Блог

Қазақстанға «консалтинг» не үшін керек?


30.01.2014
0

Қазақстанға «консалтинг» не үшін керек?

Жақында Қазақстанда Әсет Исекешевтің басшылығымен қазақстандық консалтингті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама іске қосылды.

Соңғы бірнеше жылда Қазақстанның белсенді дамуының аясында бизнестің түрлі салаларындағы құзыреттіліктердің жетіспеушілігі айқын байқалды. Кез келген даму сарапшылықты дамытуды, немесе ол болмаған жағдайда сырттан тартуды талап етеді. Бұл ретте Қазақстандағы консалтинг нарығына жүргізілген зерттеулер кәсіпорындардың 70% консалтинг дегенді мүлдем білмейтінін, ал білетіндер үшін (ондайлар 61%) басты кедергі біліктілігі жоғары кеңесші-мамандарды іріктеудегі қиындық екенін көрсетті.Меніңше, консалтинг – бұл біріншіден, қалыптасқан жағдаятты талдап, түйткілді дұрыс анықтай білу. Екіншіден, барлық қолданыстағы сыртқы тәжірибені талдай келіп, шешім нұсқаларын ұсыну. Өзін кеңесші деп атайтындарға шектеу осы жерден келіп шығады.

Кеңесшілер жоғары деңгейде талдау, материалмен, деректермен жұмыс жасай алу қабілеттеріне ие болып, сұрақ қоя білулері тиіс. Мұнан басқа, оларда іс жүзіндегі алуан түрлі тәжірибе болуы керек, әлемдік тәжірибе болса тіптен жақсы. Ол велосипедті қайтадан ойлап таппай, біреулердің қателерін қайталамауға мүмкіндік береді. Сондықтан мен әрдайым адамның іс жүзінде қолынан не келетініне, өзінің неге қол жеткізгеніне, өзіндік тәжірибесі қандай, қалай ой топшылайды, қалай талдайтынына мән беремін.

Сондай-ақ, кеңесшілердің кеңес беретін компаниялардың ұжымдық мәдениетіне деген көзқарастарының сәйкестігі аса маңызды. Кеңесші сізге дәл сәйкесіп, сіздің мақсаттарыңызды, сіздің философияңызды түсініп тұруы тиіс. Сол кезде ол расында да сіздің біліміңізді молайтып, дәл сіздің бизнесіңізге келетін шешімдер табуға көмектеседі.

Егер мен Қазақстанда жүргізілетін бизнес үшін кеңесші таңдасам, алуан түрлі әлемдік тәжірибесі бар, халықаралық тәжірибеге қолы жететін, оны Қазақстанда қолданған, жергілікті ерекшеліктерді түсінетін, елді жақсы сезінетін адамды таңдар едім. Меніңше, бүгінде Қазақстан үшін нақты саладағы сарапшылықты дамыту бұл бірінші кезекте басқа елдерден білікті мамандарды шақыру және Қазақстандағы адамдарды өз қабілеттері мен машықтарына үйрете алатын экспат-кәсіпқойлар үшін оңтайлы жағдай жасау. Бұл көптеген елдер мен мемлекеттер тарапынан тексерілген сүрлеу. Бұған Сингапур мысал бола алады.

Консалтинг әлемнің дамыған елдерінің нарықтық инфрақұрылымындағы аса маңызды элемент болып табылады. Жалпы алғанда өзіндік дамыған консалтингтің болуы – ел экономикасының кемелдігінің және кәсіпкерлік институтының қалыптасқандығының белгісі.

Добавить комментарий