. Өзіңізге тек өзіңіз жасай алатын нәрсені қалдырыңыз, - деп кеңес береді жас кәсіпкерлерге Серікбай.
«Арман» ЖШҚ соны өнімі – бұл софт, бағдарламалық қамсыздандыру. Ол басқа құрылғылар келіп қосылатын шкаф-коммутатор түріндегі қондырғы. Оператор бір-бірінен алыс арақашықтықта жүрген бір кәсіпорындағы барлық қызметкерлерді жылдам хабарландырып, оларды байланыстыра алады. Негізінен бұл қондырғы өнеркәсіптік кәсіпорындар мен көлікте қолданылады. «Арман» сонымен қатар «Ақылды қала» бағдарламасына қатысады: адамдар көп жиналатын орындар – алаңдар, стадиондар, вокзалдар, метро және т.б. орындардағы қауіпсіздікті арттыруға арналған қондырғыны жеткізеді. Айтпақшы, олардың жұмыстарына қазақстандықтар да баға бере алады: Алматы метросындағы байланыс жүйесі, Астана әуежайындағы байланыс жүйесі «Арман» ЖШҚ еңбегінің жемісі. Ол сондай-ақ мұнай-газ саласы кәсіпорындарымен, электр стансаларымен, қорғаныс министрлігімен бірлесіп жұмыс жасайды.
ОРЫНДАУҒА БОЛАТЫН МИССИЯ
Барлық табысты компаниялардың сайттарында «миссияға» арналған бөлім бар. Онда олар өздері маңызды ден санайтын дүниелер жайлы айтады, өз қызметтерінің түпкі мақсаттарын анықтайды. Өз қызметін бастаған кезде Серікбай бұл сөздерді жай әдемі сөздер деп қабылдайтын. Алайда жұмыс жасаған сайын мұнсыз тіпті іспен айналысудың қажет емес екенін түсінеді. Ол оның қызметкерлері нарықтағы ең үздік мамандар болады деп шешті:
– Біз адамдарымыздың біліктілігін көтеруге көп мән береміз, олардың дамуы мен оқуына көп қаржы жұмсаймыз. Осылайша, жоғары санатты маманға қол жеткізіп, оған сәйкесінше жалақы төлейміз. Адам өзін керекті сезінеді, өзіне қанағаттанарлық сезім мен қаражат әкелетін іспен айналысуға құлшыныс білдіреді. Біздің миссиямыз да осы: әрбіріне дамып, өз ісінің үздігі атануға көмектесу.
Бизнесменге қазақстандық өндіруші қолдайтын қазақстандық құрам бағдарламасы ұнайды. Ресейде мұндай жоқ екен. «ЭКСПО-2017» идеясы – жаңартылатын қуат көздерін пайдалану. Бұл – жаңа қызмет алаңы, демек оның жанына жақын. Серікбайдың пікірінше, болашақ – қуат көздерінде, ол өз дәрістері барысында жастарды осы бағытта әрекетер етуге шақырады.
– Алға ұмтылыңыздар. Мен сияқты қазақ ауылынан шыққан жігіттің қолынан келген дүние, міндетті түрде сіздердің де қолдарыңыздан келеді.
Дереккөз мұнда.