БАҚ

Қазақстандық шенеуніктердің менталитетін өзгерту керек


01.01.2015
0

Қазақстандық шенеуніктердің менталитетін өзгерту керек

Баспасөзде жиі «ауылдан шыққан миллионер» немесе «қазақтың Стив Джобсы» аталып жүрген танымал бизнесмен Серікбай Бисекеев (Arman Holding — технологиялар мен жүйелік интеграция саласындағы өндіруші әрі әлемдік көшбасшы) 2014 жылдың 31 шілдесінде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ Директорлар кеңесіне тәуелсіз директор ретінде сайланды. Осы лауазымда Бисекеев бірнеше бастама көтерді, ал жақын күндерде «Қазақстандағы кәсіпкерлік: мифтер мен ақиқат» вебинарында сөз сөйледі.

Ісін жаңадан бастағандар мен тәжірибелі «бизнес акулалары» сияқты ондаған кәсіпкерлер «Даму» қорының 16 өңірлік өкілдіктерінің әрқайсысында табысты бизнесменмен (2012 жылы Ernst & Young нұсқасы бойынша В2В санатында Ресейдің үздік кәсіпкері атанды) тілдесу үшін бас қосты. Вебинар алдында Серікбай Бисекеев баспасөзбен сұхбаттасты.

Серікбай, биыл Сіз «Даму» қорының тәуелсіз директоры атандыңыз. Бірінші кезекте не нәрсеге мән беруді жоспарлайсыз?

Кәсіпкерлер мен екінші деңгейлі банктермен сұхбаттасқанымда тап болған бастапқы түйткілдердің бірі – құжат рәсімдеудегі қағазбастылық. «Даму» өте төмен пайыздық мөлшерлемелер бойынша несиелер береді деп көп айтылады, алайда сол несиені барлық бизнесмендер ала алмайды. Банктер өтінімдерді кейде айлап қарайды, ал кәсіпкер уақыт жоғалтады, маусым өтіп кетеді. Ал кәсіпкерге шешімді «сол жерде дәл сол сәтте қабылдау керек». Егер мемлекет ақшаны «Даму» қоры арқылы бөлсе, ол «өз әніне билетуі тиіс». Ал қазір әрқайсысы өз бетімен өмір сүріп жатқан банктер «Дамудың» талаптарына құлақ асулары тиіс. Әр банк өзі қажет деп тапқан үлгіні толтыруды талап етеді. Байғұс кәсіпкер әрбір банкке келіп, қайта-қайта құжат толтыруға мәжбүр. Бір шеңбердің ішінде жүгіреді де жүреді. Мен «Дамумен» байланысты жобалар үшін бірегей өтінім шаблонын шығаруды ұсындым. Адам құжаттар пакетін бір рет дайындайды да, оны 5-6 банкке жібереді. Сол кезде қайта-қайта жүгіріп, әлденені түзетіп, өзіңді қайыршы сезінбейсің. Ал банктер екі-үш күн ішінде несиені не беретінін, не бермейтінін айтып нақты жауап береді. Немесе қанағаттандырмайды не келесі әңгімелесуге шақырады.

Шешімнің ұзақ қабылдануы немен байланысты?

Банктер жауапты 2-3 күн ішінде беруге дайын екендерін, алайда әрбір қарыз алушы бойынша мәліметтер жетіспейтінін кесе көлденең тартады. Біз қазір банктерде адамдардың несие тарихы туралы толық ақпарат болатындай банктер мен салық қызметінің ықпалдастығын ұйымдастырдық. Біз мүмкіндігінше оның жүріс-тұрыс мінездемесін де алғымыз келеді. Мысалы, адам коммуналдық қызметтер ақысын қаншалықты уақытылы төлейді, жол қозғалысын бұза ма... Егер адам өзін дұрыс ұстап, әрдайым беске оқып, барлығын уақытылы ұсынған болса, және ешқашан берешегі болмаса, оның рейтингісі бірден өседі.«Дамудың» қазір ұсынып отырғанын теңдессіз қолдау деп атауға болады. Шын мәнісінде бизнес несиелерді инфляция деңгейінен төмен мөлшерлеме бойынша ала алады. 2014 жылы ШОБ тексеруге мораторий жарияланды.

Бизнесті дамыту үшін тағы не істеу керек?

Әлемдегі осындай қорлардың жұмысына талдау жүргізіп, олардың қандай да бір оңтайлы тәжірибесін игеру керек шығар. Түркияны мысалға келтірейік. Бізге бірге бастадық. Франция немесе Англия сияқты 100-200 жыл бұрын емес, 20-30 жыл бұрын бастады... Алайда олар өз кәсіпкерлеріне өте жақсы қолдау көрсетеді. Қазақстанның тұтыну нарығы өте шағын. Бар болғаны 17 млн. Демек, экспортқа жұмыс істеу керек. Бұл үшін шағын және орта бизнес өз өнімін өндіруші үшін барлық жағдайды жасау қажет. Біз қазір тек ресурстарды саудалап отырмыз. Ал Түркия болса не істейді? Ол өз кәсіпкерлеріне: «Қазақстанда әлдене салғыларың келе ме? Мінекей, кранға, автомобильге, станоктарға, генераторға ақша... Салыңдар!» дейді. Мемлекет қаражатты пайызсыз береді. «Өз тондарыңды немесе қысқа тондарыңды сатқыларың келе ме? Біз Saks Fifth Avenue-дегі бір жылдық жалдау ақысын төлейміз. Жұмыс істеңдер!» дейді. Оның үстіне оларда мұнай да, газ да жоқ. Ал бізде бар, біз жылына 1000% тауып келдік. Алыңдар да шағын және орта бизнесті дамытыңдар. Алайда бұлай жасалған жоқ. Арада 10 жылды жоғалтып алдық.Меніңше, басқа елдерде протекционизм бойынша қандай заңдар шын мәнісінде жұмыс істейтінін анықтау керек.Туризм саласындағы жағдаятты қарайық. Президентіміз туризм қазір – ең басым сала деді. Алайда нені көріп отырмыз? «Эйр Астананың» монополиялығы басқа елдерден ұшып келуге мүмкіндік бермейді. Егер бізде Жапония, Нью-Йорк, Шанхай және басқа да қаржылық орталықтардан тікелей рейс болмаса, дамыған елдердің 30-на қалай кіреміз. Ешқандай туризм болмайды. Кәсіпкерлік те болмайды. Шетелдіктердің көпшілігі бірінен түсіп, екіншісіне мінгісі келмегендіктен, қандай да бір БК құрудан бас тартады. Осылайша біздің адамдар да онда ұша алмайды. Визалар мен көші-қон карточкаларымен байланысты қолайсыздықтар бар. Бізде бұл жоқ. Біз өмірі қорғануға тырысамыз. Жетер! Егер біз жұмыс орындарын ашып, «Эйр Астана» төлейтіннен 10 есе артық салық алғымыз келсе, бизнес құруға мүмкіндік беретін ойын ережесін жасауымыз керек. Тікелей рейстар, ашық аспан. Бұл қарапайым дүниелер, алайда біз үнемі бүркенеміз де жүреміз. Әлдекім «Эйр Астанада» жоғарыда отырғандардың бірінің үлесі бар дейді. Алайда алдымен елге не пайдалы екенін есептеу керек, жеке тұлғаның мүддесі екінші кезекте.

«Даму» бағдарламасы бойынша несие беру қаншалықты ашық?

Мені барлығы ашық, жоба қорғалмайынша банктер өз шоттарына ақша алмайды (Ұлттық қор қаражаты Ұлттық банкте сақталады), кейін ақша қарыз алушыға тікелей түседі деп сендіреді. Яғни, банк ол ақшаларды «айналдыра» алмайды.

Келесі жылы «Даму» ҰКП тығыз серіктестік құруға ниеттеніп отыр. Қалай ойлайсыз, бұл серіктестік қандай нәтиже береді?

Кез келген серіктестік жемісті болуы тиіс. Ұлттық палатаның да, «Дамудың» да өңірлік бөлімшелері бар. Егер олар қосарлама жұмысты істемеу үшін жауапкершілік аймақтарын бөліп, өзара ықпалдастық етсе, олар бір бірін лайықты толықтыра алады. Ал кәсіпкерлер өздерін қорғалған болып сезінеді және жұмыс орындарын қорықпай аша береді.

Неден қорғалады?

Жалақыны мемлекеттен алатын көптеген қазақстандық шенеуніктер жалақымен өздерін кәсіпкерлер қамтамасыз етіп отырғанын түсінбейді. Демек, салық төлеушілер жалақы беріп отыр. Шенеуніктер кәсіпкерлердің арқасында өмір сүріп, уақытылы жалақы алып отырғанын түсініп, кәсіпкерлерге артық кедергілер жасамаулары үшін мұндай менталитетті өзгерту керек.

Сіз біздің шенеуніктердің менталитетін өзгерту керек дейсіз. Мұны қалай жасауға болады? Қандай нақты қадамдар жасау керек?

Мұнда екі тарап ойнайды. Сондықтан шенеуніктердің де, кәсіпкерлердің де менталитетін өзгерту керек. Ол үшін басқа елдерде бәрі қалай болып жатқанын мысалға келтіру керек. Біз келесі жылы Түркияның, Кореяның және Сингапурдың тәжірибесін зерттеп, үздік тәжірибелерді өз жүйемізге енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл тұста кәсіпкерлердің де жақсы шетелдік тәжірибені бойға сіңіргені керек. Олардың өзіндік дәстүрлері бар. Жалпы алғанда, біз қабылдауымыз тиіс этикалық іскери нормалар көп. Егер адамға банкте белгілі бір уақытқа кездесу белгілесе, ол сол уақытта келуі тиіс. Егер ол келмесе немесе кешіксе – оған ешқашан несие бермейді, себебі оның жүріс-тұрысы бизнесменге сәйкес келмейді. Біздікілер мұндай қарапайым дүниелерге мән бермейді: «Мен әке-көкеме хабарласып, олар менімен кездесуді қайта белгілейді» дейді. Бұлай болмауы тиіс.

Қалай ойлайсыз, қазақстандық бизнеске қандай салада даму керек?

Егер ауқымды түрде қарасақ, мемлекет заңдарды оңтайлы инвестициялық климат құратындай етіп өзгертуі қажет. Бізде әзірше жақсы жеңілдіктерді тек Қазақстанға 20 млн. тартатындар алып келеді. Алайда бүкіл әлемді шағын және орта бизнес ұстап тұр. Бәлкім, біздің нарыққа орташа компаниялардың да кіруіне көмектесу үшін 10 млн немесе 5 млн енгізетіндер үшінде әлдене жасау керек шығар. Біз тек алыптарға бет бұрамыз. Алыптар – жақсы, бірақ бізде жұмыс орындары ашылуы үшін шағын және орта бизнеске де қандай да бір жеңілдіктер ұсыну керек. Оларға тиімді шарт қоюға болады ғой. Мысалы олар бізде қандай да бір кәсіпорын ашса, орташа және төменгі буын персоналы жергілікті халық, ал басқарушылар шетелдік мамандар болып, біздің елде жай жұмыс істеп қана қоймай, өздерін алмастыратын мамандар даярлауы тиіс. Осылайша, 3-5 жылдан кейін компанияда тек жергілікті мамандар жұмыс жасайды. Меніңше, бұл жерде заңдармен жүйелі түрде жұмыс істеу керек.

Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер туралы айтсақ?

Мал шаруашылығын дамытуға болады. Қазақстанның жерлері Австралия мен оған ұқсас бәсеке елдердегідей малға түрлі жайылымдарды еркін аралап, жайылымдағы отпен қоректенуге мүмкіндік береді. Бұл еттің өзіндік құнын айтарлықтай түсіреді. Біздегі жануарлар қазір қораларда тұр. Оларды ұдайы сатып алынатын құрама жеммен асырау керек. Демек, еттің өзіндік құны дереу өседі. Мал шаруаларына емін-еркін көшуге мүмкіндік берейік, сол кезде бізде бәсекеге қабілеті өнім пайда болады. Бізде мал шаруашылығымен неліктен айналысқысы келмейтіні маған түсініксіз. Ары қарай – балық мәселесі. Ол түгелдей дерлік сырттан әкелінеді. Жағдай жасап, оларды өзімізде өсіруге не кедергі. Біз өзімізді асырай алмай отырмыз. Егер импорттық өнімге қолжетімділікті жапса, аш қаламыз. Гүл де солай! Оларды бізге Голландиядан әкеледі. Голландия Алматы немесе Шымкенттен жылырақ па? Жағдай жасайық. Мұнай шығаруда ілеспе газ бөлінеді. Қазір біз оны босқа жағып, бүкіл елді улап отырмыз. Ал оны басқаша пайдалануға болады. Мысалы, ол газды жағу арқылы жылу, энергия және өсімдіктер үшін қорек – СО2 алуға болады. Қарапайым дүниелердің оң-солын танып, газды жағып отырған мұнайшыларды жылыжайлар тұрғызып, өнім өндіруге мәжбүрлейік.Демек инновацияға ұрынғанша, Қазақстан үшін қазір дәстүрлі бағытпен қозғалу әлдеқайда қисынды дейсіз ғой?Әрине, бұл жұмыс майданы бізде әлі толық игерілмеген. Инновацияға бас қою үшін бас керек. Ал бізде мұның жайы шамалы.

Кәсіпкерлік жолға енді түсуді жоспарлаушыларға қандай кеңес бере аласыз?

Алдымен өмірде жолы болған, табысты адамдардың ойларын оқу керек. Мен бизнесті бастаған 90-шы жылдарда ғаламтор болған жоқ, кітаптар мен ақпараттар жеткілікті мөлшерде болған жоқ. Қазір мұның бәрі бар. Сондықтан ежеден бастаған жөн. Оқып, барлық оң-солды талдап, керек пе, керек емес пе – түсіну керек. Барлығы кәсіпкер болып кете алмайды. Адамдардың 90% дайынбыз деп санайды. Олар тек жақсы жақтарын көреді – кәсіпкерлер жақсы тұрады, бақытты, табысты өмір сүруде... Алайда адамдарды ізінен ертіп, олар үшін көп нәрсені құрбан ету қолдарынан келе ме?

Дереккөз: Курсив

Добавить комментарий