БАҚ

Кең өрісті таңдаңыздар


24.05.2013
0

Кең өрісті таңдаңыздар

Неліктен ол көпшілік алдына шығудан қорықпайды? Неден қорқу керек және әуесқойлықтың қажеті қанша? Неліктен ол рейдерліктен қорықпайды? Неліктен қазақстандық бизнеске халықаралық деңгейді бағындыру қиын? Бұл жөнінде ТМД-дағы 2012 жылдың үздік кәсіпкері, «Арман» компаниялар тобының президенті Серікбай Бисекеевпен сұхбаттан біліңіздер.- Серікбай, соңғы кезде сіз туралы жиі жазатын болды. Қазақстанда жұртшылық алдына шамадан тыс шығуға үрке қарайды. Сіздің мұндай ашықтығыңызға не себеп?- Маған бұл тақырыпта сұрақ қойған кезде, сенбеулеріңіз мүмкін, мен туралы менің келісімімсіз жазады. Сондықтан мен Қазақстанға келіп, өзім жайлы өзім айтып, сіздерде тек тар шеңберде айтылатын әңгімелер туралы өз пікіріммен бөлісуді жөн көрдім. Біздің өсетін деңгейіміз алда, президент нұсқаған жақсы трендтер бар. Оларды тек дұрыстап енгізе білу керек. Негізгі мәселелердің бірі – дұрыс атқару. Егер Елбасы қай бағытта жылжуымыз керек екенін көрсетсе, сол мақсатқа жету көрсеткішінің не екенін анықтап алу керек. Адамдар әдетте мемлекеттік бағдарламаларды өз мүдделеріне пайдаланады. Мәселен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын мысалға алайық. Президент білім мен денсаулық сақтау саласының мәселелерін шешкісі келді, шенеуніктер оны алды да, өзгертіп жіберді. Бюджетті игерді, ал білім мен медицина деңгейі бұрынғыша қалды. Ұғымдарды алмастыру орын алып жатыр. Бұл да түсінікті: шенеуніктерде мотивация жоқ, жалақылары төмен, оларды жұмысқа құзіреттілік деңгейі бойынша алмайды. Бизнесті басқарудың халықаралық тәсілдері бар, оны ойлап тапқан мен емес. Егер президент трансұлттық корпорацияны құрғысы келсе, менеджерлері де сол құзыреттіліктерге сәйкес келулері тиіс.- Сіздің Ресейде, Латын Америкасында, Сингапурда бизнес жүргізу бойынша тәжірибеңіз мол. Ресейдегі бизнес-орта Қазақстандағыдан ерекшелене ме?- Өте қатты ерекшеленеді. Мен бұл жайында жиі айтамын, қазақстандықтар ренжімес. Біздің құзыреттілік деңгейіміз басқа елдермен салыстырғанда төмен. Егер біз құзыреттілігімізді көтерсек, бізбен санасатын болады. Қазір шетелдіктер бізге тек айтқанды орындауды білетін адам сияқты қарайды. Біз қазір көптеген оқытушылар мен мамандардың ел асып кеткені туралы өзімізге есеп беруіміз керек, біздің қазіргі мақсатымыз – қалғандарын ұстап қалу. Білімді мектептен бастап көтеру керек. Мемлекет педагогикалық институтты бітірген студенттің батыстық компанияға емес, аймақтарға кетуіне жағдай жасауы тиіс. Ол үшін жастарға жақсы келісімшарт, әлеуметтік мүмкіндік ұсыну керек. Мемлекет мансап жолындағы өткелдерін ынталандырып, оларға кепілдік беруі тиіс. Бұл – ең маңызды шарттардың бірі. Егер біз сапалы, қолжетімді білімді барлығына бірдей ұсынсақ, бізде ел тізгінін сеніп тапсыратын кәсіпқойлар пайда болады. Қазір біздегі ірі жақсы жобалар шетелдік компанияларға беріледі. Қазақстандық компаниялар тәжірибелерінің аздығына байланысты шет қалады. Бұл жерде министрліктер үшін маңызды мәселелердің бірі – белгілі бір нысандардың бірлескен құрылысымен қамтамасыз ету. Заң жүзінде шетелдік менеджерлердің өздеріне орынбасарларды жергілікті персонал ішінен дайындауы туралы келісілуі тиіс. Және ол біліктілігі жоғары орынбасарды дайындағаны үшін бонус алуы тиіс. Жоғары оқу орындарына да қатысты осылай. Біз жүздеген білікті профессорлар жұмыссыз қалған Еуропа мен Америкадағы құлдырауды пайдалануымыз керек. Біз оларды дәріс оқыту үшін өзімізге шақыруымыз керек. Бірнеше мыңдаған болашақтықтарды шетелге жіберу тиімсіз, президент дер кезінде түзету енгізіп, Назарбаев Университетін құрды. Дәл осылай әрбір облыс орталығынан әрбір аймақтың қажеттіліктеріне қарай мамандандырылған университет құру керек. Сол кезде балаларымыз елінен жырақта жүрмей-ақ, халықаралық деңгейдегі білімді алады.- Сіз білімді Ресейден емес, Қазақстаннан алсам, мұндай жетістікке жетпес едім, оның үстіне, Сингапурда да, Ресейде де бәсекеге қабілетті болмас едім дегіңіз келе ме?- Иә, егер мен Қазақстанда қалғанымда, ешбір халықаралық деңгейді бағындырмас едім. Мен дүниежүзіне «Made in Kazakhstan» деген жазуы бар өнімді шығармайтын барлық қазақстандық бизнесмендер сияқты болар едім. Себебі менде құзыреттілік пен ашық нарықтағы бәсекелестік тәжірибесі болмас еді. Мұнда барлығы өз нарықтарында ойнайды. Барлығына қандай да бір әкімшілік ресурстар тұсау болады. Еліктейтін кәсіпкерлер көп емес. Менен «Неге Қазақстанға оралмайсың?» деп сұрағанда, мен «менің тегім Назарбаев емес, мені мұнда ешкім күтіп тұрған жоқ» деп жауап берем. Сондықтан мен кедергілерді жойып, уақытымды зая кетіргім келмейді. Мен уақытымды құзыреттілікті көтеруге жұмсадым, барлығына егер де еркін тәуелсіз кәсіпқой болса, әлемнің кез келген нүктесінен жұмыс жасауға мүмкіндік ашылатынын дәлелдегім келеді.- Дегенмен, сіз Қазақстанда жұмыс жасап жатсыз. Ненің арқасында?- Тек құзыреттіліктің арқасында. Мұны нарыққа ұқтыру үшін көп уақыт кетті. Көпшілігі өзінің жеке мүддесін әңгіме етті. Қазір мені дәріс оқуға шақырғанда, мен студенттерге мынаны анықтап алуды ұсынамын: мемлекетке аптасына 7 күн жұмыс істеу, немесе сауда-саттықпен ақша табу. Маған адамдар үкіметке ақша табу үшін баратынын айтқанда, мен оларға мұның абақтыға ұқсас жүйе екенін түсіндіргім келеді. Менің ел үкіметіне деген ұсынысым бар. Белгілі бір халықаралық тәжірибелер бар, адам миллиардтаған айналымы бар компанияны басқарған кезде, оның жалақысы да қомақты болуы керек. Сол кезде ол өз мүддесін ойламай, ел мүддесіне жұмыс жасайды.- Сұхбаттарыңыздың бірінде сіз шенеуніктердің жалақысын Сингапурдың деңгейінде көтеру керек дедіңіз. Сіз жалақыны көтеру Қазақстандағы жемқорлықты жояды деп ойлайсыз ба? Әлде басқа да шаралар керек пе?- Барлығы өзара байланысты. Жақсы жалақы алу үшін сіздің ірі компаниялардағы тәжірибеңіз бен тиісті деңгейдегі құзыреттілігіңіз керек. Ал олар әдетте тірнектеп жүріп, өз абыройын жинаған адамдар. Олар абыройының төгілгенін қаламайды. Бастарын қатерге тікпейді. Жылына 2-3 миллион доллар жалақы алған кезде, адал қызмет ету тиімді. Жемқорлық жойылып, үкіметке бизнестен хабары бар басқарушылар келеді.- Сіздіңше, біздің кәсіпкерлердің жетістіктері нарық шеңберінің тарлығы мен төмен бәсекелестік жағдайында түкке тұрмайды ма?- Бәсекелестік расында да өте төмен деңгейде. Өздеріңізді халықаралық нарықта көрсетіңіздер. Жақында Қазақстан ДСҰ-ға енеді. Бізді неғұрлым тезірек теңізге лақтырса, жүзуді де соғұрлым тез үйренеміз. Қазір біз жүзуді білмейміз. Президент бізге жоқ дегенде Кедендік одақ елдерінің арасында бәсекеге қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік беріп, оңтайлы жағдай жасады. Және біз бұл бәсекелестікке төтеп бере алмадық. Экспорттың көлемі азайды, импорт көбейді. ДСҰ бұдан да қиынырақ болмақ. Президент бизнесмендерге қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беріп, қолынан келгеннің барлығын жасады.- Демек, бизнес өзінің инфантильдігі үшін толықтай жауапкершілік арқалай ма?- Әрине. Бизнесті жүргізіп отырған президент емес қой.- Ендеше, біздің мамандардың құзыреттіліктерінің төмендігі үшін кім жауапкершілік арқалайды?- Әрбіріміз. Біз мысалы үздіксіз өзін-өзі үйретуші компания құрдық. Мұны жасайтын компаниялар көп емес. Мәнісі мынада – бәріміз болашақ пайдалы қазбаларда емес, баста екенін жақсы түсінеміз. Және біз әрбір күні жетіле түсеміз: барлығымыз кітап оқимыз, тренинг, семинарлар өткіземіз, ұдайы ақпарат алмасамыз. Бұл өзіндік корпоративтік университет секілдіміз. Осының арқасында біз жобаларды басқару саласында әлемдік көшбасшыларға айналуды жоспарлап отырмыз.- Алайда сіз өз сөзіңізге қарсы шығып отырсыз. Сіз жаңа ғана Қазақстанда мұндай деңгейге жетпес едім дедіңіз. Ендеше сізге бәсекелестіктің, кәсіпкерлік ортаның болмауына байланысты дами алмаймыз деуі мүмкін.- Мынаны түсініңіз: мен компания құру бойынша білімді Путиннен немесе Обамадан алған жоқпын. Мен оны өзім құрдым. Біз қызметкерлерінің құзыреттілігі бойынша әлемде бәсекеге қабілетті компанияны құрдық. Дәл осылайша кез келген адам өз ішінен шарттар қойып, персоналына білім бере алады. Компаниямыздың миссиясында «біз қызметкерлердің біліктілігін көтеру арқылы олардың отбасыларының әл-ауқатын арттырамыз» делінген. Компания бұдан әлемдік нарықта бәсекеге төтеп беруге дайын біліктілігі жоғары персоналды алады. Біз бұны іштей құрамыз. Бізге ешкім гранттар немесе несиелер бермейді. Біздің артықшылығымыз да осында.- Қазақстандық жобаларды алу үшін сіз қандай аргумент келтірдіңіз?- Тек өніміміздің артықшылығын. Біз жасайтын өнім еш жерде жоқ. Біз бұл саладағы көшбасшымыз. Президенттің «жұмыс орындарын ашыңыздар, заманауи технологияларды енгізіңіздер» деген сөзін естігенде, менде Қазақстанға деген сенім пайда болды. Біз Алматының түбінен энергетикалық қондырғылар өндірісін құрдық. Қазір газ құбырлары жобасына қатысудамыз. Демек, тек өз білімімізбен және қабілеттерімізбен Қазақстанда жоқ өнім жасап жатқанымызды дәлелдейміз. Олар расында да жақсы. Құдайға шүкір, жеке басының мүддесін емес, инновацияларды да ойлайтын басқарушылар бар. Жел паркіне байланысты да осылай. Біз екі жыл бұрын осы жобаны қаржыландыра бастағанда, ешкім бұл идеяға мән берген жоқ. Ал мен Президенттің «Экспо-2017 көрмесіне қатысамыз, барлық жағдай жасалады» деген сөздеріне сендім... Және қазір бұл салада біз көшбасшылардың біріміз. Сәл жел энергетикасында жетістікті дамытуға мүмкіндік болмай жатыр. Мен бұл туралы жаздым да, айттым да. Бізде заңдар жетілмеген. Біздің заңдарды өндіріс пен бизнестен алшақ адамдар жаза берсе, жел парктерін біз тек қағаз жүзінде салатын боламыз.- Құпия болмаса, бұл қандай технология?- Біз Қазақстанға мүлдем жаңа технология: майсыз, ауамен салқындатылатын генераторларды әкелдік. Қазіргі генераторлардың көпшілігі маймен салқындатылады. Бұл генератор НАСО америкалық аэроғарыш агенттігіне арнап жасалған болатын. Себебі ғарышта адамдар май ауыстырмақ түгілі, қозғала алмайды. Қазақстандағы тендерлер қалай ойнатылады? Ең төмен бағаға бағытталады. Генератор 50 мың доллар тұрады. Ондай генератордың пайдалану мерзімі қалай болады? Бұл жерде сервистік компаниялар мен шенеуніктер рақатын көреді. Ал мемлекетке бұл тиімсіз. Біз кез келген сәтте сынып қалуы мүмкін төмен сапалы генераторларды аламыз, өндіріс құлдырайды, бос тұру көбейеді. Егер прокуратураға сервистік келісімшарттарды қарастыруды ұсынсақ, көптеген қызықты мәселелер белгілі болатынына сенімдімін. Ал біз жаңа термин – иелік құнын енгізуді ұсынамыз. Әрбірі жобаға меншік иесі сияқты қарайды. Мысалы, қондырғы 10 жыл жұмыс жасайды делік. Меншік иесінің 10 жыл ішінде қандай шығындарды өтейтініні есептейік: қондырғы құны, отынға кететін шығын, қосалқы бөлшектер, персонал, сервис. Ал егер де 10 жыл бойы қызмет етуге кепілдік беретіндерді таңдасақ, дұрыс шешім осы болады. Жолдарға байланысты да осы мәселе. Әлемде адамдар тасжолға 50 жылға кепілдік береді. Егер біз оларға меншік иесі сияқты қарауды бастасақ, қызметтері түсінікіз, сенімсіз компаниялар тендерлерді ұтып алуын тоқтатады.- Бізге бұл тәсілді енгізуге не кедергі?- Басқарушылардың құзыреттілігінің төмендігі. Мен оларды түсінемін. Олар қысқа мерзімді ойлайды. Оларда ұзақмерзімді мотивация жоқ, себебі екі-үш жыл сайын адамдар өзгере береді. Алайда, әрбір адам баласын жақсы мектепке беріп, жайлы жағдайда өмір сүріп, өзін күткісі келеді.- Бұдан мынадай шешім шығаруға бола ма: Президент құзыретсіз топты жинаған, құзыретсіз топ тағы да құзыретсіз топты жинаған. Немесе жұмсартсақ: Президент құзыретті топты жинады, ал ол құзыретсіз топты жинады.- Жемқорлық кедергі қылады. Бұл түйін үзілмейінше, ешқандай өзгеріс болмайды. Қорқа бастады, қамай бастады деп жатады, алайда айтарлықтай өзгеріс жоқ.- Ресей мен Қазақстандағы жемқорлық деңгейіне қандай баға бересіз?- Ресейде жемқорлық деңгейі Қазақстанға қарағанда жоғары, алайда бұл үлгі тұтарлық жағдай емес. Екі елге де жөндейтін тұсы көп. Адамдарды әлі де қоңыраумен жұмысқа қабылдайды.- Оңтайлы сценарийді ойластырайық: Қазақстан сіздің бизнесіңіздің негізгі даму аймағы болды делік. Осы кезде сізге ықпалды адам қоңырау шалады да, бөлісуді сұрайды...

- Біріншіден, мұндай болуы мүмкін емес. Алдымен біреуді жібереді. Мен бизнесмен ретінде бұған былай қараймын: егер адам серіктестікті ұсынса, әрқайсысы қандай міндеттемелерді өз мойнына алатынын айтуы тиіс. Егер теңдей деңгейде қарым-қатынас құрылса, мен ойланып көруге дайынмын. Егер ұсыныстар дұрыс болмаса, мен сәл солай әрекет жасаймын. Мен бизнесімнің жоғары интеллектуалды екенін дәлелдеу үшін барлығын жасаймын. Біздің активтеріміз бен құндылықтарымыз баста, бізде ғимарат жоқ, сондықтан біз кез келген сәтте кез келген елге көшіп кете аламыз. Және Қазақстан біздің басты табыс көзіміз емес.- Сіз өзіңіз айналысатын кәсіпті стокгольмдік бизнес мектебінен кейін анықтадыңыз. Сізді дәл осы нарықты зерттеуге не итермеледі?- Өз бетіңмен талдау жасауың керек. Нарықта мені ұялы телефондар желісін сатуға итермелеген кезде, мен көшіру мүмкін емес бизнес құру керектігін түсіндім. Екіншіден, сол кезде ақша тек мұнай саласында болды. Біз олар үшін не істей аламыз? Менде көп ақша, мұнайшылармен байланыс жоқ, алайда мен егер адамда әлденеге деген қажеттілік болса, оны ол міндетті түрде сатып алатынын түсіндім. Сондықтан біз ол қажеттілікті анықтадық та, алдымен импорттық өнімдермен өтедік, кейіннен өз өндірісімізді аштық. Бұл бізде тұтынушыға жақындата түсті.- Үздік ойыншымен олардың өнімін Ресей нарығына жеткізу туралы келссөздер қалай өтті? Оңайға соқты ма? Дәл сіздермен жұмыс істеулері керек екендеріне қалай көздерін жеткіздіңіз?- Шын мәнісінде аса қиын болған жоқ. Біріншіден, нарықтың шеңбері өте тар және барлығы онда ойнағысы келеді. Адамдар бірден миллиард алғысы келеді, сату көлемі шағын, тар нарықта ешкім ойнағысы келмейді. Екіншісі, кез келген жобалық бизнесте шыдамдылық болу керек. Бұл ТМД-да бізге жетіспейтін дүние. Күшті шоғырландыру және шыдау. Әдетте бизнесті бастайды, шыдамдары жетпейді, жарты жолдан тастайды да, жаңасына кіріседі. Біз бірінші келісімшартқа қол жеткізу үшін бір жыл күттік. Және бастысы құзыреттілік. Мен немістермен бір бизнес тілде әңгімелестім, олар білімді құзыретті адаммен сөйлесіп отырғандарын түсінді.- Сіздің компанияда жүздеген тренингтер өткізіледі. Олардың 95% кәсіби машықтарға арналған, және тек 5% тимбилдингке арналған. Көпшілігі осылай дейді, алайда менің тәжірибем сөз бен істің алшақ екенін көрсетіп жатады. Бұл сіздің компанияда қаншалықты жолға қойылған?- Иә, көпшілігі айтады, алайда барлығы мұны тиісінше жеткізіп, енгізе алмайды. Мен компанияның мақсатын қолдайтын пікірлестерді таптым. Мен жоғары деңгейлі кәсіпқойларды таба алдым, олар қазір біздің бизнестің құрылымын адамдарға жеткізумен айналысады. Кейбір адамдар біздің құрылымды түсінбеуі мүмкін. Алайда біз өз қызметкерлеріміздің кескін-келбетін жазбай танимыз.- Сіз сөздеріңізде әуесқойлық пен қорқынышты жиі қолданасыз. Бұл неге байланысты? Қалай ойлайсыз, әуесқойлықтың болуы мен қорқыныштың болмауы – бұл туа біткен қасиет пе әлде бойға сіңірген қасиет пе?- Қорқыныш әрдайым болады. Кімде-кім қорқынышты жеңіп, ұйқысыз түндерде әуесқойлықпен жұмыс істесе, сол жақсы бизнесмен болады.- Сіз үшін бизнес спорт па?- Бұл – спорт емес. Бұл – өз-өзіңді сипаттау мүмкіндігі. Менің қымбат жекежайым жоқ, мен пәтер жалдаймын. Қазақстанда мені түсінбейді. Ал мен ақшаны өз бизнесіңді дамытуға мүмкіндік болғанда, оны қатырып қоюды түсінбеймін.- Қалай ойлайсыз, қымбат үй мен көлік сатып алуға деген ұмтылыс ділмен байланысты ма әлде адамның өзін-өзі бағалау деңгейінің төмендігі ме?- Бұл өзін-өзі бағалаудағы түйткілдер. Әрбірі өзінің жетістігін көрсеткісі келеді. Алайда дүниежүзі бойынша адамдарды біліміне қарай қарсы алады.- Ірі олигархтардың бірі бизнеске 25 жаста, ал саясатқа 50-60 жаста келу керек деп санайды. Ал сіз жасы 40-тағы өз бизнесін бастағысы келетін жалданып жұмыс істеушілерге қандай кеңес бересіз?- 45-те қиындау. Ал 25-те әлі балаларың жоқ, тәуекелге бел бууға болады, ал жас келгенде, қорқу басталады. Сондықтан мен өздерінің бизнес-бірліктеріндегі 40-тан асқан үздік басшыларға жоғары білікті миноретарлы компания акционері болуға кеңес беремін. Жиі адамдар жұмысқа орналасып, маған акционерлерін жамандайды. «Мен осыншама пайда әкеліп жатырмын, ал акционерлер мені түсінбейді» дейді. Бірде-бір акционер жақсы қызметкерден бас тартпайды. Қазақстан нарығында кәсіпқойлар соншалықты көп емес. Егер табысты менеджер бар болатын болса, оны дамыту керек.- Сіздің үзеңгілесіңіз қандай болуы керек?- Әлемді қалыптан тыс, жаңашыл әдістермен өзгерткісі келетіндер. Бізге барлығы секілді ойлайтындар керек емес. Егер адам шарықтайтын болса – ол бізге керек адам деген сөз.- Сіздің қайырымдылықпен айналысатыныңыз белгілі. Сізді бұған іштей қандай күш итермелейді? Библиядағы кірісіңнің оннан бірін бер деген ұстаным ба, әлде мен басқаларға көмектесем, алайда сен де маған көмектес деп, құдаймен саудаласу ма?- Жақсы сұрақ. Маған діни адамдар ренжімесін, алайда мен атеиспін. Мен өзіме сенемін, бәлкім уақыт өте келе мен дінге келетін шығармын. Жиі мен жеңіл ақшаны қалай жұмсайтындарын көремін: сарайлар, футбол командаларын сатып алады, банкке салады, салығы төмен аймаққа шығарады. Адамдар өз еліне қаражат құя алатынын түсінбейді. Ал біздегі спорт – кім көбірек жұмсайды. Алайда жұмысқа не үшін барып жүргеніңді түсінуің керек. Егер де адамдарды бақытты етуге деген ұмтылыс болса, бұл одан да көбірек қуаныш әкеледі.- Келіссөздер жүргізу барысында сіздің этникалық тегіңіз көрініс таба ма?- Мен космополитпін. Әрбір этностың ең жақсы қасиеттерін пайдалануға тырысамын.- Сіздің ішкі кеудемсоқтығыңыз қандай деңгейде?- Мен өзімді кәсіпкер ретінде көремін. Әрбір адам өз ісімен айналысуы тиіс, жұмыс орындарын құрып, технологиялар енгізіп. Мен 2020 жылға дейін дайын зауыттарды, инфрақұрылымдарды салатын ірі компанияға айналғанымызды қалаймын.- Демократияға деген көзқарасыңыз қалай?- Жақсы. Бізде корпоративтік басқару. Менің серіктестерім менен ақылдырақ. Біздің компанияның артықшылығы осында. Қазақстанда жанында ақылды адам болса қорқады. Менің қызметкерлерім жақсы ақша табады, олардың жалақылары мен бонустары менікінен көп.- Ал атаққұмарлықпен қалай күресесіз?- Мен стратегия саласында көшбасшы болуға тырысамын. Бұл менің қолымнан келеді.

http://youtu.be/7pn6GCr6sME

http://youtu.be/Zakju43Jpi4

http://youtu.be/LQ_ueUZEEb4

Добавить комментарий