Блог

Жаңа жылдың басы – жылға жоспар құратын тамаша кезең


06.01.2017
0

Жаңа жылдың басы – жылға жоспар құратын тамаша кезең

Достар, келіп жеткен жаңа 2017 жыл құтты болсын!

Жаңа жылдың басы – бұл 2017 жылға жоспар құратын тамаша кезең.

Мен бұрынғыша Сіздерге уақыт бөліп, қолға күнделікті алып, жаңа мақсат-міндеттерді жазуға кеңес беремін.Өміріңіздің ата-ана, отбасы, мансап, спорт, демалыс және т.б. негізгі салаларындағы өзіңіздің даму жоспарыңызды тұтас бір жылға арнап жазыңыз. Әрбір тармақ үшін мерзім белгілеуді ұмытпаңыз.

 

Есіңізде болсын, бақытты болып, бақытқа қол жеткізу үшін – жоспарлау және барлық салада тепе-теңдік сақтау қажет. Жетістікке жетудегі басты құрал – Күнделік. Мен оны 12 жасымнан бері жазып келемін. Және уақытымды ұдайы жоспарлаудың арқасында мен көп нәрсеге қол жеткіздім.

 

2016 жылдағы менің негізгі жетістіктерім:

1. Орыс тілінде «Сделай Себя Сам» атты кітабымды жазып шықтым, ол қазақ тіліне аударылды, «Жетістікке жету күнделігін» дайындадым, контентін жазуға, беттеуге, дизайнын ойластыруға, типографияда келістіруге және оның таралу бағдарламасына қатыстым. Нәтижесінде басып шығарылғанына бар болғаны 8 ай өткенде, кітап Қазақстанда ең көп сатылатын 10 кітаптың қатарына кірді.

2. «Даму» қорының қатысуымен Астанада, Алматыда, Ақтөбеде, Қызылордада, Қостанай мен Шымкентте жастар мен кәсіпкерлерді дамыту бойынша дәрістер оқып, тәжірибеммен бөлістім. Өңірлердегі кәсіпкерлерде қандай қиындықтар бар екенін білдім, бизнесті аяқтан шалатын бюрократияшыл кедергілерді жоюға көмектесемін.Қаржылық көмектен бөлек, қаржылық емес көмекпен айналысатын «Даму» қорына айрықша алғыс айтамын. Бұл істері менің де құндылықтарыма сәйкес келеді. Сонымен қатар ай сайын Астанада «Даму» қорының Директорлар кеңесінде жұмыс жасадым.

3. «Startup Bolashak» ТВ жобасының қазылар алқасы құрамында болдым, және бірқатар жобалардың капиталдарына қатыстым, қатысудың шарты осы болды. Өкінішке орай, жастарға көмектесуге ниет білдіргендер аз екен. Бұл менің маманданған салам болмаса да, көмектесуге бел будым. Келесі жылы меценаттардың қатарынан тілек білдірушілер көбейеді деп үміттенемін.

4. Мәскеуде, Тбилисиде, Астанада және т.б. қалаларда дамудың түрлі бағыттары бойынша жеті тренингке қатысып, білім алдым, көп адаммен таныстым.

5. Алғаш рет Самарқандты көрдім, қасиетті жерлерді араладым. Барлығына кеңес беремін. Содан кейін Алматы, Шымкент, Ор мен Астана маңындағы киелі жерлерге барып, күш-қуат жинадым.

6. Өзімнің 45 жасқа толған мерейтойымды әртүрлі елдерден келген жақын достарыммен бірге атап өттім. Алматыдағы әсем тауларды көрсеттім, Көк жайлауға ат басын бұрып, тау суына шомылдық.

7. Мамыр айындағы мерекелерде әдеттегідей Қазанның түбінде осымен 20-шы жыл балық ауладық. Онда біз тіршілік жоқ жерде, шатыр астында тоқтаймыз.

8. Жазғы демалыстарды балаларымызбен бірге Қазақстандағы туыстарымызбен бірге өткіздік, Гонконгтың Диснейлендінде ойнадық, Филиппиндегі Боракай аралында суға шомылдық. Суы сондайтаза әрі мөлдір! Ал желтоқсан айындағы қысқы демалыстарды Сочиде өткіздік, заманауи, ыңғайлы шаңғы шипажайында сырғанадық. Барлығына кеңес беремін!

9. Маусым айында ерлер мен әйелдерді дамытуға арналған «STELLAR» орталығы ашылды. Онда мені білімім мен тәжірибеммен бөлісуім үшін құрметті дәріскер ретінде шақырды. Үш тренинг өткіздім.

10. Әкемнің 70 жылдық мерейтойын туыстардың ортасында атап өттік. Және анам екеуін санаторийге жібердік. Себебі олардың денсаулығын күтудің ең дұрыс жолы – емдік алдын алу шараларын ұйымдастырып отыру.

11. Қараша айында жұмыс бабымен Үндістанның Делиіндегі кеңсемізде болдым. Көптен бері Әлемнің жетінші кереметі Тәж Махалды көруді армандап жүр едім. Сол арманым орындалды.

12. «Самұрық Қазына» корпоративтік университетінде холдинг қызметкерлеріне арнап дәріс оқыдым, сонымен қатар Қазақстанның бас прокуратурасында орталық басқарма мен барлық өңірлік филиалдардың қызметкерлеріне арнап, бейне-конференция өткіздім.Мұның барлығы әлемнің түрлі елдеріндегі халықаралық компаниялармен бәсекеге түсетін «Арман холдинг» компаниясындағы менің негізгі жұмысымнан тыс орын алған жайттар. 

Және менен осының барлығына қалайша уақыт табасың деп сұрағанда, мұның құпиясы – өз уақытыңды жоспарлауда және басқаруда деп жауап беремін.

Әркім өзінің қаржылық мүмкіндіктеріне қарай түрлі қызық жерлерді аралап, білім алып, таным көкжиегін кеңейте алады. Алға қойған мақсат-міндеттеріңізді жүзеге асыруда сәттілік тілеймін. 

Өздеріңізге сеніңіздер және тек алға басыңыздар! 

Бәрі өз қолдарыңызда!

Добавить комментарий