БАҚ

Бизнестің әлеуетті мүмкіндіктері және іс жүзіндегі көрініс


13.04.2015
0

Бизнестің әлеуетті мүмкіндіктері және іс жүзіндегі көрініс

Неліктен шетелде сәтті жүзеге асырылатын жобалар Қазақстанда кері әсер әкеліп, ол аздай, мемлекет қазынасын ортайтады; елдегі екінші деңгейлі банктер неліктен мемлекеттен кепілзатсыз несие алатын артықшылықты қаржылық институттар болып қала береді, ал бизнестен ақылға сыймайтын кепілдіктер талап етеді – осы жайлы бизнесмен Серікбай БИСЕКЕЕВПЕН сөйлесеміз.

ТАМЫРСЫЗ ЖҰЛЫНҒАН ИДЕЯЛАР – Серікбай, ұсынылатын идеялардың саны бойынша – ішінде қисындысы бар, қисынсызы бар – Қазақстан алдына жан салмайды. Алайда олардың көп бөлігі жүзеге асырылмаған күйі қалып қояды. Ал дәл сол жобалар шетелде табыс әкеледі. Жақында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік мемлекеттік қызметкерлердің элиталы корпусына тек шетелдік білімің болса ғана кіруге болады деді. Сонымен қатар шенеуніктердің мансап картасын құру ұсынылды, осыған дейін әрбір мемлекеттік қызметкерге генеологиялық сызба жасау ойы болды. Мұндай бастамаларға сіздің көзқарасыңыз қандай? – Ұсынылатын идеялардың мәні прогрессивті. Тек мәселе мынада – қазақстандық бастамашылар «О, мынау халықаралық тәжірибе, алу керек!» дейді де, идеяларды қалай енгізу керектігін түсінбестен, тамырсыз жұлып алады. Оған мысал – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП). Түріктердің үлгісі бойынша құрылған қазақстандық палата оның басты қағидасын назардан тыс қалдырды – ол қызметтің ашықтығы. ҰКП жекелеген министрліктердің жекелеген өкілеттіліктерін өз мойнына алды, алайда екі мыңнан астам қызметкерді жұмысқа алу қаншалықты қажет? Сәйкес мәселелерде олар құзыретті ме? Олар бизнес-ортаға ықпал ете ала ма? ҰКП бюджетінен алынатын шығыстардың ПӘК қандай? Бұлар әзірге басы ашық мәселе болып отыр. Себебі палата жұмысының тиімділігін өлшейтін құрал айқын емес. Ал егер сіздерге заңдарды дамытатын адамдар керек болса, 20-30 заңгерді алыңыз. Олардың әрқайсысы көмекшісімен бірге нақты бағыттар бойынша кәсіпкерлер мүдделерін қорғауға жауап берсін. Немесе тағы бір мысал: осы күндері біз екінші рет қазақстандық-сингапурлық бизнес-форумды өткізіп жатырмыз. Орын таптық, кездесу ұйымдастырдық, келу-кету жолын сингапурлықтар өздері төледі. Осы тұста мен Алматыдағы ҰКП-ның филиалына отандық бизнесмендерге аудармашылар ұсынуды сұрап, жүгіндім. Себебі бизнесмендердің көпшілігі ағылшын тілін білмейді. Сонда маған оған қаражат жоқ деп жауап берді. Мен жағамды ұстадым: ҰКП бизнеске көмектесеміз деп мәлімдейді, алайда болмашы қызметтер көрсетуден бас тартады! Айтпақшы, шенеуніктердің біреуі маған сингапурлық инвесторларды елге неге сирек әкелесіз деген сұрақ қойды. Ал, Қазақстан әлі күнге дейін шетелдік инвесторлар үшін түсінікті заңнама жасаған жоқ, қауіпсіздікті, тікелей рейстерді қамтамасыз еткен жоқ, тіпті ол елдің азаматтары үшін визаны алып тастаған жоқ. Әлде біз сингапурлықтар осында тұрақтап қалады деп қорқамыз ба?.. Айтпақшы, виза туралы. Өткен жылдан бастап, 10 ел үшін виза алынып тасталды. Алайда көші-қон саясаты өзгеріссіз қалды: барлық шетелдіктер паспорттық бақылауда резиденттер мен шетелдіктерге деп бөлінген ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Ал Қазақстан азаматтары бұрынғыша келген сайын төлқұжатына келгені туралы мөртабан бастыруы тиіс. Ал шетелде мұны қойғалы қашан. «Өзінің» жолаушылары елге оралғаннан кейін төлқұжаттарын екі секундқа сканерден өткізеді. Мен мұндай жүйені бізде де енгізуде ұсындым. Алайда біздің шекарашылар мен басқа да қызметтер жаңа технологияларды емес, қағазбастылықты құп көреді...Технологиялар туралы айттық қой: біздің форумның аясында бизнесмендер «Даму» қорының өңірлік филиалдарында онлайн-режим арқылы сингапурлық әріптестеріне тікелей сұрақтар қоя алады. Бұл Алматы мен Астанаға жол жүру шығындарынан құтқарады. 10 ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ҚҰР СӨЗ – Айтпақшы, «Даму» демекші, сіз өткен жылдан бастап қорда тәуелсіз директор болып табыласыз. Осы қызметте жұмыс жасаған уақыт ішінде қандай қорытындыларға келдіңіз? – Көптеген мәселелер өте ұзақ шешіледі. Мысалы, несие алу мәселелерінде кәсіпкерлер бұрынғыша қол жайып жүр. Банктер несие алу үшін ойға қонымды және қонбайтын талаптар қояды. Мен несие алуға өтініштің бірыңғай стандартты үлгісінен бастап, барлық бизнес субъектілері үшін қарапайым жағдай жасауды ұсынамын. Кәсіпкер үлгіні толтырады, «Даму» оған үтір-нүктесіне дейін дұрыс қоюға көмектеседі, және әлгі өтінім бірыңғай порталға салынады, ал банктер оны үш күн ішінде қарайды. Немесе басқа мәселе: 10 жыл бойы Қазақстан Алматыны қаржы орталығы ету туралы сөз етіп келеді. Жақында президент осыны тағы да еске салды. Бұл жобаны жүзеге асыруда асқан қиыншылық жоқ: таза аймақтан 10 да 10 км аумақ құрыңыз, инвесторларға Сингапурдағыдан жақсырақ жағдай жасаңыз. Кез келген корпорация келіп, сонда халықаралық құқық бойынша өмір сүре алатындай болсын. – Болашақ қаржылық орталық – Алматы үшін бөлек заңнама жазу ұсынылған болатын... – Қайтадан велосипед ойлап тауып, қисынды ойды контексттен тамырсыз жұлып алмау үшін бұл арнайы экономикалық аймаққа ағылшын құқығын қолдануға болады. Ол әлемнің офшорларында сәтті жұмыс істеуде. Сол кезде инвесторлар бізге емес, біз инвесторларға өз шарттарымызды қоя аламыз. Айтпақшы, мен қандай да бір бастамамен шыққан кезде «саған мұның не керегі бар?» дегенді жиі естимін. Кейбір қызметкерлер көпшілігінің сияқты менің де, «адал ниеттілігімнің бағасы» бар деп санайды. Олар қателеседі – қуанышқа орай, бұл әлемде барлығы ақшамен өлшенбейді. – Сіз отандық банктердің артықшылықты жағдайы мен бизнестің кіріптар дәрежесі туралы айттыңыз. Қалай ойлайсыз, кәсіпкерлік несиелендіру үшін аса жоғары пайыздар бойынша жағдайды өзгертуге бола ма? – Ол үшін Америка немесе Еуропадағыдай ақшамен қанығу керек. Ал бұл инвесторларға байланысты. Елге келетін инвесторлар саны артқан кезде ақшалай үлес те көбейеді, бәсекелестік пен сәйкесінше табыстар өседі – сол кезде бірде бір банк бизнес арқылы жылына 10–20 % табыс таба алмайды. Ал қаржылық институттар бизнесті 2% болсын, несиелендіру мүмкіндігін іздейді. Демек, қазіргідей емес, бүкіл әлемдегідей банктер бизнесмендердің артынан жүгіретін болады. ӨЗГЕНІҢ ЕРЕЖЕЛЕРІМЕН ЖҮРУ – Республикада АЭС және төртінші МӨЗ салмақшы. Бұл тақырып сіздің компанияңызға жақын. Осы жобаларға қатысуға байланысты жоспарларыңыз бар ма? – 5 жылдан кейін АЭС те, МӨЗ де ешкімге керек болмай қалады. Қазақстандық шенеуніктер маған сенбейді, неге екені түсінікті: оларға бюджетті ары қарай «игере» беру керек қой. Ал көп ұзамай, машиналар күн энергиясымен, газбен және сутекті отынмен жүретін болады. Ендеше жаңа МӨЗ-ге ақша құртып не керек? Жаңартылатын қуат көздерін дамытып, осы бағыт бойынша басқа елдердің тәжірибесін алу қисындырақ. – Еуразиялық экономикалық одақта бірыңғай валюта енгізу мәселесі де белсенді талқылануда. Оған қатысты Сіздің пікріңіз қандай? – Егер табысты ел болғыңыз келсе – бірыңғай валютаға бас сұқпаңыз. Еуроның жағдайы не болып жатқанын көріп отырмыз. Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай валютасын да жақсы нәрсе күтіп тұрған жоқ. Егер біз Алматыдан қаржы орталығын құруды жоспарласақ, бізге әлдеқайда икемді, мемлекетке қаржылық саясат бойынша өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік беретін өзіндік валюта керек. Бірыңғай валюта енгізілген жағдайда бізге билек айтып, шешім қабылдайтын барлық одақ мүшелері болады. Сол кезде біз икемділігіміз бен бәсекеге қабілеттілігімізден айырыламыз. Айтпақшы, Ресейге қатысты батыстық санкциялар аясында (меніңше олар тек күшейе түседі) Қазақстан үшін қолда бар өндірісті дамытып, солтүстіктегі көршіге өнім жеткізу арқылы жаңа өндірістер ашатын тамаша мүмкіндік бар. Мұнан басқа, Ресейді инвесторлар тастап қашып жатқан кезде, біздерге инвесторларды тарту үшін таптырмайтын уақыт. Негізгі материалға сілтеме: Мегаполис

Добавить комментарий