БАҚ

Мұнайшылар мен өнеркәсіпшілердің біліктілікке сәйкестігін тексеру керек


18.08.2014
0

Мұнайшылар мен өнеркәсіпшілердің біліктілікке сәйкестігін тексеру керек

Жемқорлық, экономикалық қиндықтар мен кедейлік. Gallup International халықаралық зерттеу орталығының зерттеуі бойынша, 2014 жылғы әлемдік түйткілдердің үштігі осылар. Алдымен алғашқы екі түйткілді шешіп алып, кедейлікке қарсы қалай күресу керектігі жайында халықаралық нарыққа тамыр-таныссыз, бастапқы капиталсыз шыққан, Қазақстанда дүниеге келген бизнесмен, «Арман» холдингінің президенті Серікбай БИСЕКЕЕВ айтып берді.

БИЗНЕСТІҢ ЗАҢЫ ОСЫНДАЙ

– Саясаттанушы Досым Сәтбаев болашақта Қазақстанда бір елдегі тұрмысы әртүрлі топ адамдары әртүрлі ғаламшарда тұратындай жағдай орнайды деп санайды.

– Қазақстанда өте бай адамдар мен қалған халықтың арасындағы айырма өте үлкен. Қазақстандықтардың бір бөлігі кәсіби құзыреттіліктерінің, машықтарының арқасында емес, әкімшілік ресурстың, тамыр-таныстың арқасында ел ішінде жақсы өмір сүріп жатыр. Ал оларды бай етіп жатқан кім? Олардың көпшілігі оларды табысты етіп отырған орташа халық екенін ұмытады. Мәселен шенеуніктерді өз салықтарымен халық асырап отыр. Генри Форд капитализм және көлік құрастыру дәуірінің әу басында-ақ халықтың тұтынушылық қабілетін арттырмастан, көлік сатылымын көтеру мүмкін емес екенін түсінген. Осы тұста «Автомобиль – баршаға» деген сөз шықты. Егер халықтың қандай да бір затты сатып алуға шамасы келмесе, кәсіпорын мен оның иесі гүлденбейді. Біліктілікке сәйкес жалақыны дұрыс көтеріп, қызметкерлерді дамыту қажет, сол кезде экономика жақсарады. Егер халықтың ешнәрсеге мұршасы болмаса, мыңдаған теледидарларды, тоңазытқыштарды және басқаларын кім сатып алады? Ал тұтынушылық несиелермен біз халықты күйзелтеміз, себебі олардың тілектері мен мүмкіндіктері сәйкес келмейді.

Қазіргі қақтығыстар аясында кедейлікпен күрес ең басымы болуы тиіс. Үлкен елдер шағын елдерді шайнап, жұтып, өз империясын кеңейтуге тырысады. Бизнестің заңы осындай. Қазақстан – Әзірбайжан және басқа да көршілес елдер секілді алпауыт елдер үшін майлы шелпек. Сондықтан қазіргі біздің міндетіміз – бұрынғыдан да біріге түсу. Билік өз халқымен тығыз байланыста болып, кәсібилікті дамытуда көмектесуі керек. Адамға сұраныс болып, оның жағдайы жақсы болса, оны билікке қарсы қою мүмкін емес.

Айпақшы, тұтынушылық несиелер туралы. Жақында Ұлттық банк басшысы қазақстандықтарды оларды алмауға шақырды. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Өз қаражатыңызға өмір сүріп үйреніңіз! Несие алып, оларды қайтарған адамдар бар. Алайда, ондайлар аз. Негізі несие алғандар ма, әлде оларды алмағандар ма – қайсысылары бақытты екенін білген қызық болар еді. Біздің адамдарда баспана мен көлігің болуы міндетті деген түсінік бар. Адамдар, әлем өзгерді! Банкке жұмыс істеп, кейін жағымсыз көңіл күйді балаларға таратқанша, бүгінгімен өмір сүріп, әсерлерге бөлену керек. Ақшаны мәңгі құндылықтар – білім, саяхатқа жұмсаңыз!

– Ал сіз өзіңізді қай санатқа жатқызасыз?

– Бақытты адамдар санатына. Мен бір де бір стандартты жіктеліске келмеймін: мені бай немесе олигарх деп атай алмайсыз, мен саясаттан тыспын, менің сарайларым, кемелерім мен «бентлиім» жоқ. Жақында мен әлемнің түрлі аймақтарының өкілдері – Франция шараптарының Оңтүстік Шығыс Азия елдеріндегі табысты дистрибьюторы французбен, бүкіл әлем бойынша жұмыс жасайтын Индонезия, Малайзия, Австралия, Швейцария тұрғындарымен бірге француздық шатоларда болдым. Қазақстандықтарда халықаралық нарықтарға шығуда бір сенімсіздік бар. Өз-өзіне сенбеушілік пе, әлде қандай да бір қорқыныш па, бізге қанатымызды кеңге жаюға мүмкіндік бермейді. Ата-бабасы осындай ұлай-ғайыр жерді қорғап қалған ең ұлы ұлттардың бірінің өз-өзіне деген сенімділігін көтеруқажет. Және барлық артықшылықтарымызды мемлекетімізге зиян келмейтіндей етіп пайдалануымыз керек. Айтпақшы, өз жерімізді қытайлықтарға жалға бере отырып, біз өзімізге үлкен зиян келтіреміз. Жерімізді бүлдіреміз, жыл өткен сайын құны артып келе жатқан табиғи тамақтану өнімдері бойынша бәсекелік артықшылығымызды жоғалтамыз. Себебі жер бетінде сау жер барған сайын азайып келеді.

КЕМШІЛІК ЕМЕС, ДЕГЕНМЕН ТҮЙТКІЛ

– Кедейлікпен қалай күресуге болады? Айтпақшы, жалпы кедейлік деген және қазақтікіндей кедейлік дегенді қалай түсінесіз?

– Мен үшін бұл ұғымдар ұқсас. Кедей адам білімсіз, кәсіпқой емес, ой-санасы мен таңдауы да шектеулі. Түк те істегісі келмейтін адамдар болады, оларға сол өмір жайлы. Сондай-ақ, сол өмірді өзгерткісі келетін, алайда өз күшіне сенбейтін адамдар болады. Олардың сенімін нығайту керек. Былайша айтқанда, миды сілкитін қолжетімді тәсіл табу қажет. Ал кедейлікке қарсы күрес тәсілдеріне келсек, бірінші кезекте адамдардың құзыреттіліктерін арттыру керек. Мен мұнай-газ жобаларындағы кейбір шетелдік сарапшылармен сөйлестім, олар «бізге Қазақстандағыдай еш жерде көп ақша төлемейді» деп күледі. Оның үстіне, біздің басшылар шетелдік мамандардан нәтиже талап етпейді, көрсеткіштер неге өспей жатқанын түсіндіруді сұрамайды, жергілікті қызметкерлерді үйретпегендері үшін жазаламайды және жұмыстан шығармайды. Шетелдіктер «біздің алдымызға ешкім ондай талаптар қоймайды» дейді. Себебі қазақстандық директорлардың мақсаттары қысқамерзімді. Ендеше соншама қыруар қаржы жұмсап, ол адамдарды ұстап отырудың қажеті қанша?..

Республикада «А» корпусы мемлекеттік қызметкерлерін аттестациядан өткізеді. Алайда ол шенеуніктер ел экономикасына табыс әкелмейді ғой! Аттестацияны негізгі табысты әкеліп отырған мемлекеттік компаниялардан бастаған қисындырақ. Бізге мұнайшылар мен өнеркәсіпшілердің біліктілікке сәйкестігін тексеру керек. Грейдинг жүйесі бұл қателікті түзейді. Сол кезде адамдар компания штатында тіркеліп тұрғандықтан емес, өз құзыреттілігі мен ортақ іске қосқан үлесі үшін жалақы алады. Айтпақшы, жақында маған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан тәуелсіз директор болу ұсынысы түсті...

ЖАҢА ДЕҢГЕЙ

– Сіз қор ұсынысын қабылдадыңыз ба?

– Иә, тіпті бизнеске арналған несиелер бойынша жалпы жағдаятты талдауға кірісіп кеттім.

Қанша несие берілгенін, ашылған өндірістер қызметінен мемлекетке салық түрінде қанша ақша оралғанын, қанша кәсіпорын жабылып қалғанын зерттеу қажет. ШОБ-қа арналған даму институттарын ұйымдастырып жатқанда табысты кәсіпкерлер болмаған. Ал өзі ештеңе құрмаған адам жобаның табыстылығы және несие беру туралы қалай шешім қабылдай алады? Басқа мәселе – мүдделер қақтығысы, жобалар сараптамасы мен олар бойынша есептердің жариялы еместігі. Сондықтан «Дамудың» жаңа басшысы біз жағдаятқа сырттан қарап, жаңадан бастаған және аяғына нық тұрған кәсіпкерлерді қолдау жүйесіне байланысты өз көзқарасымызды ұсыну үшін осы саладағы тәуелсіз сарапшыларды шақырды.

Несиелік сараптаманы табысты тәуелсіз кәсіпкерлерден тұратын белгілі бір комитеттер арқылы жасау керек. Алдымен қазақстандық, кейін шетелдік. Мен Жапония, Корея, Малайзия сияқты басқа елдермен Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдаудың бірлескен қорын құру мүмкіндігін ойластырдым. Алайда бұл жағдайда отандық жобалар халықаралық директорлар кеңесінің сараптамасынан өтулері тиіс. Және мен тәуелсіз директор ретінде елге басқа нарықтарға шығу мүмкіндігімен, бизнес жобаларының халықаралық сараптамасын жасауға көмектескім келеді.

Аймақтардағы кәсіпкерлерден несие алудың қиын екенін жиі естимін. Және осы тұста менің жұмысым бизнесті оңтайландыру, оған инвесторларды тарту бойынша кеңес беруде пайдалы болуы мүмкін. Қазір «Даму» қоры несиені тікелей беруді қойды, сөйтіп, жемқорлықтың алдын алды. Енді кәсіпкерлердің басын банктердің тәуекел бойынша менеджерлері қатыратын көрінеді. Мен банкирлермен және бизнеспен қарым-қатынасқа тереңірек бойлап, түйткіл қайда екенін түсінгім келеді. Жоба сапалы дайындалған жағдайда шараларды жеңілдету бойынша тетіктерді қалай табуға болады?

Айтпақшы, білім туралы мәселеге оралсақ. Көпшілігі кітапты оқи салу мен автордың Қазақстанда жүзбе-жүз сөз сөйлеуінің арасында не айырма бар екенін түсінбейді. Кітап табысты дәріс оқушының сөйлеген сөзі сияқты қанаттандырмайды. Бәлкім, мемлекет ғаламтор мен спутниктік арналар арқылы аймақтарды қамтып, адамдарды игі істерге шабыттандырып, шетелдік серіктестер тауып, бірлескен кәсіпорындар құруға көмектесетін, аты әлемге әйгілі табысты кәсіпкерлерді шақыруды бастама етіп көтеруі керек шығар. Бәлкім, менікі дұрыс емес те шығар. Алайда мен сыншыларға қарағанда, әйтеуір әлдене ұсынғанды жөн көремін...

Негізгі материалға сілтеме: Мегаполис

Добавить комментарий